Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тапсырмасымен Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстарындағы «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК және жеке геодезиялық компаниялардың мамандары арасынан штабтар ұйымдастырылған.
Тәжірибелі геодезияшылар Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы Орал, Атырау қалаларында, Январцево, Көшім, Тайпақ, Индербор, Махамбет, Еркінқала, Жаңаталап ауылдарында 8 өлшеу бекетінде геодезиялық өлшеу жұмыстарын жедел жүргізген. Сондай-ақ олар Павлодардағы Ертіс өзенінде 6 бақылау-өлшеу стансасын үйлестіруге кіріскен.
Кәсіби мамандар Жайық өзені бойындағы автомобиль жолдарының үйінділерін, бөгеттің жоғарғы жағын, су басу қаупі бар аймақтарды қорғау үшін орнатылған қоршау үйінділері мен құрылыстарды өлшейді. Сала мамандарының күшімен сыни нүктелер мен қорғалмаған учаскелер айқындалған. Енді оларды нығайтып, қосымша қорғаныш үйінділерін орнату қажет.
Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығының мамандары Төтенше жағдайлар министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тасқынға қарсы іс-шараларға белсенді араласады.