• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Сәуір, 2024

Ынтымақты ел қуатты

213 рет
көрсетілді

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу». Халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін дәл әрі нақты білдіретін осы үш ұғымды ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өтті.

Алқалы жиынның күн тәр­ті­бі негізінен бүгінгі таңда таби­ғат­тың тосын мінезінің салдарынан келген зардаптың орнын толтыру және қиындыққа ұшы­ра­ған отандастарымызға қолұшын берудегі Қазақстан Халқы Ассам­б­лея­сының рөліне арналды десек болады.

Мемлекет басшысы су тасқыны ке­зінде Ассамблеяның атқарған ауқым­­­­ды әрі үйлесімді жұмысына ерек­ше тоқталды. Зардап шек­­кендерге жан-жақты қолдау көр­сету бойынша жедел түрде ҚХА республикалық және өңірлік штабтары құрылғанын атап өтті. Шын мәнінде атқарылған тір­лік аз емес. Бүкіл елді қам­тыған «Жүректен – жүрекке» ауқымды акция­сына этномәдени бір­лес­тік­тер­дің 12 мыңнан астам ерік­тілері қатысты.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.

Ассамблея төрағасы тоқталған аса маңызды бағыттың бірі – ҚХА жұмысын жаңа ұлттық идеология Доктринасымен үйлестіру. Президент идеологиялық реформа мәселесін айта келіп: «Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек. Еліміз қар­қынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзге­ріс­тер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблея­­ның бүгінгі сес­сия­сы «Бір­лік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды», деді.

Қоғамымыздағы ауызбіршілік пен берекелі ынтымағымызға сызат түсіргісі келетін теріс пиғыл­дылар мен әлеуметтік желі­лерде алауыздық туғызуға тыры­са­тын­дар­дың қитұрқы әрекетіне алдан­бауға шақырды. Сонымен қатар қарғын су зардабынан шы­ғын­ға ұшырағандардың барлық шығыны толықтай өтелетінін, бұл үшін ешқандай үнемдеу болмайтынын атап өтті.

 

Алишер САТВАЛДИЕВ,

Сенат депутаты