Алматылық мектеп оқушылары демалыс күндерін тиімді пайдаланып, қаладағы саябақтардың біріне мыңнан аса құс ұясын орнатты. Балдырғандарға айрықша жігер берген жоба «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында қанат қағып отыр.
«Family» саябағына жиналған 200-ден аса жеткіншек Алматы тұрғындарын тәнті етті. Экологиялық жобаға үн қосқан өрендер – қаланың Әуезов ауданындағы DamuBala шығармашылық үйірмелерінің шәкірттері. Көктем шыға шаһардың әр мектебінде «Құстарға ұя сыйлайық» челленджі ұйымдастырылып, оған үн қосушылар саны арта түскен. Мектеп аулалары мен басқа да саябақтарда пайда болған құс ұялары көрген жанның көңіліне жылылық ұялатады.
«Бұл акцияның мақсаты – экологиялық белсенділікті насихаттау және өскелең ұрпақты қоршаған ортаны аялау мен қорғауға баулу. Құстарға ұя салып, табиғатпен етене сырласқан балдырғандарға белгілі әнші Тоқтар Серіков келіп, алғыс айтып, әнмен шашу шашты. Оқушыларымыз дән риза», дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Айбану Қожабекова.
Оқушылар мыңдаған құс ұясын «Технология» сабағында жасаған. Айрықша бастама алдағы демалыс күндері де жалғасын таппақ.
Еске салсақ, сәуірден бастап мегаполисте «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны тұсауын кескен еді. Жобаға сәйкес әрбір тұрғын қаланы дамыту мен көркейтуге үлес қоса алады. Мәселен, қаланың белсенді жастарының басқосуы өтіп, бірнеше экологиялық жоба таныстырылды. Атап айтқанда, қаладағы 11 жоғары оқу орындарының атынан 11 экожоба ұсынылған. Олардың арасында қатты қалдықтарды қайта өңдеуге, тамақ қалдықтарын биотыңайтқышқа айналдыруға, қайта өңделген пластик қалдықтарынан тұрмыстық заттарды өндіруге, көшет отырғызу мен жануарларды қорғауға қатысты жобалар қолдау тапқан.
«Біз авторлық шамдарды жасауды қамтитын «ReCyGlass» жобасын таныстырдық. Шыны бөтелкелерді қайта өңдеп, оларды бірегей дизайны бар шамдарға айналдырамыз. Жоба қоршаған ортаға теріс әсерді азайтумен қатар, ластану мәселесіне және тұрақты тұтыну тәжірибесіне көшу қажеттілігіне назар аударады», дейді Нархоз университеті экология факультетінің 4-курс студенті Сая Күншашева.
АЛМАТЫ