Жақында Жаңаөзен қаласында ашық футболдан алғаш рет жарыс өтіп, Маңғыстаудың «Каспий» футбол клубы жеңіске жеткенін хабардар еткен едік. Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың футболға деген қызығушылығы, «Каспий» футбол клубына деген ықыласы Қарақия ауданының Жетібай аулында аталған клуб филиалының ашылуына негіз болды.
Бұл – өңір аудандары арасында алғаш ауданда ашылған филиал. Аудандағы футбол спортын одан әрі дамыту, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ашылған клубта 2013–2015 жылы туған жетібайлық жасөспірімдерден құралған 3 топ жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта спорттық нормативтерді сәтті тапсырған оқушылар кәсіби құрамға алынып, Ақтау қаласына ауыстырылады.
«Үлкен үйге не керек – кіші үйге де сол керек» дегендей, филиалға қажетті құралдар мен спорттық киімдерді «Каспий» футбол клубы қамтамасыз етеді. Ал қатысушылар үшін филиал есігі ашық, яғни тегін. Сондай-ақ футбол спортына қызығып, клубқа тіркелгендер саны көбейсе, қосымша топтар ашу жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысы