«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Халық даналығы осылай дейді. Биылғы тасқын елімізге оңай тиген жоқ. Жер-жерді су басып, үйлер мен көшелерді шайып, төрт түлік мал қырылды. Елді әбігерге салып, дүние-мүлікті шайып кеткен қарғын судың ауқымы туралы талай айтылды. Бұл апат халқымыздың ауызбіршілігін, ынтымағын, бауырмалдығын тағы бір сынады.
Қоғамдық сананың жаңғыруы
Тасқын судан келген зардап орасан. Кей сарапшылар шығын көлемі 200 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін болжайды. Дегенмен, биылғы табиғи апат бір нәрсені анық көрсетіп отыр. Халық біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Тосын сын кезінде ауышбіршілік танытып, «бірлік түбі – береке» деген нақылдың өміршеңдігін көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аймақтарға барып, тұрғындармен кездесіп, халықтың хал-жағдайын сұрады. Ешкімнің назардан тыс қалмайтынын, әрбіріне көмек көрсетілетінін, шығынның өтемі жасалатынын жеткізді. Қиын сәтте Мемлекет басшысының қарапайым халықпен жолығуы жабырқаған жандарға дем беріп, көңілге медеу болады. Президенттің апаттан зардап шеккен өңірлерді аралауы билік пен халықты жақындастырады.
Қоғам апат кезінде ауызбіршілік таныта білді. Оның бір мысалын Құлсарыдан аңғардық. Өздеріңізге мәлім, су басқан қаладан 20 мыңға жуық адам Маңғыстау өңіріне эвакуацияланды. Маңғыстаулық такси жүргізушілері дүние-мүлкі мен баспанасын тастап, көшуге мәжбүр болған тұрғындарды тегін тасыды. Сондай-ақ Құлсарыдан Атырауға пойызбен жеткен жолаушыларды да қаладағы такси жүргізушілері діттеген жеріне дейін пұл сұрамай жеткізіпті. Батыс Қазақстанда еріктілердің жүріп-тұрғанына көк тиын сұрамапты. Тасқын қауіп төндірген басқа аймақтарда да жүргізушілер осындай қайырымдылық жасап жүр. Қиын сәтте құлқынның қамын емес, елдің амандығын тілеп, жүргізушілердің ақы-пұлсыз қызмет етуіне қалай риза болмайсың?!
Әрине, құтқару жұмыстары кезінде тасқыннан зардап шеккендерді қауіпсіз жерге орналастыруды биліктің ұйымдастырғаны белгілі. Бірақ қарапайым халық та аянып қалмады. Маңғыстаудағы Бейнеу сынды қауіпсіз жерге көшірілген адамдарға пана тауып беру мәселесіне де жергілікті тұрғындар бел шеше кірісті. Бірі үйін ұсынып жатса, келесісі уақытша орналастыру пунктерінде күндіз-түні қызмет көрсетті. Қазан-ошағын көтеріп келіп, ас-су әзірлеп, тасқынмен күресіп жатқан құтқарушыларға таратты. Қысқасы, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарудың нағыз үлгісін көрсетті.
Ағайын аянып қалған жоқ
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне жүгінсек, құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 46 мың адам жұмылдырылған. Құтқарушылармен бірге тұрғындар да күндіз-түні апаттың салдарын жоюға, жаңа тасқынға жол бермеуге барын салып жатыр. Су басқан өңірлерде құтқаруға, бөгеттер салуға белсене кіріскен. Күндіз жұмысқа барып, кешке үйіне қайтпай, толарсақтан су кешіп, тасқынмен күресіп жүргендер туралы әлеуметтік желілерден естіп-көріп отырмыз.
Тіпті, кішкентай балалардың да қап толтыруға көмектесіп жатқанын көргенде көзге жас келеді. Мысалы, Атырауда бес жастағы Алдияр есімді бала өзінен үлкен күрек ұстап, топырақ салып жатқаны көпшілікті сүйсінтті. Маңғыстауда Ақшұқыр ауылында 4-сыныпта оқитын Нұрасыл есімді бала жинап жүрген ақшасын Құлсары қаласына көмекке беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Аймақтардан көптеген ерікті келіп, құтқару жұмыстарына белсене араласты. Волонтерлер халықты қауіпсіз орындарға көшіру, суды бөгеттеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз етумен айналысып жүр.
Еліміздің түкпір-түкпірінен пәленбай тонна гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Тіпті, бауырлас мемлекет Қырғызстан да «Жәрдем керуенін» аттандырды. Алатаудың баурайындағы ағайындар сәуірде 300 тонна жүк жеткізсе, күні кеше 150 тонна жүк тиелген көліктер діттеген жеріне келіп тоқтады. Сондай-ақ айыр қалпақты ағайын «Қазақстанға 112 сағат қолдау» атты қайырымдылық марафонын өткізді.
Бұдан бөлек, басқа елдер де көмек қолын созып жатыр. Мысалы, Тәжікстаннан жіберілген гуманитарлық көмектің алғашқы легі – 61 вагон жүк Қазақстанға келді. Өзбекстан берген 15 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек те еліміздің шекарасынан өтіп, зардап шеккен аймақтарға жол тартқан. Боржоми қаласының муниципалитеті Атырауға «Боржоми» минералды суының 3 мың бөтелкесін гуманитарлық көмек ретінде жіберген. Сондай-ақ Еуропалық одақ ең көп зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде 200 000 еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлді.
Бұл ретте дағыстандық Омарасхаб Ахмедов туралы да айта кеткен дұрыс шығар. Ол тасқыннан қорғануға пайдалану үшін Атырауға 50 мың қап әкеп берді. Дағыстандық азамат 50 қап салынған сөмкелерді жеткізу үшін 24 сағат жол жүрген.
Осы күндері су басқан өңірлерде 4 634 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 17 әуе кемесі үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Осы орайда, жеке компаниялардың апатпен күреске өз меншігіндегі техникаларды жібергенін айта кеткен жөн. Мәселен, NCOC компаниясы Атырау облысына көмек ретінде 50-ге жуық арнайы техника бөлген. Соколок арнасының бойында ұзындығы 24 шақырымдық қорғаныш дуал тұрғызуға 19 дана арнайы техника мен 34 адам жіберілді.
«Теңізшевройл» және мердігер компаниялар барлығы 90-ге жуық арнайы техника, 30 астам автобусын тасқынмен күреске жіберді. Сондай-ақ, Атырау облысы Жылыой ауданынына азық-түлік пен жанар-жағар май өнімдерін ұсынды. Өңірлерде апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға QazaqGaz компаниялар тобының 915 қызметкері, шамамен 205 дана техникасы жұмылдырылған. Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысына тартылған 99 техника да тасқын сумен күреске бағытталған.
Әрине, қарапайым халықтың құмды қаптап, оны бөгет салуға әзірлеуі көңілді елжіретеді. Дегенмен, тасқынға қарсы күрестегі негізгі жұмыс ауыр техникаға байланысты екені айтпаса да түсінікті. Оншақты адам атқаратын жұмысты бір экскаватор әп-сәтте тындырады.
Көп түкірсе – көл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барғанда зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсетуге кәсіпкерлер де араласу керек екеніне назар аударған болатын. «Елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көреді», деді Қ.Тоқаев.
Бірқатар компания табиғи апатпен күресуге қомақты қаржы бөліп отыр. Мәселен, Kaspi.kz тең құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 20 млрд. теңге аударатынын мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» компаниясы халыққа көмек қоры ретінде 15 млрд теңге бөлген. «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы 3 миллиард теңге, «Теңізшевройл» – 2 миллиард теңге, Freedom Holding компаниясы, Halyk bank, Air Astana миллиард теңгеден аударды. Бұдан бөлек, қаржы бөлген компаниялар жетерлік.
Елімізге белгілі тұлғалар да қаржылай көмек беріп жатыр. Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы – Димаш Құдайберген тасқыннан зардап шеккендерге 15 миллион теңге аударды. Сондай-ақ Ақтөбе және Құлсары қалаларында қарапайым халықпен, құтқарушылармен кездесіпті. Танымал әншінің осындай сәтте тұрғындардың хал-жағдайын сұрап келуі көңілге медеу болып, жігерлендіретіні сөзсіз.
Ал «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов астындағы темір тұлпарын сатып, одан түскен қаражатты Қызылжар өңіріне көмекке жіберетінін хабарлады.
Көптеген қайырымдылық жасап, әлеуметтік желіде «Бетперде киген жігіт» атымен танылған белгісіз жан тасқыннан зардап шеккендерге 450 миллион теңге аударды. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева зардап шеккен өңірлерге 5 миллион теңге жіберді.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қорына бес жүзге жуық адам қаражат жіберген екен. Шет елдердегі қазақстандықтар да қаражат жинауға кіріскен. Қиындыққа душар болған тұрғындарға көмек қолын созған компаниялар мен қарапайым адамдардың тізімі мұнымен бітпек емес. Қысқасы, бүкіл халық ақша жинап, «көп түкірсе көл» екенін дәлелдеді.
Басты байлық – бірлік
Күрмеу жіптің бір қолмен байланып, бір қолмен шешілмейтін жақсы білген бабаларымыз «бірлігі жоқтың – тірлігі жоқ» деп өсиет қалдырыпты. Көне түркі жұртының билеушісі Күлтегін «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады» дейді.
Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста «қамқорлық жасауға» ұмтылған кей елдер өздеріндегі индивидуализм ұғымының мағынасын майыстырып енгізуге тырысқанын мамандар айтып жүр. Соның салдарынан ынтымағы жарасқан елге жік түсіп, бұрынғы салт-санамызды мансұқтауға көштік. «Төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» ұмытып, «алтау ала болып, ауыздағымыз кетті». Әйтпесе, қазақ халқы қоғам татулығы мен бірлікті әрдайым жоғары қойғаны белгілі. Қай салт-дәстүрді алып қарасаңыз да, осыған үндейді.
Құдайға шүкір, тасқын кезінде ынтымақ пен бірлік таныта білдік. Биылғы табиғи апат ұлттық жадымызда бар, бірақ заман ағымына сай сана түкпірінде жасырын қалған осындай асыл қасиетімізді қайта оятты. «Құдайдың өзі берекесі бекем, бірлігі мығым қауымға алдымен көмектеседі» деп пайымдайды қаламгер Әбіш Кекілбайұлы. Бәлкім, Жаратқанның өзі халқымыздың ұлттық болмысын сақтап қалуын қалап тұрған шығар. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «ауыртпалықпен бірге жеңілдік бар» деп ескертеді. Ендеше тасқыннан кейінгі жеңілдік – қоғам санасының жаңғыруы болар, бәлкім?!
Америкалық психиатр Трэйси Асамоа адамдар қиыншылық кезде ынтымақ танытуы физикалық, эмоциялық, психологиялық болмысын жақсартатынын жазыпты. «Адамзат – әлеуметтік жаратылыс, ынтымақтастықта өмір сүруге бейімделген. Бұл – ресурстарды жинауға, бөлісуге таптырмас тәсіл. Физикалық және эмоциялық болмысымызға зор ықпалын тигізеді» дейді зерттеуші.
Тобықтай сөздің түйіні...
Дәл қазір табиғи апат кезінде ұлттық құндылықтарымызға қайта оралып, ынтымақ пен бірліктің озық үлгісін көрсетіп отырмыз. Қазақ халқының ғасырларға созылған тарихында тағдырдың тезіне тап келген, сын сағаты туған сәттер аз болған жоқ. Ортақ мүдде аясында ұйысып, бірлік танытып, қашан да замана тауқыметінен аман-сау қалыппыз.
Биылғы табиғи апат та – осындай қиын-қыстау кезеңнің бірі. Халқымыз ұйымшылдық көрсетіп, асар жасап, бір-бірімізге қолдау білдіру арқылы мұндай қауіп-қатерден құтылатынымыз анық. Тасыған су басылар, қираған дүние-мүлік қалпына келер, шығынның өтемі жасала жатар. Бірақ дәл қазіргідей сын сағатындағы халықтың бірлігі мен тұтастығы ешқашан бұзылмауы қажет. Мұндай асыл қасиетіміз апат кезінде ғана көрініс таппай, күделікті қалыпты қасиетке айналғаны жөн.
Алихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,
журналист