Қазақстанда өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер қауымы артып келеді. Олар отбасы мен бизнесті қатар алып жүруге шамалары жететінін қоғам алдында дәлелдеп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Дүниежүзілік кәсіпкерлік мониторингінің зерттеуінше, әлемде әйелдердің экономикадағы үлесі 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар шамасында 26 пайызға дейін өседі.
Өткенге көз жүгіртсек, елімізде 2010 жылы небәрі 73,4 мың кәсіпкер әйел (жалпы кәсіпкерлердің 26%), 2021 жылғы деректе бизнестегі қыз-келіншектердің саны 587,3 мыңға жеткен (43,3%). 2022 жылы әйелдер ІЖӨ-нің 40%-ын құрап, оның ішінде заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 17%-ын қыз-келіншектер басқарған. Ал бүгіндері бизнес, қаржы және экономика саласында жетекшілік етіп отырған әйелдер шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінде 1 млн адамнан асып отыр. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7%-ды құрайды.
Елімізде 2002 жылдан бері кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікке қол жеткізуде және әйелдер жұмыссыздығы мәселесін шешуде біраз іс-шаралар жоспары қабылданды. Соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» және «Бизнестің жол картасы–2025» секілді мемлекеттік бағдарламалар, халықаралық ұйымдар мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламалары арқылы іске асып жатыр.
Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31,4%-ын және еліміздің ІЖӨ-нің 14,6%-ын құрайды.
Аталған кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың арасында ең ауқымдысы - Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүргізген «Іскер әйелдер» бағдарламасы. Банк оған 86,5 млн доллар қаржы бөлген. Жалпы, қазірге дейін банк әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту үшін 1,5 млрд еуро инвестиция салды. Осы арқылы 350-ден астам жоба іске қосылды.
Бүгіндері шағын және орта бизнесте әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі - 45%. ЕҚДБ мен Үкіметтің екі жақты келісімі негізінде әйелдер басшылық ететін 300-ден аса кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген. Банктің қаржылық емес қолдау құралдарының қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби сараптамаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарламалары мен тәлімгерлікке қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек «Кәсіпкер ана», «Coca-cola белестері» бағдарламалары және «Бақытты отбасы» орталығының негізінде ұйымдастырылған Isker ana сауда үйі жұмыс істейді.
«Біз кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөніндегі ұлттық даму институты ретінде гендерлік аспектіге және іскер әйелдердің бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз», деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева.
Аталмыш қор үш түрлі жолмен мемлекеттік қолдау көрсетіп, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несие беру, банк сыйақыларының белгілі бір бөлігін субсидиялау және ШОБ субъектілерінің несиелерін ішінара кепілдендіруде кәсіпкер әйелдер алған көмектің 58%-ы жеңілдікпен несиелендіріп, ақшаға шаққанда 322 миллиард теңгеден асып отыр. Мемлекеттік қолдаудың едәуір бөлігі ЕҚДБ және АДБ (Азия даму банкі) арқылы жүзеге асырылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі компаниялардың тең еңбек жағдайын, несиелендіру туралы шешім қабылдауда бағалаудың ашықтығы мен ESG қағидаттарын енгізуді, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, АДБ, ЕҚДБ және IFC халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, әйелдер бизнесі жобаларын қаржыландыру бағытында жаңа бағдарламалар іске қосылғанын жеткізді.
Оның бірі - жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдердің бизнесін қаржыландыратын жаңа «Үміт» бағдарламасы кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін зор мүмкіндіктер ұсынып, бағдарламаны іске қосуда бөлінген бастапқы қаражат – 10 миллиард теңгені құрайды. Аталған бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірі, соның ішінде ауыл, шағын және моноқалалардағы кәсіпкер әйелдер екінші деңгейлі банктер арқылы несие ала алады. Инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиенің максималды мерзімі – 84 айға дейін, шекті сомасы 100 миллион теңгені құрап, экономиканың барлық секторын қамтиды.
Тек қаржы және сақтандыру саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көтерме-бөлшек сауда ғана кірмейді. Бұл қор Еуропа қайта құру және даму банкімен (EBRD) әріптестік аясында тегін оқу курстары мен тренингтер жүргізеді. Халықаралық ұйыммен бірлескен бағдарламада кәсіпкер әйелдерге бизнесті басқару және нарықтағы табысты бәсекелестікке жету үшін кәсіби машықтануға мүмкіндік берілді.
Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева: «Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Шағын және орта бизнес иелері құрылымындағы кәсіпкер әйелдердің үлесі 47%-ға жетті. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері 96 мың жобаға 2 893 млрд теңге сомасында қолдау көрсетті. Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып жатқаны қуантады», дейді.