Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауына бөгет салу әлі жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындар, Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, төтенше жағдайлар және полиция құрылымдарының қызметкерлері, әр саланың өкілдері жанкештілікпен еңбек етіп жүр.
Облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің тасқын суы Индер мен Махамбет ауданындағы ауылдарға, Атырау қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендерге қауіп төндіреді. Сол себептен жағалауға бөгет салуға, оны бекітуге әлі назар аударылып отыр. Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жеделдету үшін Түркістан облысынан – 123, Жамбыл өңірінен – 55, ал көршілес Маңғыстаудан 17 арнайы техника жеткізілген.
Мәселен, Индер ауданында жалпы ұзындығы 17 850 метр қорғаныс бөгеті бар. Бөгеттің құжаты заңдастырылып, теңгерімге алынған. Биыл көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қосымша 10 070 метр бөгет жасалды. Осылайша, бұл аудандағы бөгеттің ұзындығы 27 920 метрге жетті. Оның ішінде 24 320 метрі биіктетілді.
«Қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекені кіреді. Бөгеттің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Қазір Жарсуат ауылында 4,9 шақырым бөгетті салу толығымен аяқталып, қосымша 2 шақырымға ұзартылды. Ал Құрылыс ауылында 5,6 шақырым бөгет бар. Оның 3 шақырымын нығайту жұмысы толығымен аяқталды», дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әділ Қонқаев.
Оның мәліметіне сүйенсек, Индербор кентінде, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарындағы бөгеттің осал тұсы биіктетіліп жатыр. Бұл жұмысқа мекемелердің 520 қызметкері, әскери бөлімдердің 300 сарбазы, 93 арнайы техника тартылған.
Кеше Индербор кентінде тұратын аналар Жайық өзенінің жағасында бөгет салып жүрген сарбаздарға ыстық бауырсақ пен бәліш, сусын әкелді. «Бізді қорғайтын еліміз, Отан қорғаушыларымыз бар. Қиын сәт туындағанда әскерилердің көмекке келгеніне ризамыз. Күні-түні дамыл таппай, бөгет салуға қатысқан барша азаматқа басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз», дейді кент тұрғыны Сәуле Темірғалиева.
Атырау облыстық жедел штабының мәліметіне сүйенсек, бөгет салуға Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, төтенше жағдайлар және полиция құрылымдарынан 2 962 сарбаз атсылысып жүр. Солардың қатарында Жамбыл облысында орналасқан Гвардейск гарнизонындағы 82796 әскери бөлімінің әскерлері де бар.
«Біз бұл өңірге бір апта бұрын келген едік. Басты мақсатымыз – Жайық өзенінен төнуі мүмкін су тасқыны қаупінің алдын алу. Біздің әскерилер дамылсыз жұмыс істеп, бөгет салуды жеделдетіп жатыр», дейді әскери бөлімнің кіші сержанты Елдар Жәнібеков.
Әскерилердің бір тобы Махамбет ауданында бөгет салып жүр. Бұл аудандағы 21 елді мекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Жайық өзенінің жағалауына 17 ауыл жақын орналасқан. Сол елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында 80 шақырым бөгет салу жоспарланған. Оның 20 шақырымы жаңадан салынып жатыр. Осы кезге жағалауға құм толтырылған 800 мың қап төселген.
«Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінен 300 әскери қызметші келген едік. Өзіміздің 17 техникамыз бар. Елді мекендерді су тасқынынан мықты бөгет қана қорғайды. Сол себептен бөгетті тез әрі сапалы салуға атсалысып жатырмыз», дейді шымкенттік әскери қызметші Мирас Жанәбілов.
Жайық өзенінен су басу қаупі төнетін елді мекендердің қатарында Алмалы ауылдық округі де бар. Аталған округ бұрын Махамбет ауданына қараған еді. Кейінгі жылдары Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіне ауыстырылды. Округ әкімі Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, округ аумағында екі ауыл, 8 саяжай бар. Алмалы ауылында – 8,6 шақырымдық, ал Береке ауылында 10,4 шақырымдық бөгет салу қолға алынған.
Қазір бұл ауылдарда спорт, мәдениет, төтенше жағдайлар саласының өкілдері, «КТК», «Батысстрой» «Бірлік», «Денхолм Жолдас», «Тау кен» секілді 20-ға жуық кәсіпорынның қызметкерлері мен әскерилер дамылсыз еңбек етіп жүр. Бәрінің жүзі тотыққан. Бірақ ерге тән мінезбен шаршағанын сездірмейді.
«Бөгет тұрғызу аяқталғаннан кейін, оны биіктету жалғаса береді. Қазір Алмалыда бөгеттің дені салынып, 200 метрдей бөлігі қалды. Ал Берекеде әлі 5,6 шақырымын салу қажет. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының, спорт, мәдениет, төтенше жағдайлар саласы мамандары мен әскерилердің күшімен атқарылып жатыр. Топырақ тасу жұмыстарына Түркістан, Жамбыл облыстарынан жеткізілген көліктер тартылды», дейді Гүлшат Аухадиева.
Бір ерекшелігі, бұл округте Жайық өзеніне 350 метр бонн қолданылған. Төтенше жағдайлар саласы мамандарының түсіндіруінше, бонн – су айдынына төгілген мұнай өнімдерін жинауға қолданылатын құрылғы. Бұл су ағысының ағынын баяулатуға ықпал етеді. Тағы бір айтатын жайт, құм толтырылған қапшықтардың төзімділігін арттыру үшін көлік тегершіктері қолданылып жатыр.
Алмалы ауылында су тасқынына бірнеше рет куә болғандар бар. Соның бірі Дүйсенбай Салиханов су тасқыны қаупін үш рет көрген.
«Су тасқыны – табиғи құбылыс. Жайық өзеніне бір жылы су мол келеді. Кей жылы су тым аз болып, өзеніміз құрғап қала жаздады. Осы ауылда туып-өскендіктен, мұның бәрін көріп келемін. Алғаш рет су тасқынына 1970 жылы куә болдым. Сол кезде 6 жаста едім. Кейін 1993 жылы Жайық өзені арнасынан асып, ауылымыз су ортасында қалды. Мұндай қауіп 2005 жылы да кездесті. Біз соның бәрінен аман өттік. Биыл еліміздің бар өңірі көмекке жұмылғаннан кейін су тасқынынан аман өтетінімізге сенемін», дейді Д.Салиханов.
Атырау облысы