Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары барысында еліміздің 35 компаниясы Кабулда өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.
Қазақстан бизнес-делегациясының құрамында серіктестіктің жаңа бағыттарын құру үшін «QarMet» компанияларының, «Doscar Group» дилерлік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансформатор зауытының, «Kaspy Group» компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайындау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақтарды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер келді.
Бизнес-форумның ашылуында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес екіжақты тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салды.
«Біз химия өнеркәсібіндегі, тау-кен металлургия кешеніндегі өндірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, ИТ-технологияр саласында, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды қарастыруды ұсынамыз. Қазақстан тарапы Ауғанстанда автокөліктерге қызмет көрсететін дилерлік орталықтардың орналасу орнын кейіннен анықтай отырып, отандық өндірістің автомобильдерін жеткізуге мүдделі», деді С.Жұманғарин.
Екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы аясында Серік Жұманғарин Ауғанстан азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттардың жыл сайынғы санын 30-дан 60-қа дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ вице-премьер Ауғанстаннан келген 30 баланы Қазақстанның жазғы лагерьлерінде 10 күн демалуға шақырды.
Ауған кәсіпкерлерінің арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әлі де жоғары. Бизнес-форум қорытындысы бойынша $12 млн-нан астам сомаға күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ауған компаниялары мотор майына үлкен қызығушылық танытып, отандық жеткізушілермен осы тауарды жеткізуге алғашқы келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, Герат қаласында Қазақстан сауда үйі ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады, сондай-ақ ол Қазақстан-Ауғанстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жандануына ықпал ететін болады.
Сонымен қатар қазақстандық делегацияның Ауғанстанға ресми сапары аясында «электрондық үкімет» бойынша отандық әзірлемелердің ең үздік шешімдері таныстырылды.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері «Data Lake», «Smart Bridge» және «Gov.kz» сияқты үздік қазақстандық шешімдерді енгізудің мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігін көрсетті.
«Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша әлемде алғашқылардың қатарында. Біз тәжірибемізбен бөлісуге және ауған серіктестерімізге үздік тәжірибелерді беруге дайынбыз. Біз үшін тағы бір басым бағыт – мектептерге интернет қосу. Біз барлық оқушының білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», деді С.Жұманғарин.
Сондай-ақ тараптар «Қазақтелеком» АҚ мен «Ауғантелекомның» коммерциялық ынтымақтастығы аясында Ауғанстанға интернет трафигін 60-тан 100 Гбит/с-қа дейін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.