Президент су тасқынынан зардап шеккен халықтың мал-мүлкі 5 ай ішінде өтелуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс», деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының отырысы барысында.
Сонымен қатар Президент зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек берілетінін атап өтті.
«Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады. Тасқыннан кейін ауылдар жаңа келбетке ие болады», деді ел Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал.
«Өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын», деді Қ.Тоқаев.