Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны зардабын жою, қауіптің бетін қайтару мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға белсенді қатысқан Ұлттық ұлан академиясының курсанттары Мемлекет басшысының атынан қолсағаттармен марапатталды.
Петропавл қаласының шағын аудандары мен іргесінде орналасқан елді мекендерді судан қорғау жұмыстарында белсенді қызмет атқарған Ұлттық ұлан академиясының 4-оқу батальонына қарасты 3-бөлімшесінің командирі, сержант Аян Қали, 1-оқу батальоны 4-бөлімшесінің курсанты Асқар Жалелов, 1-оқу батальоны 3-бөлімшесінің курсанты Роман Морковинге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы сыйлық табысталды.
– Біз наурыз айының соңында басталған табиғи апаттан тұрғындарды, олардың баспаналарын қорғауға атсалысып келеміз. Тасқын суды тежеу үшін бөгеттер тұрғыздық. Мемлекеттік маңызды нысанды судан аман алып қалдық. Біздің мақсатымыз – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қызметімізді бағалап жатқаны бізді қуантып отыр, – деді сержант А.Қали.
Айта кетейік, дәл осындай құрметке Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінің 7 жауынгері де ие болды.