Айналаны таза ұстау табиғатты аялау – парасаттылық үлгісі. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамды қашаннан бері ілгері бастайтын ізгі амалдың бірі болып келеді. Табиғат адамзатқа берілген аманат болғандықтан, бұған қиянат қылмай, барынша қамқор болу жағына басымдық беру керек екені анық. Осындай жанашыр ниеттен туған бастаманың бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.
Ел көлемінде 8 сәуірден басталған тазалық науқаны 5 аптаға созылады. Әр аптаның өз тақырыбы мен мақсаты да белгіленген. Осы аптада «Жасыл аймақ» апталығы қорытындыланып жатыр. 20-27 сәуір аралығын қамтыған бұл кезеңде көшеттер егіліп, ағаштарды ақтауға ден қойылды. Ал бұған дейін айналамызды, аулаларды тазалауға шақырған «Таза өлке» және тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруды мақсат тұтқан «Киелі мекен» апталықтары өтті.
Экологиялық акцияға еліміздің барлық өңірінің тұрғындары белсенді атсалысып жатыр. Бұл ретте кейбір өңірлерде азаматтарды ынталандыру мақсатында қосымша іс-шаралар да қолға алынған.