NU қабырғасында «Ұлы дала ізашарлары: Қазақстанның іскер әйелдерінің шабыттандырар сұхбаттары» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шарада сөз алған Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова қазір елімізде әйелдердің шағын және орта бизнес құрылымының жартысына жуығын басқарып отырғанын жеткізді.
«Бұл ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар басқарып отырған шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш баяу болса да, жыл санап өсіп келеді. Сондай-ақ бүгінгі өтіп отырған іс-шараның маңызы бөлек. Бұл кітап оқырманды шабыттандырып қана қоймайды, кәсіпкер болуға үйретеді. Кәсіпкерлік қызметтің негізін түсіндіріп, өзіне, өз ісіне деген сеніміңді қалыптастырады. Өзім осы жинақтағы кейіпкерлер туралы жазылған оқиғаларды толық оқыдым. Әсіресе мені осы кәсіпкер әйелдердің бойындағы даналық, төзімділік ерекше сүйсінтті», деді А.Бижанова.
Жинақта қарапайым аяқ киім тігуден бастап, жылу энергетикасына дейінгі түрлі салада табысқа жеткен отандық 50 кәсіпкер әйел туралы жазылған. Олардың қатарында белгілі продюсер, актриса Баян Мақсатқызы, тележүргізуші және блогер Динара Сатжан және есімдері елге енді танылған нәзік жандылар бар. NU кәсіпкерлікті зерттеу орталығының (NURCE) мүшелері дайындаған кітапта осы кәсіпкер азаматшалардың өз кәсіптерін дамытудағы қиындықтары мен жетістіктері шынайы баяндалған.
Жоба авторлары – Шумайла Юсафзай, Нұрлыхан Әлжанова және Нұрлан Құлбатыров. Сондай-ақ NURCE директорының айтуынша, бұл жинақ бизнестегі әйелдердің алдында тұрған проблемалар мен кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізетін әлеуметтік кедергілерді жоюды ұсынады.
«Ұлы дала ізашарлары» кітабында қазақстандық кәсіпкер әйелдердің сан түрлі кәсіппен айналысатыны жазылған. Сондай-ақ олардың жаңашыл идеяларға бай көшбасшылық қасиеті де нанымды көрсетілген. Мұнда кәсіпкер нәзік жандылардың өз ісін дамытудағы күш-жігерін көріп, экономикалық тұрғыдан өсіп, оң өзгерістерге бастау болғанына оқырманның көзі жетеді», дейді жинақтың бірлескен авторы, NU Жоғары бизнес мектебінің ассистент-профессоры, NURCE директоры Шумайла Юсафзай.
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен қатысушылар келді. Олар кітап кейіпкерлерінің әңгімелерін тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Қанаттанды. Сондай-ақ аталған жинақ Ұлттық академиялық кітапханадан бастап, NURCE және басқа да жоғары оқу орындарының кітапханаларына таратылады. Таныстырылым соңында кітап авторлары келешекте ер-азаматтар басым салада қызмет істейтін әйелдер туралы жаңа кітап жазуға ниетті екендерін жеткізді.