Қырғызстанның бас шаһары Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекенің соңғы медальдарын грек-рим күресі шеберлері сарапқа салды. Аталған жарысты Қазақстанның ұлттық құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола медальмен қорытындылады.
Жарыстың алғашқы күні Ержет Жарылқасын қазақ жанкүйерлерін қуантты. 63 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен 23 жастағы жамбылдық балуан осыдан екі жыл бұрын Бішкекте ұйымдастырылған жастардың Азия біріншілігінде қола медальды мойнына ілген еді. Қандасымыздың одан басқа ауыз толтырып айтарлықтай табысы жоқ. Есесіне осы жолы Ержет ерледі. Алатаудың бөктерінде қазақ жігіті Жарылқасын Докунг Юнг (Оңтүстік Корея), Раян Хавсави (Сауд Арабиясы), Чан Ким (Солтүстік Корея) және Аята Сузукиге (Жапония) сан соқтырып, сары құрлықтың теңдессізі деп танылды.
Бастапқы бәсекелерде Ли Сеунгван (Оңтүстік Корея) мен Рахимжон Озоковтың (Өзбекстан) аяғын көктен келтірген Нұрсұлтан Тұрсыновтың шешуші тұста Иранның мықтысы Нассер Әлизадеге әлі жетпеді. Осылайша, ол 87 кг салмақта сынға түскен сайыпқырандар арасында күміс медальды қанағат тұтты. Бұл – Тұрсыновтың Азия чемпионатында бесінші рет жеңіс тұғырына көтерілуі. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Нұрсұлтан бас жүлдені олжаласа, 2015 пен 2023 жылдары күміспен күптелді. Ал 2022 жылы қолаға қол созды.
Былтыр Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында еліміздің «классиктері» арасынан жалғыз Ибрагим Магомадов қана алтын тұғырға көтерілген еді. Ол кезде отандасымыз 72 кг салмақта өнер көрсетті. Биыл ол олимпиадалық салмаққа ауысты. Ибрагимнің Бішкектегі өнері өте жақсы әсер қалдырды. Жартылай финалда 34 жастағы сақа спортшының жолы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі және Азияның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Ақжол Махмұдовпен қиысты. Екеуі әбден тіресті. Біраз уақыт бойы Магомадов 3:1 есебімен алда келе жатты. Бірақ атағы алысқа жайылған қырғыз балуанының ығына жығылған төреші бәсекенің аяқталуына небәрі 20 секунд қалғанда Ибрагимді төрттағанға қойды. Сол мезетте Ақжол таразы басын теңселтіп кетті. Одан кейін Қарағанды күрес мектебінің түлегі қола медаль үшін тартыста ирандық Әмір Әли Әбдиден айласын асырып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Нұрзат Қабдырақымов (55 кг), Евгений Поливадов (82 кг) және Мансұр Шадукаев (130 кг) үшін аталған жарыс сәтсіз аяқталды. Бұл балуандардың бойынан жеңіске деген жігер мен құлшынысты байқай алмадық.
Жарыстың соңғы күні жерлестеріміздің арасынан Юсуф Мациевтің ғана финалға шығуға күш-жігері жетті. 97 кг салмақ дәрежесінде күрескен Қостанайдың көкжалы Амангелді Ағамәмедов (Түрікменстан), Бексұлтан Махмұдов (Қырғызстан) және Хоужи Хаоны (Қытай) жолынан ығыстырып, финалда Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Мохаммадхади Саравимен (Иран) арпалысты. Бұл бәсеке Парсы пехлеванының пайдасына шешілді. Ғалым Қабдунасаров (60 кг), Алматбек Аманбек (63 кг) және Әділхан Сатаев (72 кг) үшінші орын үшін таласты. Үшеуі де шешуші тұста оңбай сүрінді. Ғалым әлем мен Азия біріншілігінің қола жүлдегері Цаог Лиго (Қытай), Алматбек былтыр Азия ойындары мен құрлық чемпионатында үздік үштіктің қатарынан көрінген Чунг Хан Чжен (Оңтүстік Корея) және Әділхан Джи Ленгтің (Қытай) алдында дәрменсіздік танытты.
Жүлделердің саны мен сапасы жағынан жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы (4+3+2) көш бастады. Екінші орында – Жапония (3+2+1). Үшінші және төртінші сатыларға Қырғызстан (1+2+3) мен Қазақстан (1+2+1) жайғасты. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Солтүстік Корея (1+0+1), Оңтүстік Корея (0+1+2), Қытай (0+0+5), Өзбекстан (0+0+4) және Ирактың (0+0+1) спортшылары бар.
Енді сары құрлықтың ең үздік балуандары 19–21 сәуір аралығында дәл сол Бішкекте өтетін лицензиялық турнирде күш сынасады. Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарының жүлделері сарапқа салынатын жарыста Қазақ елі намысын мына балуандар қорғайды:
Грек-рим күресі: Айдос Сұлтанғали (60 кг), Мейіржан Шермаханбет (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Олжас Сырлыбай (97 кг) және Әлімхан Сыздықов (130 кг).
Еркін күрес: Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг), Майыс Әлиев (65 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кг).
Әйелдер күресі: Лаура Ғаниқызы (50 кг), Жұлдыз Ешімова (53 кг), Эмма Тисина (57 кг), Ирина Кузнецова (62 кг), Елена Шалыгина (68 кг) және Жәмила Бақбергенова (76 кг).