• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2015

Келер ұрпаққа амандық, келешекке кемелдік тілеймін!

684 рет
көрсетілді

Қытай жеріне барған, текті жерден шыққан Айтмұханбет деген ағамыз: «Жас тоқсанда, көз көрмейді, құлақ естімейді. Орнымнан үш ұмтылып әрең тұрамын» деген екен. Ол қажыға барған бидің баласы еді, соғысқа қатыспаған, аяғын бермеген. Ал менің бір аяғым соғыста қалды. Екінші аяғым қатты жараланды. Сөйтіп жүрсем де жалғыз аяқпен жер басқаныма тәубе деп, колхозда 35 жыл жұмыс істедім. Мұны өзімше батылдық деп ойлаймын. Менің аяғымнан айырылып, І топтағы мүгедек болғаныма жетпіс жыл толса, биыл Ұлы Жеңіске де 70 жыл толады. Әкем Кітапбай 1898 жылы туып, 1954 жылы дүниеден өтті. Алтайдың атақты жылқышысы, атбегісі еді. 1932 жылдың көктемінде колхозда 800 жылқы болған. Қытайға айдап кетті, өкімет алып қойды, күзде 218 жылқы ғана қалыпты. Осы жылқыны қабылдап алған әкеміз 1942 жылы соғысқа аттанғанша мыңға жеткізді. Соғыста үш жарым жыл болды. Келген соң екі жарым мыңға жеткізді. Анамыз – Мәлике 1950 жылы 45 жасында қайтыс болды. Асқан қымызшы, еңбекқор, қайырымы мен мейірімі өз балаларына да, бүкіл ауылына да мол жеткен ана еді. Ері жауға кеткенде 4 жыл Алтайдың ақ қар, көк мұзында колхоздың мың жылқысын баққызып, өсірді. Нағашы әжем Қатипа Сүйменбетқызы 1883 жылы туып, 1966 жылы қайтты. «Жақын жатыр жаныңда алып анаң, Жалғыз ұлы жауда өлген ғаріп анаң, Нұржақып, Жақам менің, жан нағашым, Жігіттің арыстаны ең, жетпес бағаң!» деп жаздым. Жалғыз нағашым, шешемнің жалғыз бауыры Жақам ауырып қалғанда шешесіне: «Апа, мен 35 жасқа келдім. Үш балам бар. Әйелім – екіқабат. Қарақұрсақ бос жатпайды ғой. Ол да бірдеңе табар. Алла тағалаға екі тілек, екі ниет сыймайды деген. Бір-ақ тілекті Алла тағала шын сұрағанда береді екен. Апа, мені тілеме, 18-ге толмай соғысқа кеткен Бошайды тіле!» депті. Балуан денелі Жақамның осы сөзін есіме алсам жылағым келеді. Сондықтан мемлекетіміз бейбіт­шілікте болып, алға қарай дами берсін дегім келеді. Әрдайым рухымыз биік болсын! Әйелім университеттің орыс бөлімін қызыл дипломмен бітіріп, колхоз балаларын 40 жыл оқытты. Оқу ісінің үздігі. Үш жыл бойы хат алысып, 1959 жылы үйленгенбіз. Екеуміз қосылғалы 60 жылдан асты. Кейде «осы сен қай елсің, сүйегің қайсы?» деп сұрайтыным бар. Сөйтсем, ренжіп қалады. Сіздерге біздің жасымызды берсін! Баяғыда Нұрмолда Алдабергеновтің басқарған колхозына ауыспақ болып, Алтайда 18 жыл істеген колхозыммен ќоштастым. Осы кезде молдалық құрған, жасы 93-ке келген ауылдасым әрі ағайыным болып келетін Құлмұхамед есімді ақсақал: «Қарағым, қош-есен бол, кеттің көшіп, Бастық болдың 18 жыл, желдей есіп. Алдыңнан Қыдыр шығып, қарсы алсын, Аман жүр ол жерде де бағың өсіп», – деп маған бір шумақ өлең жазған еді. Әрқашан жолдасыңыз Қыдыр болсын! Биыл тоқсанның екеуіне шықтым. Көңілімді сұрай келген адам «сүйегіңіз мықты» дейді. Шешем жарықтық мені бес жасыма дейін емізіпті. Өзімнен кейінгі қарындасым екеуміздің арамызда шешем екі рет түсік жасап, омырауынан сүт шыға берген соң мені емізе берген екен. Ананың сүтінің әсері болар, осы жасқа жеттім. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаған адаммын. Тәуелсіздіктің арайлы таңын көргенім үшін Жаратқанға ризамын! Қазақстанымыздың азаттығы баянды болсын, тәуелсіз еліміз кемелдене берсін! Сендер, келер ұрпақ, аман болыңдар, аман жүріңдер! Бошай КІТАПБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. ӨСКЕМЕН.