• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Сәуір, 2024

Зейнетақы қорының 500 млрд теңгесі экономика еншісіне тиеді

122 рет
көрсетілді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) триллиондаған теңгеге көз салатындар көбейіп барады. Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы Тимур Сүлейменов БЖЗҚ активтері екінші деңгейлі банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестициялануы мүмкін екенін, бұл тәсіл салымшыларға да, экономикаға да пайда әкелетінін өткен жылғы қарашада хабарлаған. Ал 2024 жылдың басында Үкіметтің нарыққа облигациялармен шығуы үшін қолайлы сәт туды: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге кірісті. Мөлшерлеменің қазіргі деңгейі – 14,75 пайыз. Демек Ұлттық банкке БЖЗҚ активіне қатысты ойын ережесін өзгертуге себеп жоқ. Алдағы уақытта БЖЗҚ акивтеріне қатысты «инвестициялық келісім» жалғаса береді.

Нақтыласақ, Ұлттық банк бизнесті несиелендіру үшін екінші деңгейлі банк­тердің (ЕДБ) облигацияларын са­тып алуға 2024 жылға дейін 500 мил­лиард теңгеге дейінгі зейнетақы активтерін жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл қаржыдан сауда-саттық, тұрғын үй және коммерциялық мүлік сату мен сатып алу, жеке тұлғаларға кредит (ипотека, тұтынушылық несие), қар­жылық қызмет, кеңес беру қызметі, сау­да орталықтарының қызметіне несие беруге болмайды. Сондай-ақ айналым қара­жатын толықтыру және несиені қайта қаржыландыру мақсатында жұм­сауға рұқсат жоқ.

БЖЗҚ активтерінің кірістілік деңгейі әлі де инфляция деңгейінен жоғары. Бұл фактор оны «күлшелі балаға» айналдырып отыр. Көлемі 18,8 трлн теңге болатын зейнетақы активтерінің кірістілігі жыл басынан бері 3,2%-ды құрап, есептелген инвестициялық кіріс 581,3 млрд теңге болған. 2023 жылғы кірістілік 10,1%-ды құрап, 1,6 трлн теңге инвестициялық табыс есептеліп еді. ҰБ бұл шешім нақты сектордың ұзақмерзімді несие ресурстарына қолжетімділігін кеңейту үшін жос­парланды деп түсіндіргісі келеді.

«Halyk Finance» басқарма төрағасы­ның кеңесшісі, экономист Мұрат Темірханов Ұлттық банк зейнетақы активтерін банктерге жіберу арқылы экономикаға несие беру функциясымен өзі айналысуға ниеттеніп отырғанын, бұл арқылы банк активтерінің жұмсалу тетіктерін бақылауға алғысы келетінін, бұл нарық заңына, Ұлттық банктің де негізгі міндетіне қайшы екенін айтады. Дәл қазір ЕДБ-да айналымға түсіре алмай жатқан қаржы жетеді. М.Те­мір­хановтың айтуынша, қаражатты ква­зимемлекеттік компаниялар алған кезде мемлекеттік кепілдікпен қам­тамасыз етіледі. Бірақ ЕДБ туралы сөз болғанда, оларға мемлекеттік кепілдік қолданылмайды. 190 млрд теңгеге «Бәй­терек» облигацияларын орналастыру кепілдік жағынан да, нарықтағы орналастыру мөлшерлемесі жағынан да қызықты болғанын сарапшылардың бәрі айтады. Ұлттық банк инвестициялық декларацияға сәйкес, ЕДБ облигацияларын сатып алуға зейнетақы ақшасымен қатысуға құқы бар, қалған мәселені нарықтың өзі реттеуі керек.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­ты­ғының басшысы Елена Бахмутованың пікі­рінше, бұл қаражатты пайдалану үшін, зейнетақы қорларын басқару­ды ырықтандырып, активтерді орналас­ты­ру­ға қарапайым инвесторлар да, кәсіби инвестициялық менеджерлер де көбірек тартылуға тиіс.

«Біз нарық қағидаты бойынша капитал нарығын іске қосуымыз керек. Бұл жерде триггер зейнетақы активтері болуы мүмкін, оларды нарыққа өте мұқият және бірте-бірте енгізу және эконо­ми­калық даму үшін пайдалану қажет», деп түсіндірді ол.

Шын мәнінде БЖЗҚ активтері үшін қай бағыт тартымды? Сарапшылардың айтуынша, қор қаржысын экономика­ның, бюджеттің қолы жетпей жатқан салаларына бағыттау тиімді болар еді. Үкі­мет әртүрлі қаржы институттары арқы­лы зейнеткерлерден қарыз алады, жаңа өндіріс салады, салық төлей бас­тайды және маңыздысы жаңа жұмыс орындарын ашады. Нәтижесінде, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылып қана қоймай, еселенеді, себебі кәсіпорындар жалақы төлейді, тиісінше жұмысшылары БЖЗҚ-ға өсімақы төлейді.

«БЖЗҚ-ның 500 млрд теңгесін айналымға шығаруға дайын компаниялар бар ма, олардың инвест жобалары қалай іріктеледі?» деген мәселенің өзі күрделі. Себебі бұл тұста жіберіп алған қателіктеріміз өте көп. Біздің шындықта ШОБ іріленуге қорқады, қоң жинап алса ұсақ компанияларға бөлшектеніп кетеді. ШОБ-тың орта бизнеске, орта бизнестің ірі компанияға айналуы үдерісінде ашықтық аз. Тек өте ұсақ компаниялар мен өте ірі компаниялар ғана бар. Ұсақ­тарына инвестиция салудың тәуекелі жоғары, ірілері БЖЗҚ бөлген «тиын-тебенді» менсінбейді. Себебі әрбір инвес­тор капиталды бір жерге салмас бұрын компанияның инвестициялық рейтингін талдайды. Зейнетақы активтерін инвестициялау – инвестицияның ерекше түрі. Бұл ақша ешқашан үлкен пайда алу үшін салынбайды, мұндағы басты міндет – капиталды сақтау. Бірақ бұл мәселеде сақтық қажет», дейді талдаушы Тоғжан Қожалы.

2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойын­ша зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 22,6%-ға көбейді. Салым­шылардың жеке және шартты шотында 18,9 трлн теңге жатыр. Жыл басынан бері олардың өсімі шамамен 1,02 трлн теңге (5,7%) болды. Өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі шамамен 3,5 трлн теңгеге немесе 22,6%-ға өсті.

Жыл басталғалы үш айда зейнетақы жарналарының көлемі 623,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27,9% немесе 136,2 млрд теңгеге артық. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 20,2%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 22,1%, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) 41,2% өсім көрсетті.

Отандастарымыздың жинақтары­ның 96,6%-ы МЗЖ есебінен қалып­тастырылған. Оның көлемі 18,2 трлн теңгеден асты (жыл ішіндегі өсім – 22,3%, жыл басынан бері – 5,5%). МКЗЖ бо­йынша зейнетақы жинақтарының сомасы 599,7 млрд теңге болып, жыл ішінде 25,8%, осы жылдың басынан бастап 5,5%-ға ұлғайды. Ең жоғары өсімді (жылына – 49%, жыл басынан бері – 11,3%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олардың көлемі – 5,9 млрд теңге.

БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 569,5 млрд теңгеге жеткен.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бо­йынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 12,4 млн бірлікке тең, оның ішінде: 11,1 млн-ы – МЗЖ бойынша, 671,1 мыңы – МКЗЖ бойынша, 409,8 мыңы – ЕЗЖ бойынша.