• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2015

Өскеменде жаңа жыл мерекесіне орай жәрмеңке ұйымдастырылды

309 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 1 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысы басшылығының ұйытқы болуымен Өскемендегі «Фрэш маркет» фермерлік гастрономының жанында Тарбағатай ауданының азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Мал шаруашылығымен әйгілі тарбағатайлықтар жәрмеңкеге 47 бас ірі қара, 83 бас қой, 1 түйенің етін әкелген екен. Сондай-ақ, Зайсан көлінен Тұғыл ауылының тұрғындары аулаған бір жарым тонна балық жеткізілді. Оның сыртында 50 литр қымыз, 50 килодан астам сары май, құрт-ірімшік, айран сияқты сүт өнімдері де сөреге қойылды. Айта кеткен абзал, жәрмеңкедегі азық-түлік базар нарқына қарағанда 30-40 пайызға дейінгі төмен бағамен сатылды. – Жәрмеңкеде сиыр еті 700 теңгеден сатылып жатыр. Базарда 1200-1300 теңгеге сатылатынын ескерсек, бұл әжептәуір төмен баға. Қымыздың литрі 300 теңгеден сатылды. Базарда кем дегенде 600 теңгеден бағаланады. Сондықтан, мұнда барлық тауарды халық бірден сатып алып кетті, – дейді қала тұрғыны Надежда Васильевна. Шынында, таң атпай жәрмеңкеге ағылған жұрттың қарасы қалың еді. Түс ауа фермерлер барлық өнімдерін сатып болғандарын айтты. – Бүгінгі жәрмеңкеде 22 миллион теңгенің өнімі сатылды. Оған 17 ауылдық округ пен 54 шаруа қожалығы қатысты, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Altaynews.kz.