А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында болашақ ғалымдар жобаларының таныстырылымы өтті.
Таныстырылымда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің физика және технологиялар кафедрасының студенттері өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Жастар өз идеяларын, зерттеулерін қорғады. Мұнда Герон субұрқағы, астрономиялық мұражай жобасы, үйде барометр жасау, литотерапия жобасы, жеке үйді қашықтықтан басқару секілді тың дүниелер ұсынылды.
Сондай-ақ ең жас зерттеушілер де өз ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Атап айтсақ, Күршім ауданы, Күршім ауылының №3 мектеп-гимназиясы оқушылары көру қабілеті бұзылған жандарға арналған ультрадыбыстық білезік ұсынса, «Ахмер» орта мектебінің оқушылары өсімдіктерді өсірудің тиімді әдісі – гидропоника туралы айтып берді.
Президент еліміздің болашағы техникалық мамандық иелерінде екенін бірнеше рет айтқан. Осы орайда айта кетерлігі, А.Пушкин атындағы кітапханадағы техникалық үйірмелер мен шығармашылық алаңдары жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Қазіргі талантты балалардың ішінен Қаныш Сәтбаевтай дара тұлға шықпасына кім кепіл?
Өскемен