• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Сәуір, 2024

Армения – Әзербайжан:1991 жылғы шекара қалпына келтірілмек

149 рет
көрсетілді

Бір-бірімен ұзақ жылдар бойы жер үшін қырғи-қабақ болып, қақтығысып келе жатқан Армения мен Әзербайжан елдері шекарасын делимитациялау жұмыстарын қолға алды. Бұл ақпаратты Армения Премьер-министрі Никол Пашинян британдық журналиске берген сұхбатында мәлім етті.

«Біз аса маңызды, әсіресе қос ел ара­сындағы қауіпсіздік тәуекелдерін айтарлықтай азайтатын Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны бөлудің тәжірибелік үдерісін бастадық», деді Н.Пашинян. Оның айтуынша, КСРО ыдыраған кезде қалған 1991 жылғы шекара сызығын қалпына келтіру қажет.

Ал Армения Сыртқы істер министрлігі 19 сәуір күні Ереван мен Баку шекараның жекелеген учаскесінің делимитациясы, оның ішінде төрт ауылдың қай елге тән екендігі туралы алдын ала келіскенін және ол елді мекендерді Әзербайжан алғанын мәлімдеді.

Жалпы шекараны делимитациялау – шекаралас елдер арасындағы алдын ала жасалған келіссөздер арқылы шекараның орны мен бағытын анықтап, координаттарын қағазға түсіру. Осы құ­жат, яғни делимитацияның материалдары демаркацияға – шекараны іс жүзінде жүргізуге негіз болады.

Тараптар 15 мамырға дейін жергілікті жердегі геодезиялық есептеулер негізінде нақтыланған координаттарды ескере отырып, шекара сызықтары түсірілетін хаттамаға қол қоюға тиіс. Үдеріс толық аяқталғанға дейін шекаралар дели­мита­цияланған болып саналады.

Пашинян бұған дейін Әзербайжанға өткен төрт ауыл Арменияның тәуелсіз аумағында орналаспағанын айтқан. Бірақ олардың Тавуш облысындағы төрт армян ауылына жақын маңда орналасқанын түсіндіріп өтті. Армения Премьер-ми­нистрі ол ауылдардың Әзербайжанға бе­рілу мүмкіндігін жоққа шығарды. Пашинян сонымен қатар егер Ереван ше­ка­раны түзетуге қазірден қамданбаса, көршімен егес қайта басталуы мүмкін екенін және ол жақын арада бітпейтінін ашып айтты.

Делимитация үдерісі ТМД-ның нысандары мен қағидаттары туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясына негізделмек. Бұл құжат Беловеж келісімінде мақұлданған және ол бойынша КСРО-ның бұдан былай «халықаралық құқық субъектісі» ретінде ғұмыры тоқтатылып, «жаназасы шығарылған» болатын. Сонымен қатар бұл құжат 1991 жылғы шекараны сақтап, бұрынғы кеңестік елдердің аумақтық тұтастығын бекіткен.

Көп ұзамай Армения мен Әзербайжан арасындағы шекарада координациялық жұмыстар аясындағы геодезиялық өлшеулерге сүйене отырып, Тавуш-Газах учас­кесіне алғашқы шекаралық баған қағылды. Бұл ақпаратты Никол Пашинян өзінің Facebook-тегі парақшасында жария етті.

Ал өңірдегі геосаяси ахуалды реттеуге жетелейтін бұл жаңалыққа ал­ғашқы болып Эстония үкіметі үн қатты. Аталған елдің Сыртқы істер ми­нистрлігі шекаралық бағанның орнатылуын, яғни 1991 жылғы Алматы декларациясын негізге алған демаркациялық үдерістердің басталғанын айтулы оқиға деп бағалап, бұл істің жалғасатынынан үмітті екендерін білдірді.