Өткен аптада Шымкент қаласында жалауын көтерген жамбы атудан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарысқа сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген 60-қа жуық мерген «Мажар», «Азия», «Түрік» стильдері, халқымыздың дәстүрлі жауынгерлік өнері жамбы ату бойынша сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады.
Бір аптаға жалғасқан дүбірлі сайыстың алғашқы екі күні мергендер «Мажар» стилімен сайысты. Бұл стильдің ерекшелігі – бір-біріне іргесі жапсарлас диаметрі 90 см болатын үш нысана қатар қойылады. Бұларды атпен шауып келе жатып атады. Қанша оқ жұмсайсыз оған шектеу жоқ. Тек оқ жіберуге арналған 100 метрлік өлшемінен шықса болғаны. Ең бастысы, аттың шабысы мен мергеннің ептілігі үйлесім тапқаны ләзім.
Осылай екі тәулікке созылған бұл стильдің жеңімпазы, яғни бас мергені ретінде 76,81 ұпай еншілеген Сауда Арабия спортшысы Хашим Али әл-Тамими танылса, екінші және үшінші орындарды қазақстандақ қос сайысшы Батыр Бексауыт (70,59 ұпай, суретте) пен Айкөз Ералхан (67,68 ұпай) еншіледі.
Келесі сайыс түрі – «Азия» стилі. Мұны халықаралық жарыстарда «Корей» стилі деп те айтады. Бұл күрделі сайыс түріне жатады. Арақашықтығы 30 метр болатын шаршы пішінді төрт бұрыш үш нысана қойылады. Оның біріншісінің бетін батысқа бұрып орналастырса, ортаңғы нысана тура қарап тұрады. Үшінші нысана әдеттегідей бірінші нысанаға қарсы бетін шығысқа бұрып тұрады. Әрбір нысанада оқтың дарығанына қатысты ұпай берілетін өлшемдері бар. Бұл стильдің бас мергені ретінде 78,15 ұпай жинаған саудиялық сайыскер Хашим Али әл-Тамими екінші дүркін жеңімпаз атанса, екінші-үшінші орынға қазақстандық спортшылар Нұрсұлтан Бірлікбаев (74,35 ұпай) пен Айкөз Ералхан (72,83 ұпай) ие болды.
Келесі жарыс «Түркі» стилінің ерекшелігі – мергендер бір-біріне ұқсамайтын екі нысанаға кезек-кезек оқ жіберіп мықтыны анықтайды. Әуелгі нысана «қиғаш ату» деп аталса, келесісі «қабақ ату» делінеді екен. Бұл екі нысана да – күллі түркі жұртына ортақ дүние. Мысалы, ертеде мысырлық қыпшақ-мамлуктер «қиғаш атудан» сайыс өткізетіні туралы мысырлық қыпшақ оқымыстысы Тайбұқа ноян: «Қабақ ату, қиғаш ату тәсілдерін арабтар білмейді, бұл – түркілердің өнері», деп жазыпты.
Бұл екеуі де – қазақ өнері. Біз бейғам жүргенде түрік ағайындар еншілеп алған. Бұған халқымыздың «Талайы құл мен Әйім қыз» атты ғашықтық дастанында айтылатын мына бір жыр шумағы дәлел:
Қағылды бағанаға алтын қабақ,
Айнала жиналған көп алды қамап.
Қондырып биік баған ортасына,
Басына алтын жамбы қойды қадап
Сүйтіп ел ат жаратып баптасады,
Жинап қымыз-сусынын тақтасады.
Мергендер «Алтын қабақ атамыз» деп,
Садақ майлап, мылтығын оқтасады...
Бұл сайыс қорытындысына тоқталсақ, бірінші орын 50,40 ұпай жинаған қазақстандық мерген Батыр Бексауытқа бұйырса, екінші орынға 47,03 ұпаймен тағы бір араб мергені Ракан әл Мубарак ие болды. Үшінші жүлде 41,19 ұпай еншілеген индонезиялық Арса Арросуадқа бұйырды.
Жарыстың қорытынды кезеңінде өзіміздің «Жамбы ату» стилі сарапқа салынды. Бұл стильдің ерекшелегі – биіктігі жылқының бойына шақ келетін арасы 10 метр үш бағана орнатылып, оның басына үш түрлі (алтын, күміс, қола) жамбы-нысана ілініп қойылды. Осы стильдің тарихи көнелігі хақында танымал деректанушы – ғалым Қайрат Сәкидің еңбектерінде кездеседі. «Ертеде мысырлық қыпшақ сарбаздары биіктігі жылқының шоқтығымен қарайлас діңгек ағаштың ұшарына дөңгелек темір шеңбер орнатып, сол шеңберден шауып келе жатып садақ оғын немесе найза лақтырып сынасатын болған. Бұл шеңбер сайыскерлердің шеберлігіне қарай әртүрлі үлкен-кіші пішінде болады. Мерген нысаны көздеп тура ататын болған. Яғни бұлай ату үшін нысанның биіктігі мен мергеннің ат үстіндегі отырысы бірдей биіктікте болуы шарт», деп жазады Қайрат Ұзақұлы.
Сонымен, халқымыздың «Жамбы» ату стилінен 67,22 ұпай жинаған тағы бір араб мергені Бабер Али әл-Тамими жеңіс тұғырынан көрінсе, келесі орындар моңғолиялық Отгон-Өлзий (59,01 ұпай) мен ресейлік Любовь Морокаға (55,38) бұйырды.
Бұл реткі чемпионаттың басты жаңалығы – жарыстың соңғы күні тек жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында аса қомақты жүлде тағайындалған «Тайтұяқ» жамбыны атудан сайыс ұйымдастырылды. Бұған жоғарыдағы төрт стиль бойынша жеңімпаз һәм жүлдегер атанған 9 мерген қатысты. Тоғыз метрлік биік бағана басына жылқының тоғыз қабат құйрық қылымен байланған тайтұяққа ешкімнің жебесі дарымады. Яғни «Тайтұяқ» иесі анықталмады.
Жарыс соңында орын алған мергендер ақшалай сыйлық және дипломмен марапатталды. Чемпионатты қорытындылаған жамбы атудан Азия федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов: «Бұл – Азия федерациясы ұйымдастырып отырған алғашқы іс-шара. Сондықтан мұқият дайындалдық. Қаржы аямадық. Барлық шығын үшін 60 млн теңге жұмсалса, осының 20 млн-ы тікелей эфир ұйымдастыруға бағытталды. Нәтижесінде, әлемнің кез келген түкпірінде отырған адамның біздің ютуб арнамыз арқылы чемпионатты бастан-аяқ тамашалауына мүмкіндік жасалды», деді.
Шымкент