• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 25 Сәуір, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ассамблея – ел бірлігін нығайтатын ұйым

164 рет
көрсетілді

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз», деді Президент жиын барысында.

Мемлекет басшысы Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүргенін айтты. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек көрсетілді.

«Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді. Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.