Сенатор Нұртөре Жүсіп ҚР Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында жол бойындағы жасыл желектің аздығы туралы мәселе көтерді. Сенатордың айтуынша, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 25 мың шақырымды құрайды. Алайда, оның 6,3 мың шақырымы ғана жасыл желекпен қамтылған, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутатының сөзінше, Тәуелсіздік алған жылдан бастап Қазақстанда логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында әлемдік стандарттарға сәйкес автомагистральдар салынды. Дегенмен, қазіргі уақытта жол бойын көгалдандыру мәселесі тиісті деңгейде шешілмей отыр.
«Қазіргі уақытта, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлық желісі бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстық филиалдарында ғана 5 ағаш отырғызу учаскесі бар, сондай учаскелер аталған облыстардан басқа аймақтарда жоқ. 2021-2023 жылдары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 3 мың түп ағаш пен көшет отырғызылған. Атап айтқанда, Алматы облысында 253 шақырым жолға 1,2 мың түп, Қарағанды облысында 982 шақырым жолға 1,6 мың түп. Алайда бұл жалпы көлемге шаққанда тым мардымсыз», деді сенатор.
Сенатор жол бойын көгалдандыру жұмысының кенжелеп қалуының тағы бір ықтимал себебін атады. Бұл - көгалдандыру ұйымдарымен, ғылыми институттармен және ботаникалық бақтармен ынтымақтастықтың жоқтығы. Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысының атына бірқатар нақты сауал жолдады.
«Ботаникалық бақтардың ғылыми әлеуетін пайдалануға Үкімет ниетті ме? Республикадағы автомобиль жолдары мен теміржолдарға жауапты мекемелер, сондай-ақ елді мекендер мен қалаларды көгалдандыруға жауапты ұйымдар өз қызметтеріне еліміздің осындай әлеуетті ғылыми ұйымдарын қашан тартады? Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» деген бастамасын елдің барлық аймақтарында жедел жүзеге асыру үшін Үкімет қандай нақты шараларды қолға алғалы отыр?», деді сенатор.