• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Сәуір, 2024

Құрылыс жасақтарын құратын кез жетті

92 рет
көрсетілді

Құрылыс жасақтарын құру су басқан аймақтарды қалпына келтіруде маңызды қадам болмақ. Мұндай іс-шара – бір есептен еңбекқор ұрпақ тәрбиелеудің де үлгісі.

Жалпы, елімізде студенттік құрылыс жасақтарына елу жыл толғаны туралы мәселені өткен жылы қозғап едік. Біздің де сондай студенттік құрылыс отрядтарына қа­тыс­қа­нымызға биыл елу жыл толыпты. Осындай қысыл­таяң сәт­терде баяғы кейбір үлгі аларлық тұстарды неге тиімді пай­­даланбасқа?

Елімізде су тасқынынан зардап шеккендер үшін биыл жазда мыңдаған үй-жай, қора-қопсы салу керек. Сондай-ақ жеделдетіп каналдар қазу, су қоймаларын тұрғызу да қажет. Мәліметтерге жүгінсек, биыл елімізде 57 су қоймасы салынуға тиіс екен. Сол үшін де жұмыс күші қажет шығар. Демек қосалқы жұмыстарға тарту үшін болса да студенттік құрылыс жасақтарын ұйымдастырып, су шайған әрбір облыс, аудан, ауылдарға дейін жастарды жұмылдыру керек. Ал жазда қыздар жеміс-көкөніс жинап, асханаларда жұмыс істеп қолғабыс көрсетсе, несі бар.

Каналдар қазу арқылы су қоймаларын толтырып, артық суды Арал, Каспий, Балқаш көлдеріне бағыттаса, Іле мен Сырдария, теңіз-көлдер де қарық болар еді. Осындай каналдар қазу әдісін жеделдетіп қолға алып жатқан көрші Ресейдің де тәжірибесі бізде де маңызды. Бұл салаға да жастардың көмегі қажет.

Тарихқа көз жүгіртсек, алпысыншы, жетпісінші жылдары елімізде алғашқы студенттік құрылыс жасақтары шыға бастапты. ҚазҰУ-де бірінші жасақ 1963 жылы құрылса керек. 1970 жылы Қазақстанда алғашқы «Аэлита» кыздар құрылыс жасақтары жұмыс істепті. Кейін ел тізгінін қолына алып, белгілі қоғам қайраткерлеріне айналған тұлғалар кезінде студенттік құрылыс жасақтарының белді мүшелері болған. Біз де осыдан елу жыл бұрын студенттік құрылыс жасақтарының құрамында болып, ҚазҰУ-дің журналис­тика факультетінің бір топ студенті Кеген ауданындағы Қарқаралы елді мекеніне екі айға барып, шаруашылықтарда бірнеше үй, мал қораларын салдық. Үстімізде арнайы формамыз бар еді. Соны, әсіресе жаз айларында Алматы көшелерінде киіп жүретінбіз. Командиріміз қазіргі қоғам қайраткері, танымал журналист Сейітқазы Матаев болды. Құрылыс аяқталғаннан кейін қомақты қаражат тауып, көңілді қайтқанымыз есте.

Студент-жастардың сол жылдардағы өмірінің барлығы қызықты әрі көңілді өткенін ескерсек, құрылыс жасақтарының маңызы зор еді. Отыз, қырық жыл бұрын студенттік өмірді құрылыс жасағынсыз көзге елестету мүмкін емес болатын. Бұл – жастардың мінезі қалыптасатын әрі шынығатын еңбек майданы.

Әлі есімде, екінші курс студенті болған тұста жаз айларында босқа жүрмей, сол кездегі ҚазПИ-де оқитын жолдас­тарыммен бірлесіп, студенттердің жолсеріктер жасағына қосылып, пойызда үш айға жуық жолсерік болғанымыз бар. Екі мәрте Мәскеу бағытындағы, кейін Петропавл, Қостанай, Новосібір бағыттарында жолсерік болудың сәті түсті. Оның да өз қызықтары мен қиындықтары болды. Сол жылдары пойызда орын тапшы болғандықтан, билетсіз жүретіндерді мінгізіп алу секілді жағдайлар жиі кездесетін. Әсіресе Өзбекстаннан келетін, жеміс, көкөністерін теріскей өңірлерге, Сібірге апарып саудалайтындар ауыр жүгімен пойызға көп мінетін. Тексерушілер де көп болды. Вагондарды таза ұстау, жолаушыларға қызмет көрсету, шайы мен төсеніштерін беру секілді жұмыстарды атқаратынбыз.

Өткенге бір сәт көз жүгіртсек, жетпісінші жылдары Қазақстаннан Болгарияда, Польшада, Германияда, Мажарстанда жұмыс  істеген алғашқы интернационалдық студенттер құрылыс жасағы құрылыпты. СҚЖ сарбаз­да­ры­ның ҚазҰУ қалашығын тұрғызудағы үлесі көп. Оған өзіміздің де қосқан үлесіміз бар. ҚазҰУ қалашығының ең алғашқы тұрғыны болып, екі айдай жарықсыз, сусыз жатақхана тұр­ғы­ны ретінде күзетші болдық. Келесі жылы жазда ҚазГУград автотұрағының үстіне бетон құю жұмысын ат­қар­дық.

Университеттің студенттік құрылыс жасақтарының сарбаздары Қазақстанның қалалары мен ауылдарының, астық жинау науқанында элеватор мен фермалардың, сондай-ақ автомобиль жолдары мен теміржолдарды, өндірістік, мәдени нысандардың құрылысын салуға көмектесіп, Ресейге, Украинаға, Молдавияға, Белоруссияға, Қырғызстанға және Өзбекстанға шыққаны есте.

Қазір де оқу орындарында сондай отрядтар мен жастардың жұмысшы топтарын ұйымдастыруға әбден болады. Өткен тәжірибеден сабақ алып, құрылыс жасақтарын құру әр тұста байқалады. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінгі заман талабына әбден лайық. Аймақты көгалдандыру және құрылыс жұмыстарына жоғары оқу орындарының 16 мыңнан аса студенті жұмылдырылады. Ал бүгінде аса өзекті болып тұрған, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен жүздеген елді мекендерге, ауылдарға мыңдаған үй тұрғызу, қора-жай салу – кезек күттірмейтін шара. Демек әрбір жоғары және арнау­лы оқу орындарында студенттердің құрылыс топтарының жұмысын ұйымдастыру үшін республикалық штаб жасақтау қажет. Сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарында құрылыс жасақтарын құру және сондай топтарға қатысуға ниетті еріктілер қазірден-ақ аз емес.

Әлімсақтан адамзаттың бүгінге дейінгі жетістігінің барлығы қажырлы еңбекпен келгенін ескерсек, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа баулудың, жұмысқа деген құш­тарлықтарын арттырудың маңызы зор. Сондықтан дәл қазіргі алмағайып кезеңде қолұшын созып, елдің абыройын биікке самғататын, жұмысқа бейім тұратын ұрпақ тәрбиелеу – еліміздің басты міндеті.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы