ӘДІЛЕТ
Халқы заңын сыйлайтын,
сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Сәкен АБДУЛЛАЕВПЕН әңгіме
– Сәкен Жүсіпахметұлы, Мемлекет басшысы судьялардың VІ съезінде: «... Сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз» деген болатын. Бүгінгі күні Елбасы межелеген міндеттердің орындалу барысы қай дәрежеде? – Еліміздің мемлекет болып қалыптасып, өркендеуіне, экономикасының қарыштап дамуына, Елбасы межелегендей, дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына сот жүйесінің қосар үлесі зор. Судьялардың VІ съезінде Президент қазақстандық Фемиданың экономикада алдағы кезеңде болатын үлкен өзгерістерге дайын болуы керектігін алға тартты. Бұл дегеніңіз, сот жүйесінің алдына уақыттың кез келген сын-қатерінен биікте болу міндетін жүктеу деген сөз. Бүгінде еліміздің сот жүйесі мемлекеттік биліктің пәрменді тармағы болып табылады. Ол үздіксіз даму үстінде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы арқасында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін жүйе қалыптасып келеді. Елбасының тікелей тапсырмасымен сот жүйесінің алдына бірқатар міндеттер жүктелді. Мемлекетіміздің даму жолының, өзге елдермен экономикалық, құқықтық және басқадай тығыз байланысқа шығуы қолданыстағы заңдарымыздың реформалануын талап етті. Сөйтіп үстіміздегі жылы жаңа қылмыстық, азаматтық, әкімшілік заңнамалар қабылданды. – Сөз реті келгенде әскери соттың құрылуы және құрылымы жөнінде айта кетсеңіз... – Қазақстан Республикасы Әскери сотының тарихы мемлекетіміздің ұлттық тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Әскери соттардың тарихы 1992 жылы ҚазКСР аймағындағы әскери трибуналдар Қазақстан Республикасының құзырына өткеннен бастап бастау алады. Жаңадан құрылған әскери соттарда судьялардың саны аз болуына байланысты Президенттің 1992 жылғы 11 маусымдағы «Әскери соттар мен әскери прокуратура бөлімдері туралы» қаулысына сәйкес әскери соттарда әскери міндетін атқару үшін жоғарғы заң білімі бар 45 маман шақырылды. 1993-1994 жылдар аралығында республикамызда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен гарнизондардың әскери соттары құрылды. Әскери соттардың құрылымы басқа соттардың құрылымынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Қазақстан Республикасының Әскери соты облыстық соттардың мәртебесіне теңестірілген, құрамына апеллеяциялық және кассациялық сот алқалары кіреді. Республикадағы он гарнизонның әскери соттары қалалық және аудандық соттардың дәрежесіне теңестірілген. Қазақстан Республикасы Әскери сотының судьялары – Үкіметтің, Жоғары Сот Төрағасының, ҚР Судьялар одағының құрмет белгілерімен марапатталған сот жүйесінің белгілі мамандары. Қазақстан Республикасының Әскери соты, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотымен бірге елордаға көшірілді. – Жасыратыны жоқ, қорғаныс саласындағы коррупциялық қылмыс туралы алыпқашты әңгімелер өрбіп тұр. Осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар атқарылып жатыр? – Өткен жылдың 6 наурызында Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен жедел-стратегиялық мәжіліс өткізіліп, Қарулы Күштердің дамуымен бірге сот және құқық қорғау органдарының бірлесіп әскер ішіндегі жемқорлыққа қарсы күресу, заңдылықты қамтамасыз ету, әскери қызметкерлердің беделін көтеру мәселелері сараланып, нақты іс-шаралар белгіленді. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ірі мөлшердегі пара алу фактілеріне байланысты қоғамда Қарулы Күштер туралы теріс пікір пайда болғанына қарамастан әскер қатарында жемқорлық жағдайы өршіп тұрған жоқ деп айтуға сот статистикасын талдау негіз бола алады. Жемқорлық сияқты қоғамдық дерт мемлекетіміздің басқа да салаларында кездеседі. Негізінен сыбайлас жемқорлық Қарулы Күштеріміздің мемлекеттік сатып алу жүйесінде кездесетінін атап өту қажет деп санаймыз. Сондықтан, ҚР Әскери соты «Мемлекеттік сатып алу» Заңына Қорғаныс министрлігін ұйымдастырушы деңгейінен алып, оны тек тапсырыс беруші, бақылаушы мекеме ретінде қалдырып, министрліктің ішінен ішкі қауіпсіздік қызметін құру туралы ұсыныс енгіздік. – Әскери соттың төрағасы ретінде, өзіңіз басқарған салада ең көкейкесті мәселе неде деп ойлайсыз? – 1998 жылдан бастап азаматтар мен әскери қызметшілердің әскери соттарға өздерінің құқығын қорғау үшін жүгінуі артты. 8 мыңнан астам әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 1 сәуірдегі «Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын қызметкерлерді қаржыландырудың бірыңғай жүйесі туралы» өкіміне сәйкес сыйақыларын төлеп беруге талап-арыз беріп, барлық талаптары қанағаттандырылды. Ерекше айта кететін жайт, әскери қызметтен босаған әскери қызметшілерді үймен қамтамасыз ету мәселесі көкейкесті болып отыр. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының Әскери соты әскери және тұрғын үй заңнамалары мен Конституциясын басшылыққа ала отырып, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырды. – Қай салада болмасын ең бастысы жұмыстың сапасын арттыруға көңіл бөлінеді. Осы мақсатта сіз басқарған ұжымда қандай жұмыстар жасалып жатыр. – Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесін жетілдіру үрдісі жаңа пәрменмен жүргізілуде. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгеріс енгізіліп, судьялардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, судья лауазымына үміткерлерді конкурстан іріктеп өткізу шаралары жетілдірілді. Судьялардың VI съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев судьялардың кәсіби біліктілігіне үлкен мән беру керектігіне ерекше тоқталды. Судья өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек, тіпті кішкентай қатенің зардабы үлкен болуы мүмкін. Сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру мақсатында заманауи жаңа құралдарды енгізу, сот залдарын аудио-бейнеқұрылғыларымен жабдықтау және тағы да басқа жаңалықтарды енгізу арқылы іске асыру сот процесіне қатысушылардың тәртібін шыңдап, негізсіз арыз-шағымдардың азаятынына сенімдіміз. Заманауи ақпараттық құралдардың дамуы судьялар жұмысының жеңілдеуіне көп септігін тигізуде. – Сәкен Жүсіпахметұлы, сөз соңында өзіңізді толғандырып жүрген мәселе туралы айтып өтсеңіз... – Болашақта әскери соттарға тек әскери қызметкерлерге ғана қатысты емес, сонымен қатар «Құқық қорғау органдары туралы» Заңында көрсетілген басқа да арнайы мемлекеттік қызметкерлердің де қылмыстық істері қаралса дұрыс болар еді. Себебі, олар мемлекеттік құпияларға қатысты мәселелермен шұғылданады, мемлекеттің мүддесі ескерілетін мәселелерге қатысы бар. Әрі жалпы соттардың іс қараудағы үлес салмағы да азайған болар еді. Сондай-ақ, бір жағы әскери органдарға қатысы бар, яғни заңды тұлғалар арасындағы азаматтық және осындай әкімшілік істердің де әскери сотқа берілгені орынды болар еді. Сөз реті келгенде айтып өткім келетін тағы бір мәселе, сот саласы алдындағы атқарылса екен дейтін бір шаруа еді. Бүгінгі күні бір облыстық сотта апелляция және кассация деп аталатын екі саты бар. Менің ойым, облыстық сот апелляция соты болып қалса, ал кассациялық саты еліміздің 5-6 аймақтық соты болып құрылса деймін. Және ол ешқандай қосымша бюджеттік қаражатты, немесе судьяның санын көбейтуді қажет етпейді. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес, әрбір адам өзін еркін, құқығы қорғалған, тәуелсіз өмір сүретін қоғамды қалыптастыру үшін еңбек етуіміз керек.Заңдылықты нығайту – абыройлы міндет
Мұхамеджан ПАҚІРДИНОВ, Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы. Мемлекет басшысы сот жүйесінің идеологиясын өзгертуге алғашқы күндерден-ақ айрықша назар аударды. Ол соттарды бірыңғай жазалау бағытымен кетуден сақтандырып, керісінше, оны кез келген азаматтың өз мүдделері мен өз құқығын қорғайтын орынға айналдыру арқылы беделін көтеруді тапсырды. Сот жүйесінің бүгінгі атқаратын қызметі мен рөлінің қандай болу керектігі Елбасының судьялардың кезекті VІ съезінде сөйлеген сөзіндегі: «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», деген тұжырымынан да анық көрінеді. Сондықтан да сот процестеріне сот талқылау хаттамасының сапасы мен толықтығын қамтамасыз етіп, бекітетін, сондай-ақ сот төрелігін белгілі бір арақашықтық режімімен басқарудың тиімді тетігі ретінде электронды жүйені енгізу тапсырылған болатын. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының осы тапсырмасын ойдағыдай жүзеге асырудың нәтижесінде сот мәжілістерінің залдарын техникалық жабдықтармен жарақтандыру сот процестерінің 60-тан астам пайызын қамтиды. Жоғарғы Соттың Төрағасы Қ.Мәми Елбасының сот жүйесін нығайтуға қатысты өзекті мәселелердің төркініне тереңінен үңіліп, оларды оңтайлы шешуге қатысты пәрменді шаралар қабылдап отырғанын орынды атап өтті. Қазіргі кезде ел Парламенті сот реформасын одан әрі жалғастыру, судьялардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайту, судьялыққа үміткерлерді конкурстық іріктеу мәселелеріне қатысты «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізудің жаңа заң жобасын талқылау үстінде. Жоғарғы Сот тарапынан судьялар корпусының алдында халықтың сот жүйесіне деген сенімін күшейту арқылы сот беделін қалыптастыруға байланысты жауапты да өткір мәселелердің тұрғандығы ескеріле отырып, қолданыстағы сот жүйесін заман талабына сай жетілдіруге қатысты маңызды шаралар қабылдануда. Таяуда Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми бірқатар шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдігінің басшыларымен өткен кездесу барысында отандық сот жүйесінің бүгінгі ахуалы мен оны әрі қарай реформалаудың жолдары туралы әңгімеледі. Шетелдік қонақтарға сот саласы басшысының келешекте соттағы дауларды қарауды шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткізілетіндігі туралы жаңалығы қатты ұнады. Дәл осы жерде соттарды мамандандыру идеясын алғашқылардың бірі болып қолдап, оны тәжірибеге енгізу жөнінде бастама көтерген адамның бірі Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми екендігін айта кеткен орынды. Еліміздің әскери соттары жергілікті соттардың біртұтас жүйесіне енеді және мамандандырылған деп саналады. Әскери соттардың бір ерекшелігі оларда әскери басқарма органдары мен әскери қызметшілерге қатысты қылмыстық және азаматтық істер қаралады. Сот мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде әскери қызметшілердің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Алматы гарнизонының әскери соты 1992 жылы құрылды, оған дейін бұл қызметті өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғынан бастап жасақталған әскери трибунал атқарып келді. Алматы гарнизоны әскери сотының аумағына Қапшағай, Гвардия әскери гарнизондары енеді. Әскери соттың тарихында оның бұрынғы төрағалары Ф.Фоменконың, Ю.Карантаевтың, С.Краснопевцевтің және қазіргі көздері тірі, қатардағы ардагерлері З.Әшитовтің, Г.Шамшонковтің, С.Голубятниковалардың сіңірген еңбектерінің жарқын іздері сайрап жатыр. Жылдан-жылға әскери сот төрелігіне жүгіну арқылы өздерінің құқықтарын қорғайтын азаматтар мен әскери қызметшілердің саны артып келеді. Сотта қаралатын істердің басым бөлігін тұрғын үй және еңбек даулары құрайды. Судьялар істерді қарау барысында ақпараттық технологияның жетістіктерін тиімді пайдаланады. Көптеген қылмыстық және азаматтық істер құқыбұзушылықтың алдын алу мақсатында көшпелі сот мәжілістері арқылы әскери бөлімдердің өздерінде қаралады. Соттар тарапынан Қарулы Күштеріміздегі заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мақсатында сот-құқықтық шараларын қолдануға мән беріледі. Әскери қылмыстардың жасалуына ықпалын тигізген жағдайлар мен себептерді шұғыл түзету үшін судьялар әскери бөлімдер мен шекаралық қызметтің және Қорғаныс министрлігі басшыларының аттарына жеке қаулылар шығарады. 50-ден астам азаматтық сипаттағы іс Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті» сайтының интернет байланысын пайдалану арқылы қаралады. Күнделікті жұмыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және істі қарау барысындағы кемшіліктерге жол бермеуге көңіл аударамыз. Қазыларымыздың дені қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілген. Соңғы екі жыл көлемінде төрт маманымыз Президенттің Жарлығымен судья болып тағайындалды. Әскери соттардың қызметтерін ұйымдастыру, біртұтас сот тәжірибесін қалыптастыру, тәртіпті нығайту бағытында Әскери сот пен оның төрағасы С.Абдуллаевтың тікелей басшылық жасауымен көптеген істер атқарылды. Өзге құқық қорғау органдарымен арадағы қарым-қатынасты күшейту, сот қызметін жақсарту мақсатында Әскери сот Қарулы Күштеріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сот актілерінің орындалуы, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану сияқты тағы да басқа мәселелер жөнінде дөңгелек үстелдер өткізді. Бүгінгі күні еліміздің әскери соттары толық қалыптасты деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Олардың атқарып отырған жұмыстары құқықтық мемлекеттің талаптарына толығымен жауап береді және әскери қызметшілердің құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауға қабілетті. Әскери соттар осындай табысты жұмыстары арқылы халықтың өздеріне деген сенімін нығайтуға тиісті. Өз басым сот жүйесінің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы арқасында сот әділдігі мен қоғамымыздағы тұрақтылықты қамтамасыз ете алатындығына кәміл сенемін. *Анықтама үшін Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы – Абдуллаев Сәкен Жүсіпахметұлы Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы – Нұрбеков Айдын Маратұлы Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы – Мырзабеков Есмахан Ормаханұлы * * * Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы – Молдабаев Даулет Сарсембайұлы Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы – Пақірдинов Мұхамеджан Ахмедияұлы Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы – Молышев Мақсат Қыйсамаденұлы Ақтөбе гарнизоны әскери сотының төрағасы – Дәрібаев Баязид Сұлтанғалиұлы Қарағанды гарнизоны әскери сотының төрағасы – Байжанов Қыпшақ Сейдағұлұлы Қостанай гарнизоны әскери сотының төрағасы – Исабеков Айдар Оразанұлы Талдықорған гарнизоны әскери сотының төрағасы – Байдуақасов Қайыржан Мәлікұлы Өскемен гарнизоны әскери сотының төрағасы – Сарсенбаев Санат Слямжанұлы Семей гарнизоны әскери сотының төрағасы – Жүнісбеков Асқарбек Жүнісбекұлы Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасы – Мынбатыров Ғалымжан Қамбатырұлы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы – Ахметжанов Ербол Ұлтайұлы Арнаулы бетті әзірлеген Шарафаддин ӘмірОВ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.