Жетісулық дәрігерлер өңірде жатыр мойны обырымен ауыратын қыз-келіншектердің көбейгенін алға тартып отыр. Оған папиллома вирусынан туындаған инфекция әсер етеді. Вирусты жұқтырмаудың және оның дамуын болдырмаудың жалғыз жолы – вакциналау. Сондықтан ақ желеңділер қыркүйек айынан бастап адам папилломавирусына қарсы екпе салмақ.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасованың айтуынша, онкогенді адам папиллома вирустарының (АПВ) барлығы 14 түрі бар. Олар онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Ал АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап 11 жастан 14 жасқа дейінгі қыздарға вакциналау жүргізу жоспарланып отыр.
«Жетісу облысына вакциналардың бірінші партиясы қыркүйек айында келеді. Содан кейін аймаққа 6 мың доза салу жоспарланып отыр. Сәйкесінше, алғашқы вакциналау емшаралары қыркүйек айында басталады. Қараша айында 6 134 дозаның екінші партиясын алу жоспарланған. Айта кету керек, әлемде бұл вакциналауға сұраныс өте жоғары. Бүгінде әлемнің 125 елінде екпе күнтізбесіне енгізілген», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова.
Өздеріңіз білетіндей, қыздарға вакцина салу ата-аналарының келісімін алғаннан кейін 11 жастан басталады. Бұл жас ДДҰ, онкологтердің ұсыныстарына сәйкес таңдалады, өйткені 11-14 жас аралығындағы вакциналау ересек жасқа қарағанда тиімді. Вакциналаудан кейін жатыр мойны обырына тұрақты иммунитет қалыптасады.
«Жетісуда жатыр мойны обыры бойынша диспансерлік есепте барлығы 553 әйел тұр. Жыл сайын әйелдер арасында ауруды ерте сатысында анықтау үшін скрининг жүргізіледі. Мәселен, соңғы скринингтің нәтижелері бойынша 26 903 әйел профилактикалық тексеруден өтті. Нәтижесінде, жатыр мойны обырының 26 жағдайы анықталды», дейді Облыстық көпсалалы клиникасының директоры Мадияр Өмірбаев.
Қазір өңірлік дәрігерлер тұрғындармен ашық диалог жүргізіп, сырқатын жасырмауға шақырып отыр. Мамандар қолдан келген көмегін көрсетуге даяр.
Жетісу облысы