• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 18 Сәуір, 2024

Көкшеге Шәмші келген көктем еді

148 рет
көрсетілді

1974 жылдың көгілдір көктемі. Көкмұнар сағымға бөленген Көкше қырат­та­рынан қыс үдере көшіп, жан жадыратар керімсал көктем келген шақта ән ұшып, өлең қонған өлкеге Шәмші келген деседі. Ел есінде сақталған дерек­тер­ге қарағанда, қазақ вальсінің королі әйгілі Айыртау өлкесіндегі Ақан сері ата­мыздың жамбасы жерге тиген, қайыңды орманның бауырындағы құлпы­та­сына барып, мінәжат етуге әдейі келдім десе керек.

Ақан атасын түсімде көрдім депті. Аңыз, әлде ақиқат. Қалай болған күн­де де тамылжыған табиғаты таңдай қақ­тыратын Көкшеге сапар шеккен. Мұн­дағы ән қадірін білетін, әнші­нің қаді­рін білетін жақсы мен жайсаң ком­по­зи­тордың табанын жерге тигізбей ән Мек­кесін аралатқан. Самал желіне сүй­дір­­­ген. Кәусар ауасын жұтқызған. Ән пай­­­ғам­барының шығар­машылығына қанық тәмам жұрт төбесіне көтеріп құр­мет­теген.

Әуелі зерлі Зерендіні. Көктемде өңі­ріне зергер табиғат зер салған Зеренді ай­мағы хас сұлудай сыланып, арудай ажарланып, таңғажайып бір кейіпке енеді емес пе? Жыландының биігі жасыл жапырақтарын бұлғап қойнауына шақырғандай, айдын шалқар Зеренді көлі тылсым тұңғиығына тартқандай, ит тұмсығы өтпейтін қалың орман қой­науындағы мың сан құстың үнімен дала күйін шертіп, жан дүниесін бау­рағандай. Осынау сұлулыққа Шәмші ата­мыз қайран қалған. Тебіренген, тол­қыған. Табиғаттың тартуына тәнті бол­ған. Зәу биіктегі күн сәулесі сезімтал жүрекке нұр құйып, қорғасындай бал­қытса, құшақ жая қарсы алған елдің аппақ ниеті, қолам­таның шоғындай ыстық ықыласы одан әрі мейманасын асырған. Зеренді ауылында ел әнін мейірлене айтатын, шабыттанып шал­қар сезіммен шырқайтын композитормен кездесу өткізілген.

– Мен ол кезде Зеренді аудандық газетінде тілші болып істейтін едім, – дейді белгілі ақын Қорғанбек Аманжол. – Арада қанша жыл өтсе де сол кездесу жадымда жатталып қалыпты.

Аты аңызға айналған композитормен емен-жарқын әңгіме өрбітілді. Әрине, ұлы өнер туралы, өзінің шығар­ма­шылығы хақында. Сырға сусындаған зеренділіктердің бірі композитордан ән табиғаты, оның туу сәті туралы сұраса керек.

– Менің бір ақын досым бар, – депті Шәмші, – кейде өзінің мақтанып бір айтатын сөзі бар еді. Мен өлеңді кез келген уақытта жаза беремін дейтін. Тіпті дәретханада да. Мен әлгі ақынға «бәсе, сенің өлеңдеріңнен әлдебір иіс шығып тұрады» деп жауап бергенмін.

Сазгердің жалғыз ауыз сөзінің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын салмақ жатыр. Өнердің киелі екен­дігін ұқтыратын сөз. Ал өзі шабыты шал­қыған тұста шұрайлы да шырайлы әннің көкі­ре­­гіне қалай құйылатындығын ұқ­тыра алмаған. Тылсым бір тұнық дүние. Жан дүниесін бебеулеткен сырлы саздың қай тараптан құйылатынын булыққан ыстық жүрек, алабұртқан көңіл тап басып аңғара да алмаған тәрізді.

Осы сапарында арқалы ақын Еркеш Ибраһим жол бастап жүріпті. Көкшеге келу сапары да ақынның шақыруымен өрістесе керек. Екеуі күн-түн сырласқан. Көркем Көкшенің келбетін, бақ қонып, береке дарыған құт қойнауын мейірлері қанғанша аралап, көңілдерін бүрлеген. Кенезесі толған соң теңіз көңіл тасымас па, ақ бас толқындары бұрқ-сарқ қайнамас па? Тасыған, қайнаған. Арқалы ақын қойын дәптеріне шұқшиса, сырлы саздың иесі дауылпаз дала үнімен бірге бітісіп, Көкшенің көгілдір қыраттарын, жауһар көлдерін аралап кеткен. Ақкөңіл адамдар да кездескен сайын құшақ жая қарсы алып, көңіл түкпіріндегі жан сырын таңның мөлдір шығындай жарқырата көрсетпек. Айтып айтпай не керек, ақыр соңында сыбызғыдай сызылған сұлу ән бірінен соң бірі дүниеге келді деседі. Бар ғұмыры көркем Көкшені жырлаумен өткен арқалы ақын Еркеш Ибраһимнің қаламынан жан тебірентер жұп-жұмыр өлең жолдары қанық бояумен құйылып түсіп, «құлақтан кіріп бойды алған».

Нәтижесінде, сол кездегі облыстық «Көк­шетау правдасы» газетіне Шәмші ағамыз «Байғазыңа бес ән арнадым, ерке Көкше!» деп аталатын мақаласын жария­лаған. Мақалада жер жәннатының ай ару сипаты, қайталанбас көркем келбеті осы жерді жайлаған жайсаң жандардың жомарт та ер мінезі тілге тиек болған.

Ал енді Зерендідегі кездесуге қа­тысқан белгілі ақын Қорғанбек Аман­жол­дың «Шәмші келген» деп аталатын өлеңі сапар сәтін айғақтап-ақ тұр.

 

«Көктемді сол ұмытам ба,

Көкшетауға Шәмші келген.

Көңілді әсте суытам ба,

Көрген алғаш ән-шүленнен.

 

Жетпіс төрттің жазға салым,

Зерен көлдің жағасында,

Жалғастырған ән сапарын

Ну қарағай арасында.

 

Ақан, Біржан әуелеткен

Ән бесігі тербегендей.

Шәмші де бір сәуені өпкен,

Оқжетпеске өрлегендей.

 

Айыртау мен Сырымбетті

Ақын Еркеш аралатты.

Құлагерден дүбір жетті,

Қамсақтыда қона жатты.

 

Бурабайда толқыды да,

Бүркіттіден Шәмші де асты.

Шамырқана шалқыды да,

Шабытына қамшы басты.

 

Көркем Көкше ән қанатын

Қалықтатып аспанына,

Шарықтатып салтанатын,

Шықты шырқап асқарына.

 

Еркеш ақын өлеңімен

Кернеп сазы асау қанды,

Ерке Көкше - ерен күннен

Базарлыққа бес ән қалды.

 

Көкшетауда көктем еді,

Көктем аты - Шәмші келген.

Сағындырған сол әндерді

Күтіп жүрмін әншілерден».

 

Иә, ақын ағамыз әншілерден сол бес ән­­ді күтіп жүр. Айтылмайды. Біз де ес­ті­ме­­­дік. Қайда екен, қайда жауһардай бес ән?

 

Ақмола облысы