Көктемгі су тасқынының салдары ауыр. Жер-жерді су басып, үйлер мен көшелерді шайып, төрт түлік мал қырылды. Елді әбігерге салып, қаншама шығын келтірген табиғи апат халқымыздың ауызбірлігін, ынтымағын тағы бір сынады.
Ағайын аянып қалған жоқ
Тасқын судан келген зардап орасан. Кей сарапшылар шығын көлемі 200 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін болжайды. Дегенмен бұл табиғи апат бір нәрсені анық көрсетіп отыр. Халық біріксе, алынбайтын қамал жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аймақтарға барып, тұрғындармен кездесіп, халықтың хал-жағдайын сұрады. Ешкімнің назардан тыс қалмайтынын, әрбіріне көмек көрсетілетінін, шығынның өтемі жасалатынын жеткізді. Қиын сәтте Мемлекет басшысының қарапайым халықпен жолығуы жабырқаған жандарға дем беріп, көңілге медеу болады. Президенттің апаттан зардап шеккен өңірлерді аралауы билік пен халықты жақындастырады.
Қоғам апат кезінде ауызбіршілік таныта білді. Оның бір мысалын Құлсарыдан аңғардық. Өздеріңізге мәлім, су басқан қаладан 20 мыңға жуық адам Маңғыстау өңіріне эвакуацияланды. Маңғыстаулық такси жүргізушілері дүние-мүлкі мен баспанасын тастап, көшуге мәжбүр болған тұрғындарды тегін тасыды. Сондай-ақ Құлсарыдан Атырауға пойызбен жеткен жолаушыларды да қаладағы такси жүргізушілері діттеген жеріне дейін пұл сұрамай жеткізіпті. Тасқын қауіп төндірген басқа аймақтарда да жүргізушілер осындай қайырымдылық жасап жүр. Қиын сәтте құлқынның қамын емес, елдің амандығын тілеп, жүргізушілердің ақы-пұлсыз қызмет етуіне қалай риза болмайсың?
Әрине, құтқару жұмыстары кезінде тасқыннан зардап шеккендерді қауіпсіз жерге орналастыруды биліктің ұйымдастырғаны белгілі. Бірақ қарапайым халық та аянып қалмады. Маңғыстаудағы Бейнеу сынды қауіпсіз жерге көшірілген адамдарға пана тауып беру мәселесіне де жергілікті тұрғындар бел шеше кірісті. Бірі үйін ұсынып жатса, келесісі уақытша орналастыру пункттерінде күндіз-түні қызмет көрсетті. Қазан-ошағын көтеріп келіп, ас-су әзірлеп, тасқынмен күресіп жатқан құтқарушыларға таратты. Қысқасы, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың нағыз үлгісін көрсетті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне жүгінсек, құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 46 мың адам жұмылдырылған. Құтқарушылармен бірге тұрғындар да күндіз-түні апаттың салдарын жоюға, жаңа тасқынға жол бермеуге барын салып жатыр. Күндіз жұмысқа барып, кешке үйіне қайтпай, толарсақтан су кешіп, тасқынмен күресіп жүргендер туралы әлеуметтік желілерден естіп-көріп отырмыз. Тіпті кішкентай балалардың да қап толтыруға көмектесіп жатқанын көргенде көзге жас келеді. Мысалы, Атырауда бес жастағы Алдияр есімді бала өзінен үлкен күрек ұстап, топырақ салып жатқаны көпшілікті сүйсінтті. Маңғыстауда Ақшұқыр аулында 4-сыныпта оқитын Нұрасыл есімді бала жинап жүрген ақшасын Құлсары қаласына көмекке беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Аймақтардан көптеген ерікті келіп, құтқару жұмыстарына белсене араласты. Волонтерлер халықты қауіпсіз орындарға көшіру, суды бөгеттеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз етумен айналысып жүр.
Еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама тонна гуманитарлық көмек келіп жатыр. Боржоми қаласының муниципалитеті Атырауға «Боржоми» минералды суының 3 мың бөтелкесін гуманитарлық көмек ретінде жіберген. Сондай-ақ Еуропалық одақ ең көп зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде 200 мың еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлді.
Бұл ретте дағыстандық Омарасхаб Ахмедов туралы да айта кеткен дұрыс шығар. Ол тасқыннан қорғануға пайдалану үшін Атырауға 50 мың қап әкеп берді. Дағыстандық азамат 50 мың қап салынған сөмкелерді жеткізу үшін 24 сағат жол жүрген.
Осы күндері су басқан өңірлерде 4 634 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 17 әуе кемесі үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Жеке компаниялардың да апатпен күреске өз меншігіндегі техникаларды жібергенін айта кеткен жөн. Мәселен, NCOC компаниясы Атырау облысына көмек ретінде 50-ге жуық арнайы техника бөлген. Соколок арнасының бойында ұзындығы 24 шақырымдық қорғаныш дуал тұрғызуға 19 дана арнайы техника мен 34 адам жіберілді.
«Теңізшевройл» және мердігер компаниялар барлығы 90-ға жуық арнайы техника, 30-дан аса автобусын тасқынмен күреске жіберді. Сондай-ақ Атырау облысы Жылыой ауданынына азық-түлік пен жанар-жағармай өнімдерін ұсынды. Өңірлерде апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға «QazaqGaz» компаниялар тобының 915 қызметкері, шамамен 205 дана техникасы жұмылдырылған. Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысына тартылған 99 техника да тасқын сумен күреске бағытталған.
Қарапайым халықтың құмды қаптап, оны бөгет салуға әзірлеуі көңілді елжіретеді. Дегенмен тасқынға қарсы күрестегі негізгі жұмыс ауыр техникаға байланысты екені айтпаса да түсінікті. Он шақты адам атқаратын жұмысты бір экскаватор әп-сәтте тындырады.
Көп түкірсе – көл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барғанда зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсетуге кәсіпкерлер де араласу керек екеніне назар аударған еді.
«Елімізде «Forbes» тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көреді», деді Қ.Тоқаев.
Бірқатар компания табиғи апатпен күресуге қомақты қаржы бөліп отыр. Мәселен, «Kaspi.kz» тең құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 20 млрд теңге аударатынын мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» компаниясы халыққа көмек қоры ретінде 15 млрд теңге бөлген. «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы – 3 млрд теңге, «Теңізшевройл» – 2 млрд теңге, «Freedom Holding» компаниясы, «Halyk bank», «Air Astana» 1 млрд теңгеден аударды. Бұдан бөлек, қаржы бөлген компаниялар жетерлік.
Елімізге белгілі тұлғалар да қаржылай көмек беріп жатыр. Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы Димаш Құдайберген тасқыннан зардап шеккендерге 15 млн теңге аударды. Сондай-ақ Ақтөбе және Құлсары қалаларында қарапайым халықпен, құтқарушылармен кездесіпті. Танымал әншінің осындай сәтте тұрғындардың хал-жағдайын сұрап келуі көңілге медеу болып, жігерлендірері сөзсіз.
Ал «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов астындағы темір тұлпарын сатып, одан түскен қаражатты Қызылжар өңіріне көмекке жіберетінін хабарлады.
Көптеген қайырымдылық жасап, әлеуметтік желіде «Бетперде киген жігіт» атымен танылған белгісіз жан тасқыннан зардап шеккендерге 450 млн теңге аударды. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева зардап шеккен өңірлерге 5 млн теңге жіберді.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қорына 500-ге жуық адам қаражат жіберген екен. Шетелдердегі қазақстандықтар да қаражат жинауға кіріскен. Қиындыққа душар болған тұрғындарға көмек қолын созған компаниялар мен қарапайым адамдардың тізімі мұнымен бітпек емес. Қысқасы, бүкіл халық ақша жинап, «Көп түкірсе – көл» екенін дәлелдеді.
Басты байлық – бірлік
Күрмеу жіптің бір қолмен байланып, бір қолмен шешілмейтін жақсы білген бабаларымыз «Бірлігі жоқтың – тірлігі жоқ» деп өсиет қалдырыпты. Көне түркі жұртының билеушісі Күлтегін «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады», дейді.
Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста «қамқорлық жасауға» ұмтылған кей елдер өздеріндегі индивидуализм ұғымының мағынасын майыстырып енгізуге тырысқанын мамандар айтып жүр. Соның салдарынан ынтымағы жарасқан елге жік түсіп, бұрынғы салт-санамызды мансұқтауға көштік. Әйтпесе, қазақ халқының татулық пен бірлікті әрдайым жоғары қойғаны белгілі. Қай салт-дәстүрді алып қарасаңыз да, осыған үндейді.
Тасқын кезінде ынтымақ пен бірлік таныта білдік. Биылғы табиғи апат ұлттық жадымызда бар, бірақ заман ағымына сай сана түкпірінде жасырын қалған осындай асыл қасиетімізді қайта оятты. «Құдайдың өзі берекесі бекем, бірлігі мығым қауымға алдымен көмектеседі» деп пайымдайды қаламгер Әбіш Кекілбайұлы. Бәлкім, Жаратқанның өзі халқымыздың ұлттық болмысын сақтап қалуын қалап тұрған шығар. Ендеше, тасқыннан кейінгі жеңілдік – қоғам санасының жаңғыруы болар, бәлкім?
Америкалық психиатр Трэйси Асамоа адамдар қиыншылық кезде ынтымақ танытуы физикалық, эмоциялық, психологиялық болмысын жақсартатынын жазыпты. «Адамзат – әлеуметтік жаратылыс, ынтымақтастықта өмір сүруге бейімделген. Бұл – ресурстарды жинауға, бөлісуге таптырмас тәсіл. Физикалық және эмоциялық болмысымызға зор ықпалын тигізеді», дейді зерттеуші.
P.s. Дәл қазір табиғи апат кезінде ұлттық құндылықтарымызға қайта оралып, ынтымақ пен бірліктің озық үлгісін көрсетіп отырмыз. Қазақ халқының ғасырларға созылған тарихында тағдырдың тезіне тап келген, сын сағаты туған сәттер аз болған жоқ. Ортақ мүдде аясында ұйысып, бірлік танытып, қашанда замана тауқыметінен аман-сау қалыппыз. Биылғы табиғи апат та – осындай қиын-қыстау кезеңнің бірі. Халқымыз ұйымшылдық көрсетіп, асар жасап, бір-бірімізге қолдау білдіру арқылы мұндай қауіп-қатерден құтылатынымыз анық. Тасыған су басылар, қираған дүние-мүлік қалпына келер, шығынның өтемі жасала жатар. Бірақ дәл қазіргідей сын сағатындағы халықтың бірлігі мен тұтастығы ешқашан бұзылмауы қажет. Мұндай асыл қасиетіміз апат кезінде ғана көрініс таппай, күделікті қалыпты қасиетке айналса игі.
Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,
журналист