Жақында Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусіновке «Спорт» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды. Бұл Елеусіновке ғана емес, жалпы барлық былғары қолғап шеберлеріміздің еңбегін ескеріп, соларға да берілген атақ деуге болады.
«Дарын» сыйлығы халық арасында еңбегімен көзге түсіп, өз салаларында жақсы жұмыс істеп, елге қызмет көрсеткен жастарға тапсырылатыны белгілі. Былтырғы «Дарын» сыйлығы «Спорт» аталымында жарыстарда ел намысын қорғап, құрмет тұғырына көтеріліп жүрген басқа отандастарымызға емес, Данияр Елеусіновке ғана берілгені тегін емес. Өйткені, ол 69 кило салмақтағы Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтердің жолын жалғастырушы болып саналады. Данияр Елеусінов 2012 жылы 64 кило салмақта XXX Жазғы Олимпиада ойындарына қатысса, одан кейінгі жарыстарда 69 килода бағын сынай бастады. Осы салмақта ол 2013 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатын жеңіп алса, былтыр тұңғыш рет Қазақстан боксы тарихында екі дүркін Азиада чемпионы атанды. Бұдан басқа Азия чемпионы атағын да жеңіп алғаны бар.
Естеріңізге сала кетсек, 1996 жылғы 7 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы алғаш рет 1998 жылы берілді. Сыйлық 35 жасқа дейінгі ел азаматтарына ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтері үшін тапсырылады. Сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың сіңірген еңбегін бағалау мақсатында екі жылда бір рет беріледі.
Былтыр жыл соңында Спорттық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы порталы www.confederation.kz отандық БАҚ және мамандар арасында 2014 жылғы үздік боксшыны анықтау мақсатында сауалдама жүргізген болатын. Соның нәтижесінде еліміздегі талантты жастарымыздың бірі Жәнібек Әлімханұлы «Жылдың үздік боксшысы» атанды.
Жәнібек 2013 жылы әлем және Азия чемпионы болса, былтыр ХVІІ Жазғы Азия ойындарын жеңіп алды. Алматы облысының Жыланды ауылының тумасы 21 жастағы Жәнібек Әлімханұлы Кореяның Инчхон қаласында өткен сында өзін барлық қырынан көрсетіп, бокс мамандарынан жоғары баға алып қайтты. Сөйтіп, ол Азиада алдында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алғаны кездейсоқ емес екенін дәлелдеді.
Енді Ж.Әлімханұлы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жалауы желбірейтін Олимпиадаға қатысуды басты мақсат етіп отыр. «Бразилияға барсам, бұл менің алғашқы Олимпиадам болады. Сонда еліміздің намысын қорғап, елімізге мұхиттың ар жағынан үлкен қуанышымды арқалап әкелемін», дейді ол.
Жалпы, 2014 жыл боксшыларымыз үшін табысты өтті. Былтыр еліміздің нөмірі бірінші құрамының боксшылары Кореяның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында алты алтын медаль алып, тарихта бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Одан басқа да көптеген үлкен халықаралық турнирлер мен жарыстарға қатысып, аспан түсті туымызды желбіретті. Мұнда Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге нөмірі екінші, үшінші боксшыларымыздың, соларды жаттықтыратын мамандардың еңбектері бар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».