Елімізде соңғы жылдары отбасында болатын тұрмыстық жанжалдар көбейіп, арты адам өліміне апарған оқиғалар да жиілеп кеткені аян. Әйеліне қол көтеріп, бала-шағасының берекесі мен құтын қашырған опасыз әкелердің әрекеттері жаға ұстатарлық жағдайға де жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық пікірді, елдің талап-телегін ескеріп, 2022 жылы Үкіметке осы мәселені реттейтін заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Биылғы өткен Ұлттық құрылтайда да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кезекті мәрте көтеріліп, көп ұзамай Парламент бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізген тиісті заң жобасын қабылдап, оған Президент қол қойды. Енді осы заңның тиісті өзгерістерін, енгізілген жаңа нормаларын ақпараттық тұрғыдан қолдап, жұртшылыққа түсінікті етіп жеткізу ісі қолға алынды. Осы орайда ҚР Адам құқықтары Уәкілінің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетованы сөзге тартып, пікірін сұраған едік.
– Баян Өмірзаққызы, аз ғана уақыт ішінде қоғамдық резонансқа айналып кеткен отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобаларының қанша пайызға қатайтылды деп айта аласыз? Осы мәселе төңірегіндегі Астана қаласындағы статистикалық деректер қандай?
– Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әйел адамдардың құқығын қорғау және де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Менің ойымша, дәл қазіргі уақытта осы заң елге керек, қоғам болып күткен заңнама болып тұр. Себебі Астана қаласының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстарға талдау жасайтын болсақ, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру (ҚР ҚК-нің 107-бабы) 18-ден 23-ке өскен болса, адам өлтіру (ҚР ҚК-нің 99-бабы) 6-дан 4-ке, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚР ҚК-нің 106-бабы) 34-тен 23-ке, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру (ҚР ҚК 114-бабы) 5-тен 2-ге төмендеген.
Қала бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында 2023 жылы сотта 6595 әкімшілік іс қаралды. Отбасылық жанжалқойларға қатысты 9090 (7662) қорғау нұсқамасы шығарылып, 582 (387) құқықбұзушының мінез-құлқына ерекше талап орнатылды.
Шындығына келер болсақ, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық қазіргі таңда еліміздің бір дертіне айналып отырғаны жалған емес. Сондықтан да жаңадан шыққан заңның алдағы уақытта әйелдердің қаупсіздігін арттыруға үлкен бір септігін тигізеді деп санаймын.
– Осы заң жобаларын әзірлеген жұмысшы топтың ішінде депутаттардан бөлек, білікті заңгерлер, АҚЖУ Кеңсесі өкілдерінің де болғанын білеміз. Осы заңдар жобаларының сапалы әзірленуіне Кеңсе қандай жұмыстар атқарды, қаншалықты үлес қосты?
– Жаңа құжатта әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазалау шаралары күшейтілетіні жазылған. Мысалға айтар болсам, бұрын ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана зиян келтіру жеңл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған болса, енді қылмыстық жауапкершілікке енгізілді. Олардың қатарына, 80-нен 200 МРП-ға дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі осы заңды әзірлеуге белсенді түрде қатысты. Осындай іргелі істердің нәтижесінде жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тарту, барлық уәкілетті органдар мен ұйымдарға тұрмыстық зортлық-зомбылық туралы арыздарды қарау, нәтижелерін және қабылданған процессуалды шешімдерді көрсететін интеграцияланған деректер базасын құру, қылмыстық қудалау нысандарын қайта қарау мәселелері ұсынылды.
– Баян Өмірзаққызы, аталған заңның ең маңызды нормаларына тоқталып өтсеңіз. Үлкен газеттің екі бетін алатын ол заңдарды халық көп оқи беремейтіні жасырын емес. Сол үшін соңғы енгізілген, түзетілген нормаларды түсіндіріп беріңізші.
– Жаңа заңнамаға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар туралы тоқталып өтсем.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды.
Сондай-ақ неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Одан бөлек отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітіліп отыр. Және де жас балаларды өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.
16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды.
Кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарға татуласу туралы бір жыл ішінде аталған құқық бұзушылықтарды қайталап жасау (ұрып-соғу және жеңіл зиян келтіру) жаңа заң бойынша татуласуға және босатуға жол бермейді.
Бұған қоса, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді; білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті болып отыр.
16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Қолданыстағы Қылмыстық кодекс кәмелетке толмаған адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда оған тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігін қарастырды. Енді заңға сәйкес, жауапкершіліктен босатылған жағдайда, мұндай шараларды сот қолдануы керек.
Ал заңмен Қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға қатысты ерекше талаптар белгілеудің жаңа институты енгізілді. Мұндай ерекше талаптар психологиялық көмек көрсетуді, сондай-ақ жәбірленушіні іздестіруді, қудалауды, оған баруды, онымен немесе отбасының басқа мүшелерімен келіссөздер немесе өзге де байланыстар жүргізуді, атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуды, сақтауды, алып жүруді және пайдалануды, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды тұтынуды көздейді. Сондай-ақ жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруға тыйым салу мүмкін (тұрғын үйге меншік құқығынан айырумен шатастырудың қажеті жоқ). Талаптарды сот жаза тағайындау кезінде немесе жауапкершіліктен немесе жазадан босату кезінде өз бастамасы бойынша да, тараптардың өтініші бойынша да белгілеуі мүмкін. Талаптар 3 айдан 1 жылға дейін белгіленуі мүмкін.
– Осы ретте жұрт «Мына заң ата-аналарды ата-аналық құқығынан айырып, қажет болса мемлекет балаларын тартып алады екен» деп, байыбына бармай байбалам салып үлгерді. Осы шудың ақ-қарасын ажыратып беріңізші.
– Ел арасында осы төңірегінде әр түрлі қауесеттер таралып жатқанын естіп жатырмыз. Мысалы, заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір – таза жалған ақпарат. Сондықтан аталған мәселе бойынша кез келген балама пайымдаулар негізсіз. Қазақстан тек дәстүрлі, ұлттық отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын сақтауға қолдау көрсететініне ешқандай күмән келтірмеңіздер. Тағы бір айта кетерлігі, тиісті заңға 16 жасқа дейінгі балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 40 күнгі қамауға алынатын жаңа норма енгізілді. Ендігі түзетулер күшіне енген сәттен бастап, балаларға жөнсіз қол тигізу, ұятсыз ұсыныстар білдіру және тағы да басқа жазасыз қалмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!