Ақкөл-Жайылма алқабы мен Ақтоғай ауданының қырдағы халқы былтырдан бері әділдік іздеп, талай мекеменің табанын тоздырып келеді. Өлеңті өзенін көршілес Ерейментау ауданының «Айдар» шаруашылығы бөгеп тастап, 80-ге жуық шаруа қожалығын зар қақсатып отыр. Алайда су шаруашылығына жауапты министрлік пен саланың жергілікті ұйымдары аталған мәселені шешуге қауқарсыз. Жұртшылық мұны мал өсіріп отырған ағайынға қолдан жасалған қастандық деп бағалайды.
Газетіміздің осыдан жыл бұрынғы нөмірінде «Ақкөл-Жайылмаға қауіп төніп тұр» деген атаумен мақала жарық көрген еді. Сонда айтылған көпшіліктің мәселесі осы уақытқа дейін шешімін таппаған. Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Ақмола облысы Ерейментау ауданының жеке кәсіпкері Айдар Нығметов Өлеңті өзенінің жоғары ағысындағы ескі бөгетті су ақпастай етіп бекітіп, Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының қыр бөлігіндегі шаруаларды несібесінен айырып отыр. Ауылдық әкімдік бөгетті 2022 жылы ашық аукционға шығарып, оны «Айдар» ШҚ сатып алған. Енді Қарағанды жақтан өзенді бойлап ағып келетін мол суды шаруашылық жалғыз өзі иеленіп, мал бордақылайтын фермаларын дамытпақ. Ал Ақкөл-Жайылма атырабына жылдағыдай су жетпесе, жергілікті фауна мен флораға адам айтқысыз экологиялық қауіп төнеді.
Әлгі шаруашылық өз дегеніне жетіп, былтыр көктемде мол судың ырыздығы Павлодар жаққа өтпей қалды. Салдарынан Екібастұздағы Ақкөл-Жайылма өңірі мен Ақтоғай ауданының қырдағы ауылдары жазда тіршілік нәрінсіз қалып, жайылымдар мен шабындықтар табиғи апатқа ұшырады. Айнала ақ тақырға айналып, шабындықтар қурап қалды. Былтыр қуаңшылық қос өкпеден қысқан уақытта мал азығы бұл өңірде қасқалдақтың қанындай қат болып, ал оның бағасы көз ілеспес жылдамдықпен қымбаттағанын көз көрді. Шаруашылықтар шөп шабатын жер таппай қиналды. Абырой болғанда бұл өлкеде қыс жайлы өтіп, төрт түлік жұтқа іліккен жоқ. Теріскейден боран соғып, қар қалың түссе, аз ғана азық қамдаған отбасылардың малы тұтасымен шығынға ұшырайтыны анық еді.
Осы бір сүреңсіз жағдай биыл тағы қайталанатындай. Себебі Өлеңті ауылдық округіндегі «Айдар» ШҚ басшысы «өлмесе, өмірем қапсын» деп ойлады ма екен, павлодарлық фермерлерді тағы да шөміштен қағып отыр. 2022 жылы тас қамалдай етіп салынған бөгет биыл да ашылмады. Ал Қарағанды жақтан Өлеңті өзенінің арнасымен мол су үсті-үстіне келіп жатыр. Бөгеттің бергі жағына қарасаңыз, кішкене ғана құбырдан жыламсырап ағып тұрған болмашы суды ғана көрер едіңіз. Жылдамдығы секундына небәрі 1-2 текше метр су өзеннің төменгі жағына кетпек түгілі, жолай жерге сіңіп жоғалып жатыр.
Социалистік Еңбек ері, Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Бөкен Қызғарин ақмолалық кәсіпкердің бұл қылығына қатты қынжылып отыр.
– Қарағым, мынау Екібастұз ауылдық округі түгелдей Өлеңтінің суына тәуелдіміз. Аумақта Тай, Көксиыр, Талдықамыс, Қаражар ауылдарының өзінде 40-қа тарта шаруа қожалығы бар. Солардың барлығы жыл сайын осы Өлеңтінің тасығанын күтіп, жазда жайылмаларынан шөп шауып келді. Бұл үрдіс, міне, екі жылдан үзілді. Оның үстіне Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл бастаған 9 көл де (Әулиекөл, Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы) осы өзен арқылы көктемде ағып келетін мол суға тәуелді. Жергілікті тұрғындар ел-жұрттың күретамырына айналған Өлеңтінің суын бөгемеуді сұрап отыр. Сәуір айының ортасына таман Өлеңтінің арнасына сыймай аққан мол су сай-саланы толтырып, өзен бойын ен жайлаған ауылдардың берекесін кіргізеді. Айналаның бәрі жарқыраған суға айналып, құстар қиқулап, жан-жануар асыр салып, абыр-сабыр болып жатады. Ежелден жалғасқан осы бір табиғи үрдіс ғасырлар бойы қалпын бұзбай, өңірдің Ақкөл-Жайылма аталуы да содан. Тасыған су атырапта бір-екі апта тұрақтаса жетіп жатыр, айнала жасыл шалғынға бөленіп, жайылымдар мен шабындықтар жеткілікті ылғал тартып үлгереді. Енді, міне, бір ғана шаруашылықтың пайдасы үшін қаншама адам бейнет шекпекші. Бұлай жалғаса берсе, малына азық таппаған елдің жағдайы қиындайды, – деп мұңын шақты ақсақал.
Жуықта өңірдің азаматтары Өлеңті округіне топтанып барып, өзеннің жоғары жағынан ағып келіп, бөгетке тірелетін мол судың қайда кетіп жатқанын анықтаған. Айтуынша, төменгі жаққа жіберілмеген тіршілік нәрі айдалаға ағып, сортаң жердегі Ойнақ көліне құйылып жатыр. Ол жер – жазда құрғап қалатын, берекесіз аумақ. Ал «Айдар» ШҚ көпжылдық шөп өсірмекші болған 1 мың гектар жерге қажет су онсыз да жеткілікті деп есептейді тұрғындар.
«Халқымыздың «Қас екенін қабағынан таны, сараң екенін табағынан таны» деген нақылы бар. Мынау көрші жатқан облыс кәсіпкерінің қылығы арқамызға аяздай батады. Тек біздің өңір емес, өз облысындағы Ажы, Қойтас ауылдарына су жеткізбей, зар қақсатып жатыр. Осы бөгеттің кесірінен кейінгі екі жылда Өлеңтінің төменгі ағысы мүлде құрғап қалды. Осыдан бірер күн бұрын бөгетке барып, елді азаматтары дрон ұшырып, айналаны бейнежазбаға түсірді. Сонда байқағанымыз су тақыр далаға босқа ағып кетіп жатыр. Өлеңті өзені талай жылдар бойы Ерейментау ауданы мен біздің Ақкөл-Жайылманы жарылқап тұрған. 2017-2018 жылдары өзен қатты тасығанда арна арқылы 15-20 млрд текше метрдей су келді. Ол су Шідерті өзеніне дейін барып құйылғанына куә болғанбыз. Былтыр Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Екібастұзға келгенде бір топ шаруашылық басшылары проблеманы жайып салып, көмектесуді өтінген. Министр бұл жағдайды әділетсіз, тіпті заңға қайшы әрекет санайтынын айтып, жауапты мекемелер айналысып, түпкілікті шешіп беретінін уәде еткен. Алайда ол министрлік кейін екіге бөлініп, ал З.Сүлейменованың өзі қызметінен кетті. Бізде министрлер ауысса, барлық мәселе сонымен суға ағып кететіндей. Бұл аумақтағы шабындықтар болмаса, халық өмір сүре алмайтыны әмбеге аян. Осы төңіректе тұратын 3 мыңнан аса адам 15 мың қара малға, 10 мыңнан аса ұсақ малға шөпті сол жерлерден шауып алады. Сондықтан бөгет бұзылуы керек немесе ондағы шлюздер талапқа сай етіп қайта салынуы керек», деп өз ойымен бөлісті ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері Мырзағали Ерғалиев.
Айтпақшы, былтыр бұл мәселеге депутаттар мен қоғам белсенділері де араласып, мәселені шешуге тырысып көрген. Алайда «Айдар» ШҚ-ның барлық құжаты дұрыс болып шықты. Өлеңті ауылдық округінің әкімі Алмагүл Мұстафина әлгі жерде бұрын ескі гидротехникалық құрылыс болғанын, оны ауыл әкімдігі 2022 жылы аукцион арқылы аталған шаруашылыққа 8,9 млн теңгеге сатып жібергенін мәлімдеді. Әкімнің ойынша, бұл – стратегиялық нысан емес, Азаматтық кодекстің 242-бабында мұндай құрылыстар су сақтау орны ретінде көрсетілген. Ал бөгет 1976 жылы салынған. Кезінде шлюзі, 7-8 тармағы болған. Ауылдар оны жерді шалғындандыру мақсатында пайдаланған. Кейін талқандалып, жарамай қалған. Есесіне мол су еш бөгетсіз төменгі жаққа ағып отырған. «Айдар» ШҚ бөгетті қалпына келтірерде төменгі ағыста орналасқан ауылдардың халқымен мүлде келісімге де келмепті. Тіпті Ойнақ көліне судың текке ағып кетпеуі үшін дұрыс бөгет те тұрғызбаған.
Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраевтың сөзінше, жобада бетондалған шлюзі бар, құбырының ішіне жеңіл машина сыйып кететіндей бөгет болады деп көрсетілгенімен, сайып келгенде диаметрі 100 мм-лік құбыры ғана бар топырақ қабырға пайда болған. Биіктігі 3-4 метр, ені бірнеше жүк көлігі қатар жүріп өтерліктей бөгеттен өзен суы қанша мол жиналса да өте алмайды дейді. Жергілікті әкімдіктің бұл шалыс қадамы ағыстың төменгі жағында орналасқан Павлодар өңірінің ауылдарына және Ақмола облысында орналасқан елді мекендердің дамуына экологиялық тұрғыдан апаттық жағдай тудырып тұр.
«Негізі Өлеңті өзені Қарағанды жақтан басталып, оның ұзындығы Ақмола облысында – 91, ал Павлодар облысында 170 километрден асады. Көктемде тасып аққанда Павлодар аумағында ол әуелі Әулиекөлді толтырып, су мол болған жылдары Шідертімен қосылып 100 километр жердегі Шығанаққа дейін ағып барады. Ал әр көктемде Шідерті өзені арқылы Сәтбаев арнасынан босатылатын су бұл аумаққа мүлде келмейді. Өлеңтіден өзге артериялық су көзі жоқ. Сондықтан кәсіпкер реттелетін шлюз жасауы керек. Қазіргі қойған шлюздері мүлде жарамайды. Өзеннің негізгі арнасына қойылған шлюз тым биікте, қалғандарын шөп-шалаң басып қалған», дейді Ж.Ибраев.
Мәселенің ізімен Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясына хабарластық. Басшының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың сөзінше, «Айдар» ШҚ-да барлық қажетті құжат, жер учаскесіне жекеменшік құқығына арналған акті, техникалық құжат, жергілікті жер пайдалану мекемелерінің рұқсаты, аукционда әділ сатып алғаны туралы анықтама қағазы бар. Яғни заң тұрғысынан бәрі дұрыс.
– Су саласын реттеу саласында 20 жылдай еңбек етіп келемін. Мұндай күрделі мәселеге өмірімде бірінші рет ұшырасып отырмын. Бөгеттің жалпы ұзындығы бір шақырымдай, өзеннің ағысы орналасқан жерде ешбір шлюз жоқ. Тек өте жоғары деңгейде құбыр ғана орналасқан. Одан су өте алмайды. Ал шалғайда орналасқан шлюздан су аз көлемде ғана ағып келетін сияқты. Бірақ біз ол бөгетті бұзып тастай алмаймыз, бұл – жекеменшіктің иелігінде тұрған нысан. Қолданыстағы заң оған мүмкіндік бермейді. Әрине, шырылдап отырған шаруаларға көмектескіміз келеді. Бірақ бұл мәселені сот қана шеше алады. Яғни соттың күшімен Өлеңті ауылдық округі әкімінің әуел бастағы аукцион өткізу туралы шешімінің күшін жою керек. Сонда барып қана біз мәселеге араласа аламыз, – деп мойындады маман.
Қазір бұл келеңсіздікке Мәжіліс депутаттарының да назар аудара бастағаны байқалады. Депутат Нұржан Әшімбетов шаруалардың шағымы бойынша Су ресурстары және ирригацция министрлігіне, сондай-ақ Ақмола облысының әкімдігі мен прокуратураға депутаттық сұраныс жасағанын жеткізді. Алайда Павлодар облысы билігі тарапынан ешбір қозғалыс байқалмайтынына өкпе білдірді. Оның пікірінше, бұл істе оң шешім шығару үшін бірлескен іс-қимыл ауадай қажет.
Өлеңтінің арнасында бүгінде Ертіс өзенінің бойындағыдай гидробекеттер де жоқ. Соған орай төменгі ағысқа қанша шаршы шақырым су ағып өтетінін шамалау қиын дейді мамандар. Сондықтан ел-жұрты алаңдатқан түйткілдің түйінін тарқату өте өзекті болып отыр.
Павлодар облысы,
Ақкөл-Жайылма алқабы