Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық – кең тараған жат қылық. Оған физикалық, психологиялық, экономикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық жатады. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жазаға тарту мәселесі қашанда қоғам назарында.
Әрбір үшінші отбасына тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері болып жатыр. Мұндай статистикалық мәліметтер, отбасы ісі жөніндегі сарапшылардың пікірі, петиция, митингтермен дәлелденіп, дәйектеліп отырды. Қабылданған заң – адамдардың құқықтары мен еркіндігін қорғауға әрі мемлекетті демократияландыруға бағытталған қадам.
Еліміздің 12 өңірінде 19 дағдарыс орталығы бар. Орталықтың негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл салада 25 жылдан бері қызмет етіп келемін. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі» заңының құрылуына біз де қатысып, жұмыс тобында болдық. Енді заң аясында отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелге немесе балаға қол көтеріп, күш жұмсау әкімшілік істен қылмыстық іске көшірілді. Егер қылмыстық іс қозғалса, онда зорлық көрсетуші бас бостандығынан айырылады, оған айыппұл салынады. Осы тұрғыда зорлық көрсетушіге айыппұл емес, оны сотталу мерзіміне басымдық берілгені дұрыс болды. Себебі бұл отбасылық қаржыға да байланысты.
Сондай-ақ құжат негізінде соттың шешімімен зорлық көрсетуші адамдар психологиялық коррекциядан өтуі мүмкін. Заң аясындағы бұл тәжірибенің қалай іске асырылатынын бақылайтын боламыз. Дағдарыс орталықтарында отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге психологиялық көмек пен білікті заңгерлер кеңес береді. Орталықта қажетті барлық көмек көзі қарастырылады. Орталық соңғы 5 жылда осы мәселе аясында арнайы сараптама мен мониторинг жүргізеді. Дағдарыс орталықтары ауыл тұрғындарымен де етене байланысып, оларға да көмек көрсете алады.
Зүлфия БАЙСАҚОВА,
Дағдарыс орталықтары одағының басшысы