• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 27 Сәуір, 2024

Машина жасау зауыты сан түрлі өнім шығарады

235 рет
көрсетілді

Еліміздегі экономиканың ең негізгі тірегі болатын отандық өндіріске көп көңіл бөлініп жүр. Әсіре­се мұндай қолдау сезін­ген машина жасаушылар өз өнімдерін шетелге де экспорттай бастады. Отандық машина жа­сау­шылар ортасынан ойып тұрып орын алған «Қазақ­мыс» корпорациясы құрамындағы «Maker» ЖШС-KLMZ тауары «Қарағандыда жасалған» деген таңбамен тарап жатыр.

Тоқсаныншы жылдары тарыдай шашылып, темір-терсек­ке өтіп кетпей аман қалған Қарағандыдағы тау-кен, шахта жабдықтарын жөндеу зауыты бүгінде еңсесін әбден тіктеп алған. Бұрындары тек «Қазақмыс» корпорациясының қажетін өтеп келген зауытқа кейінгі уақытта тапсырыс төпелеп түсе бас­тапты. Қазір басқа да алпауыт ком­паниялардың сұранысын қамтамасыз етіп жатыр.

– Біз 2019 жылға дейін компанияның негізгі тапсырыс берушісі «Қазақмыс» корпорациясына өнімдер дайындап келдік. Сол жылдан бастап темірден түйілген бұйымдарды пайдаланушылар санын арттыра бастадық. Бүгінде басқа компанияға жасалған бұйымдарымыз 2 пайыздан 22 пайызға дейін өсті. Бұ­рын тек тау-кен саласындағы кəсіпорын­дарға ғана жұмыс істесек, қазір мұнай өндіру секторына да өз өнімдерімізді ұсынамыз. Сонымен қатар темір­жол саласына да бет бұрдық. Мысалы, Астанада шығарылатын «Тальго» электро­возына, «Қамқор-Астана», «Қамқор-Локо­мотив» серіктестіктеріне арнайы бөлшектерді дайындаймыз. Бұрын корпорация үшін 4 мыңдай бұйым шығарсақ, оны 6 мыңға дейін арттырдық. Бір ғана құю өндірісі цехы тек қана анкерлік гайкаға арналса, бүгінде 45 түрлі қосалқы жабдықты шығарады. Айына əзірленген 6-8 тонна бұйымдар 25 тоннаға дейін жетті, – дейді «Maker» ЖШС-KLMZ-ның өндіріс директоры Андрей Сафонов.

Кәсіпорын тау-кен шахта­лары­ның, байыту фабрикалары­ның, мыс балқыту зауыттарының жабдықтарын, техникалардың қосалқы бөлшектерін шығарады. Онымен қоса, істен шық­қандарын жөндейді. Крандар, жерасты автобустары, флотациялық машиналар, конвейерлік желілер, көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын сорғы, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпе, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, пойыздың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады.

Зауыт өнімдері Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталады. Өндіріс директорының айтуынша, сенімнің нығайып, сұраныстың көбеюіне бас­ты себеп – тұтынушылардың көбеюі және тәжірибелі мамандар қолынан шыққан нәтижелі жұмыс.

– «Подольск машина жасау зауыты» мен «ПромСибЭнерго» компа­ния­ларының тапсырысын орында­­дық. «ПромСибЭнерго» компания­сы­на жылу электр орталығындағы ауыр кранға арналған қосалқы бөлшек дайындап, «Подольск машина жасау зауытын» арнайы металл жабдықтар­мен қамтамасыз еттік, – дейді Андрей Сафонов.

Әрине, мұндай алпауыт кәсіп­орынның қуатты өндірістік паркі жаңарып отыруы керек. Бұл тұрғыдан әзірге кемдік жоқ. Жаңа техникалық жаб­дықтар жеткілікті деңгейде. Зауыт ішіне кіре қалсаңыз, түрлі металл жабдықтары мен қосалқы бөлшектер шығаратын, металл кесетін станок, дəнекерлеу роботы, дайын­дау, сығымдау, газбен кесу жəне ию арқылы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізетін цехтарды көресіз. Заманауи қондырғылардың неше атасы бар. Солардың арқасында зауыт бұйымдары 100 пайыз дəлдікпен шығады. Еліміздегі СББ станоктардың ең ауқымды паркі осында көрінеді.

Зауыт өңдеудің барлық кезеңінде «Renishaw» датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшеп жəне импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдық пен жоға­ры дəлдікте өңдеуді қолдана­ды. «SIEMENS NX», «Teamcenter» бағдар­лама­лық өнімдері базасын­да өн­ді­рісті конструкторлық жəне тех­но­ло­гия­лық дайындаудың бір­ың­­ғай жүйе­сін, құрал ұзынды­ғын анық­тау үшін «Zollerd» өлшеу ма­­­ши­на­сын пай­даланады. Зауыт­­тың  конс­­т­рукторлық-технологиялық ба­с­қармасы бар. Кез келген жаңа бұ­йым­ның сызбасы осында сызылады. Мұндай функцияларды атқаратын 230 станок бар.

Кәсіпорын өнімдеріне төлқұ­жатымен қоса кепілдік те беріледі. Зауыттың Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кəсіп­орындары бар. Үш қалада 2 мың­ға жуық адам еңбек етеді. Жәнібек Байғабелов басқаратын ірі машина жасау кəсіпорны 2021 жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын алған болатын. «Қазақстанның үздік тауары» да атанған. Ел нарығына ғана емес, экспортқа ай сайын тонналап өнім шығарып отырған бұл зауыттың келешегі зор екеніне күмән жоқ.

 

Қарағанды облысы