Қазақстан мен Ауғанстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадардың 24 сәуірде өткен кездесуде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты.
Атап айтқанда, қазақстандық тараптың трансауғандық дәлізді дамыту жобаларын: «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» және «Герат – Кандагар – Спин-Булдак» теміржолдарын салу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуға дайындығы нақтыланды. Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан теміржолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жеткізу арқылы трансауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын.
Кейінгі үш жылда Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттық тасымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: 2023 жылы теміржол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн және астық. Бұл 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Келер жылдарға арналған болжам – экспорттың 40%-ға ұлғаюы. Бұл ретте 2030 жылға қарай тасымалдардың 3 есе өсуі күтілуде.
Сонымен қатар кездесу барысында қазақстандық тарап Ауғанстанға елімізден астық пен ұн жеткізу көлемін арттыру үшін Бейнеу терминалының қуатын қарастыруды ұсынды.
«Бүгінде Қазақстан Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Сіздердің елдеріңіз қазақстандық астық пен ұнды дәстүрлі түрде импорттап келеді. Қазақстан бұл тауарларды Ауған нарығына сенімді жеткізуші болды және болып қала береді», деді С.Жұманғарин.
Бейнеу терминалы Маңғыстау облысының аумағында орналасқан, Қазақстан-Түрікменcтан шекарасына тікелей шыға алады. Терминалда барлық қажетті өндірістік инфрақұрылым бар. Ол өнімді экспортқа одан әрі тасымалдау үшін құрлықтағы ауыстырып тиеу терминалы-жинақтағыш міндетін орындай алады.
Терминалдың қуаттылығы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрамажем жөнелтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстанның Оңтүстік Азия бағыты бойынша қытай жүктерін транзиттен өткізу мүмкіндігі бар. Бүгінде ол Қытайдан Қазақстан бағытында жүретін барлық контейнерлік пойыздардың 40%-ын біріктіретін Сиандағы (ҚХР) Құрғақ порт аумағындағы меншікті терминал. Сонымен қатар Ляньюньган портында күн сайын Қазақстан бағытында екі контейнерлік пойыз құрылатын Қазақстан-Қытай терминалы бар. Осылайша, егер трансауған теміржолдары салынатын болса, онда жүктер Қытайдан Қазақстан арқылы тек Батысқа ғана емес, Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістанға өтеді.
Бұған қоса Қазақстан тарапынан «Қытай–Қазақстан» (Ақтауға дейін) – «Түрікменстан-Ауғанстан» (Тургунди/Анхой) бағыты бойынша Қытай өнімдерін Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстанға жеткізуді әртараптандыру туралы ұсыныс айтылды.
Жүктерді біріктіру үшін Сиань қаласындағы (ҚХР) терминалды пайдалану ұсынылды. Қазақстандық мамандардың есептеулері бойынша Сиань/Үрімші қалаларынан Ауғанстанға (Тургунди/Анхой) ұйымдастырылған контейнерлік пойыздармен тауар жеткізу уақыты шамамен 10-12 күнді құрайды.
Сонымен қатар елдер арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктері туралы сөз болды. Авиация саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум аясында екі елдің авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын.
Кездесуде «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері экспорттық және транзиттік жобаларды таныстырды.
«Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкстан арқылы және одан әрі теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жаңа мультимодальды экспорттық бағыттарды ұйымдастыруда қанатқақты жоба басталды. Жаңа бағыт «KTZ Express»-тің қатысуымен ұйымдастырылды. Экспорттаушы – қазақстандық «Bio Synergy co», жүктерді жеткізу бойынша серіктес – пәкстандық «National Logistics Cell» (NLC). Қазіргі уақытта Павлодар облысында жүк тиеу басталды. Бұл – алюминий силикатты қуыс микросфера. Алматыда жүк контейнерлерге тиеліп, пәкстандық серіктес машиналарына ауыстырылады. Әрі қарай автокөлікпен Өзбекстан мен Ауғанстан арқылы Пәкстанның Карачи портына дейін жеткізіледі. Ол жерден екі контейнер теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жөнелтіледі», деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров.
Оның айтуынша, жүктерді межелі жерге жеткізудің күтілетін мерзімі – шамамен 20-25 күн. Қанатқақты жобаны сәтті іске асыру кезінде осы бағыттың белсенді дамуы және жаңа бағыт бойынша жүк ағынының едәуір көлемін тарту күтіледі.
Сол күні Серік Жұманғариннің Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Амир Муттакимен және Сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизимен кездесулері өтті.