Айдан-айға жалғасатын «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шығыс жұрты жаппай сенбілікке шығып жүр. «Киелі мекен» деп өңірдегі тарихи жерлерді қоқыстан тазартып, жасыл желек екті.
«Киелі мекен» апталығында 250 адам Ұлан ауданындағы Ақбауыр археологиялық кешенінің айналасын тазартып, көшеттер егілді. Экологиялық іс-шараны Ұлан ауданы әкімдігі мен ШҚО Журналистер одағы филиалы ұйымдастырды. Сонымен қатар бұл күндері табиғат жанашырлары музейлердің айналасы, Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткішінің маңын мұнтаздай етті.
Тарихи ескерткіштерді қорғау күнімен тұспа-тұс келген «Киелі мекен» апталығында Ұлан ауданының тұрғындары, әкімдік қызметкерлері және бір топ журналистер Қоржынбай тауының бөктеріндегі Ақбауыр археологиялық кешені мен Бестерек өлкетану музейінің маңын тазартты, көшет екті.
– Бүгін тарихи маңызы зор «Ақбауыр» кешенінің аумағы тазаланды. Экологиялық акция аясында кешен аумағына 50 түп көшет, Бестерек аулындағы музей аумағына 30 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ қатысушыларға арнап Ұлан ауданының мәдениет қызметкерлерінің дайындаған мерекелік концерті қойылып, ас берілді, – дейді Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Оралбек.
Айтып өткендей, бұл іске журналистер қауымы да белсене қатысқан. Олар кешеннің кіреберісінен төрге қарай қоршауды жағалай Батыс Алтайдың жасыл шыршасын отырғызды.
– Неге екенін қайдам, осындай киелі жерлер жиі ластанады. Туристердің дені демалу мәдениетін білмей ме, шашып кетеді. Сондықтан осындай шараларды жиі әрі кең көлемде ұйымдастырса, біреу болмаса, біреуі ойланар еді. Қаламыз да, даламыз да ластанбас еді. Біз ШҚО Журналистер одағы филиалының шақыртуымен сенбілікке келдік. Көшет отырғыздық, айналаны тазаладық, – дейді облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Валентина Свирденко.
Ұлан ауданында ұйымдастырылған «Киелі мекен» акциясы өте жоғары деңгейде өтті. Акция басталмас бұрын ақсақалдар бата беріп, аудан басшылығы ақжарма тілектерін айтты, жиналғандарға алғыс білдірді. Жұмыс көтеріңкі көңіл күймен басталсын деген ниетте Ұланның күміс көмей әншілері әннен шашу шашты. Сөйтіп, айналдырған үш сағаттың ішінде айнала тап-таза болды. Игі істер мұнымен тоқтап қалмай, «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын таба береді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы