• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2015

Халқымның несібесі мол болсын

343 рет
көрсетілді

Күннен күн озып, ол апта-айды, ай жылды құрайды. Осылайша жыл он екі ай айналып, уақыт алға жылжи береді. Міне, зырғыған уақытпен ілесіп, әп дегенше тағы бір жылды артқа тастап отырмыз. Халықаралық қалыптасқан Жаңа жыл тағы да есік ашып енді. Осы түсінікпен айтсақ, қой жылы да табалдырықтан атта­ды. Қой қазақ халқымен бірге жа­сап келе жатқан төрт түлігінің бірі ғой. Аталарымыздың ішсе – асы, кисе – киімі болған жануар. «Қой баласын сүйеді қоңырым деп, ешнәрсені білмейтін момыным деп», «Қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заман» деген секілді хал­қы­мыздың ауыз әдебиетінде кездесетін тіркестердің өзі сайын далада шаруасын баққан қазақтың жаугершіліксіз, тыныш, бейбіт өмірді қалайтынын айтып тұрғандай сезіледі маған. Қой жылы халқымыз Алладан бақ-дәулет, тыныш өмір тілейді. Жаңа жылдан менің де тілегім осы – ал­дымен бейбітшілік болсын. Қа­зіргі компьютер заманында жақ­сы хабар да, жаман хабар да сүт пісі­рім уақыттың ішінде әлемнің бар түкпіріне тарап жатыр. Өркениеттің барлық кереметін көріп отырмыз, дегенмен, адамзат ойлап-тапқан жаңалығының барлығы да өзінің жақсылығына қызмет етсе екен деп тілеймін. Жер бетіндегі адамдар үшін бейбіт күннен артық қандай жақ­сылық болушы еді? Әкелеріміз соғысты көрді, сол соғыста шейіт бол­ғандар қаншама, ауылға мүгедек бо­лып оралғандар, жарақатынан азап шегіп қаза болғандар қаншама еді? Мен де соғыс жарақаты жаны­на батқан майдангердің қызы едім. Ал қазір өркениетті заманда Ук­раи­надағы берекесіз жағдайды қалай түсінуге болады? Дәстүрі, салты, өнері әдемі халықтың тоз-тозы шы­­ғып жатыр. Алладан халқы­ма ты­ныштық тілеймін, сондай қиын­шылықты біздің халқымыз көрмесін. Онсыз да «мың өліп, мың тірілген» қазақтың көрген құқайы аз емес қой. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымын ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сөзінің басы етіп айтып отырады. Соған ризамын. Әдетте, жылдың барлығы бірдей шаруаға қолайлы бола бермейді. Күз жауынды болып, астық кеш орылатын жылдарды бастан талай өткердік. Былтырғы жыл диқанға жеңіл болмады. Жаздың қуаңшылық, күздің жауынды болуы себепті қостанайлық диқандар егінді қар түскенде де орды. Бұл ауылдағылар үшін мехнаты көп, шығынды бейнет болды. Ылғалы мол астықты осы күнге дейін кептіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, шүкір, аш отырған ешкім жоқ, барлығының да тілейтіні тыныш өмір. Осы көктемнен барлығымыздың да үмітіміз мол. Өткен жыл да жалпы елімізге жаман болған жоқ. Жақында қоры­тын­дыланған Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму мем­­лекеттік бағдарламасының ал­­ғашқы бесжылдығы аясында өн­діріс адымдап дамыды. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бүгінгі күннің жоспарындай сезіледі. Биыл ауыл шаруашылығы дамып, ауылға басым көңіл бөлінсе деген тілек бар. Ауыл – тамырымыз, ауыл – тірегіміз. Қалалар дамысын, бірақ ауыл­дан қол үзуге болмайды. Маң­дайын күн қақтаған, қолы күстенген ауылдастарымды ойлап отырамын. Елді мекендердегі тасжол жөн­делсе, газ, су құбырлары тартыл­са, үйлер көбірек салынса екен. Жағдай жасалса, оқу бітірген жастар ауылға барғысы-ақ келеді. Өзім бүкіл саналы ғұмырымды ауылда өткізіп, ауыл шаруашылығында еңбек еткен соң, ауылға алаңдап отырамын. Ауыл шаруашылығы көтерілсе, ондағы өзекті мәселелер шешімін тапса деген тілегім бар. Халқымның ырыс-несібесі құтая берсін. Жаңа жыл еліміз үшін жақсы, мерекелі, берекелі жыл болады деп білемін. Бейбіт өмірдің негізі қа­ланған елімізді көзге басқаша елес­тету де мүмкін емес. Алдымен Қазақстандағы ұлт пен ұлыстардың тату-тәтті өміріне, жұмылған жұды­рықтай бірлігінге көз тимесін деңіз. Оны өзім күнделікті тіршілікте көріп-біліп отырмын. Еліміз Консти­туциясының, Қазақстан халқы Ас­самблеясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жыл­дығын атап өтеміз. Мұндай маз­мұнды, маңызды мерекелер жас ұр­пақты патриотизмге, елін сүюге тәр­биелейді, рухани байытады, ха­лық арасындағы бірлікті, достықты ны­­ғайтады. Бірлік болса, тірлік бола­ды. Бар адамның, бар ананың тілегі осы. Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. ҚОСТАНАЙ.