Германияның Штутгарт қаласында өткен жүлде қоры 802 237 долларды құраған WTA турнирі Қазақстанның ең үздік теннисшісі Елена Рыбакинаның айқын жеңісімен аяқталды.
Бастапқы бәсекелерде ресейлік Вероника Кудерметова мен италиялық Ясмине Паолиниден басым түскен жерлесіміз жартылай финалда Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған 22 жастағы Польшаның мақтанышы соңғы үш-төрт жыл аралығында толағай табыстарға қол жеткізді. Ол Ролан Гарросты үш мәрте ұтып, US Оpen додасында дараланды. Аустралияның ашық біріншілігінде үздік төрттіктің қатарына қосылып, WTA турнирлерінде 19 рет теңдессіз деп танылды. Бірақ бұл жағдайлардың ешбірі Рыбакинаға әсер еткен жоқ. Үш сеттік сайыс 6:3, 4:6, 6:3 есебімен қазақстандық ойыншының пайдасына шешілді.
Финалда Елена әлемдік рейтингте 27-орынға тұрақтаған Марта Костюкпен күш сынасты. Биыл Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалына дейін жеткен Украина теннисшісі Штутгардта ТОП-ондықтың қатарындағы қытайлық Чжэн Циньвэнь (7-орын), америкалық Кори Гауфф (3-орын) және чехиялық Маркета Вондроушова (8-орын) сынды мықты теннишілерді тізе бүктіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Алайда ақтық сында Костюк отандасымызға жарытып қарсылық көрсете алмады. Есеп – 6:2, 6:2.
Сөйтіп, биыл Елена Рыбакина өзінің үшінші титулына қол жеткізді. Бұған дейін ол Брисбен мен Әбу-Дабиде ұйымдастырылған дүбірлі додаларда алдына жан салмады. Жасыл құрлықтағы жарыстың шешуші тұсында Елена беларусьтік Арина Соболенкоға сан соқтырса, Парсы шығанағында ресейлік Дарья Касаткинаны қапы қалдырды. Сондай-ақ жерлесіміз Доха мен Майамидегі турнирлердің финалында ойнады.