20-22 сәуір аралығында дзюдодан Гонконгта жалауы желбірейтін ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстанның дзюдошылары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі. Аталған жарыста ел намысын 19 балуан қорғайды.
Аса жеңіл салмақта Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаевқа сенім артылып отыр. Екі Олимпиада (1 күміс, 1 қола) мен үш әлем чемпионатында (1 алтын, 2 қола) жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде бас жүлдені олжалаған Елдостың қазіргі қарқыны қуантарлық емес. Биыл күзде 32 жасқа толғалы отырған даңқты дзюдошы қандай жарысқа қатысса да, үнемі жеңіліс тауып жатыр. Бұл жағдай жанкүйерлерді алаңдатып отыр. Шыны керек, Сметовке қарағанда Серікбаевтың қарқыны әлдеқайда жақсы. Таяуда Тбилисидегі «Grand Slam» турнирінде топ жарғаннан кейін 21 жастағы жерлесіміз әлемдік рейтингте бірден алты сатыға жоғарылады. Қазіргі кезде Нұрқанат IJF тізімінде 17-орында тұрса, Елдос 26-орынды қанағат тұтып тұр. Біздің пайымдауымызша, ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жоғарыда есімдері аталған қос балуанның қайсысы мықты екенін анықтау үшін екеуін де осы аламанға қосуды құп көрді.
66 кг салмақтың серкесі Ғұсман Қырғызбаевтың өз жанкүйерлерін қуанта алмай жүргеніне біраз уақыт болды. 2021 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қандасымыздың соңғы қомақты табысы – 2022 жылғы Азия біріншілігінің қоласы мен былтыр Астанада өткен «Grand Slam» додасының күмісі. Бұл күндері ол үздіктер рейтингінде 19-орынға тұрақтады. Ғұсманмен бірге бұл жарыста жастар буынының өкілі Жанарыс Ахметқали күреседі.
73 кг салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаев пен Асқар Нарқұлов шеберлік байқасады. Азия чемпионы деген атағы бар Данияр IJF рейтингінде 13-орында тұрса, Асқар 65-сатыға табан тіреді. 81 және 100 кг салмақтарда Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан Шархан күш сынасады. Екеуі де түрлі халықаралық турнирлерде ара-тұра жүлде алып жүр. Бүгінгі таңда Абылайхан рейтингте 16-орынға тұрақтаса, Нұрлыхан одан бір саты төмен тұр. Ал Ерасыл Қажыбаев алыптармен айқасады. Түйе балуанымыз мықтылар тізімінде 35-сатыға орналасты.
Әйелдер арасындағы аса жеңіл салмақтың жүлдесі үшін Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тыңбаева таласады. Алғашқысының атағы алысқа жайылған. Әбиба дүбірлі додаларда үнемі олжаға кенеліп жүр. Кей кездері Ғалия да өрелі өнерімен көзге түсіп келеді. Өзге салмақ дәрежелерінде Бақыт Құсақбаева (57 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Маргарита Гриценко мен Аруна Жанкелдина (78 кг) және Кәмила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова (+78 кг) сайысқа түседі.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы Азия чемпионаты былтыр тамыз айында Астанада өткен еді. Бұл жарыста 1 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль иеленген отандық дзюдошылар жалпы командалық есепте Өзбекстанмен бірге үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Алдымызда – Жапония (10+3+0) мен Моңғолия (2+1+5). Елордада Қазақстан құрама командасының мүшелері арасында жалғыз ғана Данияр Шамшаев дараланды. 73 кг салмақта белдескен дарынды жас барлық қарсыласының аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда жапониялық Вакана Когаға есе жіберген Әбиба Әбужақынова (48 кг) және БАӘ-нің өкілі Жафар Костоевтан жеңілген Ислам Бозбаев (100 кг) күміспен күптелді. Ал Мағжан Шамшадин (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100) және Аруна Жанкелдина (78 кг) қола медальді мойындарына ілді. Жерлестеріміз тағы бір жүлдені аралас командалық бәсекеде жеңіп алды.