• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2024

Тасқын суын ұтымды пайдалану жолдары қандай?

180 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі ел өңірлерінде тасқын суы қалай пайдаланып жатқаны туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жайық өзенінен Каспий теңізіне тасқын суды қайта бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша арналар қазып жатыр. Бұл сондай-ақ Атырау қаласы арқылы өтетін судың көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Орал-Көшім суландыру жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне су ағызуға кірісті. Бұл көлдерге соңғы 20 жылда су түспеген екен.

2000 жылдан кейін осы жылы ғана Тобыл өзенінде су молайды. Тобыл өзені каскадының ірі су қоймалары тасқын суларды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті және 92 пайызға толды. Осының арқасында су қоймалары өңір тұрғындарын ұзақ мерзімге қажетті көлемде сумен қамтамасыз етуге қабілетті.

Астана су қоймасын толтыру елорда тұрғындарын жыл бойы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Астана су қоймасындағы өткен жылғы су көлемі қаланы ауызсумен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеген, соның салдарынан Қ.Сәтпаев атындағы канал арқылы су қоймасын қоректендіруге тура келген. Аталған үдеріс шығынға батып, 2 миллиард теңгеден асқан.

Ақмола облысында «Алва» және «Кеңбидайық» лиманды суару жүйелері 100 пайызға толды. Сондай-ақ Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр, Қарасу өзендерінің арналары толықты. Қорғалжын қорығының Теңіз көліне 1,5 миллиард текше метр су жіберілді.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен бір текше шақырымға жуық суды қабылдауға қабілетті Жайық-Көшім лиманды суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды.

Қарағанды облысының су қоймалары да 100 пайызға толы. Оларда жиналған су жыл бойы өңір экономикасының қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

«Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасынан ағызылған су алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне құйылды. Қызылорда облысының Теликөл көлдер жүйесінің белсенді толтырылуы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс», деп атап өтті министрлік.

Экологиялық мақсатта Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан су Шу өзені арқылы ағызылады. Сәуірдің басында бұл су Түркістан облысы Созақ ауданының шекарасын кесіп өтті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу 1 мамырға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына миллион текше метрге жуық су құйылуы тиіс.

10 сәуірден бастап Ертіс өзені су қоймаларының каскадынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жүзеге асырылады. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығын қажетті азықтық базамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы су қоймаларынан 6,3 миллиард текше метр су ағызу жоспарланып отыр.