Елімізде тұрақтылықты, бірлікті сақтайтын институттың міндетін Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ассамблея – жасанды ұйым емес, ел бірлігін нақты жүзеге асыратын, конституциялық мәртебесі айқын қоғамдық орган.
Қазіргі кей өңірлердегі төтенше жағдайдан Ассамблеяның әр мүшесі де шет қалмады. Өңірлік штаб жасақталып, «Жүректен – жүрекке» арнайы науқанын бастады. 12 мыңнан астам еріктіні жұмылдырып, 80-нен астам жүк көлігімен 1,5 мың тоннаға жуық азық-түлік жөнелтті. 40-қа жуық техника мен 770 миллионға жуық қаржылай жәрдем берді. Мұның барлығы – бүгінгі қиын кезеңде үлкен көмек.
Мемлекет басшысы Ассамблея бұдан әрі де қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысу қажеттігін айтты. Парламент және мәслихат депутаттарымен қарым-қатынасын нығайтып, тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Бүгінде Ассамблея құрамында Сенаттың та, Мәжілістің де депутаттары бар. Олардың бірқатары – елге танымал қоғам қайраткері. Осы депутаттардың, сондай-ақ «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» іс-әрекетін үйлестіріп, қоғамда көптеген істі жүзеге асыруға болатындығын көріп отырмыз және соған сенеміз.
Сессияның мақсаты – бірлікті, жасампаздықты нығайту және сол арқылы Ұлттық құрылтайда атап өткен құндылықтарды әрі қарай дамытып, еліміздің өркендеуіне, өрлеуіне үлес қосу.
Президент Ассамблеяның кешегі басқосуында «Ақсақалдар кеңесі» және «Аналар кеңесі» секілді тиімді құрылымдарды одан әрі нығайтуды тапсырды. Оған қоса Жастар Ассамблеясына да ерекше көңіл бөліп, оның да жұмысын ілгерілетуді жүктеді. Халықты бірлікке, қиындықты бірлесе еңсеруге шақырды.
Дамир БЕЛГІБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы