Ақтау қаласында ауызсу тапшылығы қашанда өзекті. Мәселені түбегейлі шешпегенмен, жеңілдету жолындағы мүмкін бағыттар қарастырылып, жұмыстар жоспарланып отыр. Өңірде аталған мәселені еңсеру бағытындағы нысанның бірі – «Құйылыс-Меловое» кен орны.
Облыс орталығы Ақтау қаласынан 50 шақырым жерде, Мұнайлы ауданы аумағында орналасқан «Құйылыс» жерасты сулары кен орнындағы станса Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының орталық сумен жабдықтау торабына (ОСЖТ-1) үздіксіз су жеткізуді жүзеге асырады. Қазіргі таңда 30-дан аса адамды жұмыспен қамтып отырған станса өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Ұзақ жылдар бойы жабдықтары жаңартылмаған кен орнындағы ескі құбырларды реконструкциялау жұмыстары қолға алынды. Ақтау қаласының тұрғындарын сумен қамтып, орталық сумен жабдықтау торабына түсетін техникалық су көлемін ұлғайту үшін, сондай-ақ «Каспий» су тұшыту зауытын сумен қамтамасыз ету мақсатында «Альянс-ЛТД» ЖШС ұзындығы 46 шақырым құбырды реконструкциялады.
– Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 46 шақырым учаскеде 28 шақырым құбыр орнатылды. «Құйылыс» кен орнынан Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына және «Каспий» су тұшыту зауытына дейін тартылатын су құбыры реконструкцияланып біткен соң облыс орталығындағы техникалық судың көлемі едәуір артады, – дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаев.
Аталған жобаның құны шамамен 18,4 млрд теңгеге бағаланады. Жобаны іске асыруға 2024 жылы республикалық бюджеттен қосымша 5,5 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне 5,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берді. Су құбырын реконструкциялау жөніндегі жоба уақтылы қаржыландырылса, жұмыстар 2024 жылдың жаз айларында аяқталады деген жоспар бар.
Қыс болса жылудың, жаз басталысымен ауызсудың айқайы басталатын Ақтауда ауызсу көлемін арттыруға сәл де болса себі тиетін жобаның уақытында қаржыландырылмай, қаражаттан қағылуы мүмкін емес. Бұл – елдік мәселе.
Маңғыстау облысы