• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Сәуір, 2024

Жасампаздық қағидаты

181 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы елдегі кей өңірлердегі су тасқынына байланысты шағын құрамда өтті. Осы ретте отырысқа қатысқан «Ахысқа» республикалық түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Расул АХМЕТОВТІ әңгімеге тартып, жиында көтерілген мәселелер жайын сұраған едік.

– Биылғы сессия бұрынғыдан өзгеше форматта өтті. Президент атап өткен мәселелер жөнінде не айтар едіңіз?

– Ассамблея сессиясы жыл са­йын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Биыл басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Сондықтан онлайн форматта өтіп, оған ұйымға мүше 748 адамның 725-і онлайн қосылды. Бір жағынан алқалы жиынды осындай күрделі кезеңде өткізудің мән-маңызы зор. Ауыр сынақ уақытында еліміздің мызғымас бірлігі көрінеді.

Отырыста Президент қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл, жанашыр және тілеулес азаматтарға ризашылығын жеткізді. Қиын-қыстау тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 770 миллион­­ теңге болатын гуманитарлық көмек жіберілді. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылықтан бөлек, жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты.

Президент ең бастысы түрлі қор арқылы жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалатынын, қиын жағдайға тап болған азаматтар шығыны түгел өтелетінін кесіп айтты. Ол үшін мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режімі енгізілмекші.

Ата заңда ерекше атап өтілетін ресурс – Қазақстан халқы. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елінде 20 мил­лионнан астам азамат бар. Жаһанда 9-орынды иеленген алып аумақта 120-дан астам этнос өкілдері тұратынын ескерсек, мемлекеттің өміршеңдігін арттыру үшін өзара келісім мен бірлік маңызды рөл атқарады. Қазақ елінің өркендеуі, мемлекеттің дамуы үшін әр этностың өзіндік алатын орны мен қосатын үлес салмағы бар. Әр отандасымыз кіндік қаны тамған қазақ елін танып, оның келешегі үшін аянбай еңбек еткен жағдайда үлкен белестерді бағындыратыны мәлім. Осы ретте Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жақсы бағалады. Мемлекет басшысы елдегі қордаланған мәселелердің түйінін бірлесе тарқату, саясат, экономика, мәдениет және әлеуметтік сала «жасау, құру, жүзеге асыру» стратегиялық бағыты бойынша өзгеруі қажет екенін баса айтты. Қазақстан қарқынды дамуы үшін кез келген міндетті орындауда бірлік пен ынтымақ құндылығын негізге алу керек екенін атап өтті.

Сессия барысында тіл мәртебесі де қозғалды. Мемлекет басшысы тіл мәселесіне келгенде ішкі-сыртқы факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет екенін айтты. Әрі қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімділігін жеткізді. Осылайша, Президент елімізде қазақ тілін насихаттап жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Басқосу барысында елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» эколо­гиялық акциясының маңыз­ды­лығы да көтерілді.

– Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясына нақ­ты қандай міндеттерді жүктеді?

– Ассамблеяға жаһандық өрлеуде этносаралық бірлікті сақ­тау­дың тетіктері мен жолдарын нығайта түсуді тапсырды. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясына келешекте де осы бағытпен жұмыс істеу керектігін айтты. Яғни Ассамблея жұмысын жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үй­лестіру қажет екенін мәлім етті. Құжат қағаз жүзінде қалмас үшін жүзеге асыру міндетін Ассамблеяға жүктеді. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдар да үнемі бақылауда ұстауға тиіс екенін ескертті. Мемлекет басшысы азаматтарды әлеуметтік ортаға кірік­тіру жүйесі Отанға деген сүйіс­пеншілік, патриотизм идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп бағыт берді.

Бұған қоса күрмеуі қиын күрделі мәселелер – нашақорлық, құмар­паз­дық (лудомания), тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күресу ісінде тарихи шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек екенін алға тартты.

Қазіргі әлемдегі алмағайып тұста біртұтас ұлт ретінде біздің мақса­ты­мыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Мемлекет басшысы қоғамда оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе  азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кем­сітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңыздылығын тағы бір мәрте айтты. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына этносаралық бірегейлік пен достықты нығайтатын игі қадамдар мен жаңа жобалардың көбейтуді жүктеді. Демек Ассамб­лея әлеуметтік тұтастық пен отан­шыл­дық­ты дәріптейтін институт ретінде нығаюы керек.

Ассамблея құрылымындағы «Ақ­сақалдар кеңесі» және «Аналар кеңесін» дамыта түсуді тапсырды. Оған министрліктер және әкімдіктер қолдау көрсетуі қажет екенін атап өтті.

Этносаралық саясат елдегі бар­лық реформалармен үндес болса, қоғам­дық келісімнің нығаюын да жоғары деңгейге шығаратынымыз мәлім. Бұл жолда Ассамблея этнос­аралық достықты насихаттау жолында аса маңызды әлеуметтік инс­титутқа айналды. Ұлттық біре­гей­ліктің жандануын тездету үшін Қазақстан жастарының саяси белсенділігін жоғарылатқан дұрыс деп есептеймін. Өйткені жастар ұлтаралық мәдениет пен болмыс­ты өзара тасымалдаушы құрал қызметін атқара алады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы су тасқыны салдарымен күресте Қазақстан халқы Ассамблеясына мәселені шешудің оңтайлы жолдары мен тетіктерін табуды тапсырды. Әр этномәдени орталық жетекшілерінің өз ұйымдары тарапынан ортақ табиғи төтенше жағдайға жұмыла әрекет етулері қажет делінді.

– Қалай ойлайсыз, қоғамдық келісім мен ұлттық бірегейлікті сақтаудың алғышарты қандай?

– Қоғамдық келісім мен бірліктің отандық моделі, «бірлігіміз – әралуандықта», жасампаздық пен  жаңашылдық қағидатына сүйене отырып, қазірдің өзінде елде де, одан тыс жерлерде де жеткілікті түрде қайталанатын бренд болып қалыптасты. Бұған көп күш пен мемлекеттік бағдарламалық құжаттар бағытталды.

Көпэтносты қоғамдағы диалог­тің табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын танытады және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демо­кратиялық қағидаттарына негіз­делуімен анықталады.

Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайды. Сон­дық­тан қоғамның өзі бұл үде­ріс­ке мемлекет пен азаматтық институт­тар­дың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Ассамблея ұлттық масштабта азаматтық сектормен, ха­лықаралық ұйымдармен, мем­ле­кет­тік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша, этно­саяси және этномәдени құзы­рет­тіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Білім беру орындарында да ұлттық бірегейлік пен тату­лық­тың үйретілуі Қазақстанның саяси келбетін қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»