Біздің ауыл таза қазақы болса да, ішінара өзге ұлт өкілдері де қоныстанған. Олардың бәрі тың игеру жылдары келген. Бала күнімізде қазір алпыстан асқан ағаларымыз солармен жаға жыртысып, талай төбелескенін жыр қылып айтатын. Біз соны ұйып тыңдайтынбыз. Тың игерушілердің дені кейін қайта көшіп кетті. Бес-алты отбасы ғана тұрақтап қалды. Соның бірі – Раяның үйі.
Үлкендер оны солай атағанымен, біз «тётя Рая» дейміз. Жарықтық, жақсы адам еді. Бағандай тіп-тік жүретін. Көп сөзі жоқ, біртоға. Өмір бойы кеңшарда есепші болып еңбек етті. Зейнеткерлікке де содан шықты-ау. Ал жолдасының бейнесі еміс-еміс есімде. Толықша келген орта бойлы кісі. Өзі ойынпаз. Әсіресе бала көрсе, сұқ саусағымен түртіп ойнайды. Майдангер. Соғыстан лейтенант шенімен оралыпты. Содан жұрт «лейтенант» атап кеткен. Үнемі «Урал» мотоциклімен ызғып жүреді. Бірде әжем екеумізді үш аяқты көлігімен қонаққа апарып тастады. Әжем марқұм риза болып, кәрі тілін бұрап «спасибо» деді. Оған ол шиқ-шиқ күлді. Сол есімде қалыпты.
Рая тәтенің бір ұл, бір қызы болды. Екеуі де бізден үлкен. Ұлының есімі – Виктор. Ауыл адамдары «Витя» дейді. Жігіттің жайсаңы еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Бесаспап. Көлікті де оңдайды, жарықты да жөндейді. Қателеспесем, ауылда монтер болып істеді. Әттең ғұмыры ерте үзілді. Әкесі секілді ол да мотоцикл мінетін. Ақыры ажалы содан келді. Ал қызы қалаға оқуға кетіп, сонда тұрмысқа шыққан.
Ері мен ұлынан ерте айырылса да, ол кісі қайғыға мойымады. Сабырлық танытты. Ауылдағы жалғыз екі қабатты үйін жұмыртқадай ұстады. Ауласы мен сарайы мұнтаздай. Қиқым жатпайды. Бақша екті. Неше түрлі хош исті гүл өсірді. Оның тұздаған капустасы мен қияры қандай дәмді. Аузыңның суы ағып жейсің. Қаз-үйрегі де мол еді. Таңертең олар өзенге билеп басып бара жататын. Азын-аулақ малы да болды. Соның бәрі бір өзіне жететін. Ауыл азаматтары қолдарынан келгенше көмектеседі. Шөбін түсіріп, отынын жинап береді.
Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық біздің ауылды да айналып өтпеді. Ұжымдық шаруашылық тарап, жұмыссыздық белең алды. Тұрғындар бала-шағаның қамымен кәсіп іздеп, басқа жаққа қоныс аудара бастады. Бірақ Рая тәте жылы орнын суытқан жоқ. Топ қазақтың ішінде жалғыз орыс болып тұра берді. Бірақ оны ешкім орыс демейтін. Бәрі туыстай көретін.
Кейін біз де арман қуып, қалаға келдік. Оқу бітіріп, осында тұрақтап қалдық. Ауылға жолымыз сирек түсетін болды. Алайда жылына бір рет болса да ауылға ат басын бұрып, өмірден өткен ата-әжемізге, әкемізге құран бағыштауды ұмытқан жоқпыз. Соңғы рет көргенімде арнайы барып амандастым. Соған мәз болып, қалбалақтап қуанып қалды. Анамды сұрап, сәлем айтты. Бірақ баяғы тіп-тік денесі еңкіш тартып, қартайыпты.
Рая тәте осыдан төрт-бес жыл бұрын жасы сексенге жақындап дүние салды. Ауыл адамдары соңғы сапарына арулап жөнелтті. Аманаты бойынша жолдасы мен баласының жанына жерледі. Сонда мен оның ауылдан неге көшпегенін түсіндім. Өйткені жалғыз қызы сан мәрте қалаға көшіріп әкетемін дегенге көнбеген еді. Өзі ері мен ұлының қасынан мәңгілік топырақ бұйырғанын қалапты. Солай болды да...