Қырғыз Республикасында өткен Азия чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері төрт жүлде (1 алтын+ 2 күміс+1 қола) еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынды қанағат тұтқанымен, есесіне лицензиялық турнирде тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Бішкектің бозкілемінде күш сынасқан бес жерлесіміздің үшеуі Париж Олимпиадасында бақ сынайтын балуандардың тізіміне қосылды.
Қазір грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының қоржынында Олимпия ойындарының төрт лицензиясы бар. Алғашқы жолдаманы Нұрсұлтан Тұрсыновтың (87 кг) иеленгені белгілі. Былтыр қандасымыз Белградта ұйымдастырылған әлем чемпионатында үздік бес балуанның қатарына қосылып, көздеген мақсатына қол жеткізді. Ал Бішкектегі бәсекеде Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) және Әлімхан Сыздықов (130 кг) табысты өнер көрсетті.
Алатаудың арғы бетінде атой салған апайтөстердің арасынан Айдосты бөле-жара атап өтуге болады. Кезінде әлем чемпионатында екі мәрте қола медальды олжалап, Азия чемпионы атанған 28 жастағы Сыр бойы саңлағының Олимпиадаға әлі бірде-бір жолы түспеген еді. Биыл ақпан айында Астанада өткен ел чемпионатында Сұлтанғали өзінің басты қарсыласы Мейрамбек Айнағұловтан айласын асырып, лицензиялық турнирге қатысу құқығына ие болды. Бішкекте ол Ирак пен Тайпей спортшыларын ойсырата ұтса, тәжіктің тастүлегіне қарсы кездесуде өте сауатты тактика құра білді. Сол күні Айдос Сұлтанғалидің өнеріне бар жанкүйер тамсанды.
Демеу Жадыраев – ұлттық команда сапындағы ең жасы үлкен балуан. 2017 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Жетісу өңірінің тумасы осыдан үш жыл бұрын Токио Олимпиадасында өнер көрсетті. Бірақ ол жарыста Жадыраевтың жолы болмады. Биыл да дәл осы саңлаққа сенім артылды. Осы орайда жанкүйерлер тарапынан «Егде тартқан балуанды ғаламдық додаға апарудың не қажеті бар еді?» деген сауалдың туындауы заңды. Бірақ Демеу ел чемпионатында өзінің мықтылығын толықтай мойындатты. Жалынды жастарды айтпағанда, тәжірибелері әбден толысқан Магомад Ибрагимов пен Темірлан Шадукаев 34 жастағы сақа спортшының қарқынына шыдай алмады. Бішкекте де қазақ балуаны өте жақсы күресті. Әсіресе Жадыраевтың шешуші тұстағы бәсекесі өте әсерлі болды. Оңтүстік Кореяның өкілі Доуон Лиден 0:2 есебімен ұтылып жатқанына қарамастан, соңғы сәтке дейін Боранбек Қоңыратовтың шәкірті қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Нәтижесінде, қазақ балуаны жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті.
Ал аса ауыр салмақ дәрежесінде айқасқан 29 жастағы Әлімхан Сыздықов Олимпия ойындарына жолдама алса да, оның өнері көпшілік көңілінен шықпады. 2022 жылы Азия чемпионы атанған қазақтың нар тұлғалы балуаны былтыр Азия ойындары мен құрлық біріншілігін қола медальмен қорытындылады. Осы жарыстардың екеуінде де Сыздықовтың функционалдық даярлығы сыр берген еді. Осы жолы да дәл солай болды. Жартылай финалда қырғызстандық Роман Кимді едәуір ұпай айырмашылығымен ұтып жатып, қарсыласының есепті теңестіруіне мүмкіндік берді. Ол аздай, соңғы екі минутта Әлімханның шаршағаны соншалық, ол мүлдем күреспей қойды. Алысып-жұлысу былай тұрсын, тіптен орнынан тұра алмай қалды. Бәсеке 7:7 есебімен аяқталды. Қандасымыз тек қосымша көрсеткіштердің арқасында ғана жеңіске жетіп, жолдамаға қол жеткізді. Парижде Әлімханның дәл осындай күреспен алысқа бармайтыны анық. Сондықтан да жеке бапкері Бисольт Дициев екеуі осы олқылықтың орнын толтыру керек.
Бірер айдан кейін Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына Қазақстанның грек-рим күресі шеберлеріне толық құраммен бару үшін әлі екі жолдама қажет. Бішкекте біз Мейіржан Шермаханбеттің оза шабатынына еш күмән келтірмеген едік. 2019 жылғы әлем чемпионатының қола, 2023 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және Азия чемпионы деген атағы бар 27 жастағы Шымкенттің шымыр жігітінің теңдессіз өнерімен талайларды тамсандырғанына талай мәрте куә болғанбыз. Бірақ кейде оның болмайтын жерде жеңіліп, көрермендер көңілін су сепкендей басатыны тағы бар. Қырғыз Республикасының бас шаһарында дәл солай болды. Тұсаукесер кездесуінде түрікменстандық Равшан Атдаевтың аяғын көктен келтірсе, ширек финалда жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, жастар мен ересектер арасында Азия чемпионы, өзбекстандық Аброр Атабаевтан айласын асырды. Алайда шешуші тұста Жапонияның жас жұлдызы Киотаро Согабэінің осал тұсын табал алмады.
Жалпы, 67 кг салмақ дәрежесінде Қазақстанның өзінде бәсекелестік өте жоғары. Бұл салмақта әлем чемпионатында бес (1 күміс, 4 қола), құрлық чемпионатында алты (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) және Азия ойындарында екі (1 күміс, 1 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілген Алмат Кебісбаев және жастар буыны арасындағы додаларда дараланған Дінмұхамед Қошқар бар. 23 жастағы Тараздың тастүлегі Азияда алдына жан салмаса, әлем біріншілігінде үздік үштікті түйіндеді. Бірақ бұл балуанның екеуі де ел біріншілігінде Мейіржан Шермаханбетке есе жіберді. Қазақстан чемпионатында үшінші орынға табан тіреген Алмат Аманбекті биыл Азия чемпионатында күрестірген еді, ол екінші айналымнан аса алмады. Сол себепті де 9-12 масыр аралығында Ыстанбұлда өтетін соңғы лицензиялық турнирге қайта Мейіржанды апарған жөн болар еді.
Лицензиялық турнирде 97 кг салмақта Олжас Сырлыбайға сенім артылды. Алайда тәжірибелі балуан «шу» дегенде сүрінді. Ел чемпионатында күміс медальды мойнына ілген Юсуф Мациев Азия біріншілігінде де дәл сол межеден көрінді. Бірақ финалда оның анау-мынау емес, Иранның атақты пехлеваны, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Мұхаммадхади Саравиге есе жіберді. Бәлкім, осы жағы ескеріліп, 20 жастағы жалындап тұрған жігітке тағы бір мүмкіндік берілетін шығар деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, бұл – ұлттық құрама бапкерлерінің құзырындағы мәселе.
Грек-рим күресінен әзірге тек Иран құрамасы ғана Олимпия ойындарына толық құраммен қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Парсы елінің апайтөстері Францияның бас шаһарында барлық алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Қалған командалардың көрсеткіштері мынадай: Куба, Алжир, Мысыр – 5, Түркия, Қытай, Қазақстан – 4, Армения, АҚШ, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Жапония – 3, Ресей (AIN), Әзербайжан, Чили, Колумбия, Тунис, Украина, Сербия – 2, Чехия, Беларусь (AIN), Болгария, Венесуэла, Эквадор, Мажарстан, Гондурас, Марокко, Молдавия, Солтүстік Корея, Финляндия, Франция, Грузия, Литва, Германия және Оңтүстік Корея – 1. Осылайша, әзірге 72 жолдаманың иесі анықталды. Ендігі сынақ Түркияда өтеді. Анадолы еліндегі жарыстың қорытындысы бойынша әр салмақта алғашқы үш орынды олжалаған балуандар Париждегі ойындарда күш сынасу құрметіне ие болады.