Республикалық акция аясында өңірдің 50 мың тұрғыны сенбілікке белсене қатысты. Бұл күні облыс бойынша барлығы 10 мың тонна қоқыс жиналып, шығарылған.
«Таза Қазақстан» ауқымды жалпыұлттық экоакциясы Павлодар облысында да ұйымдастырылды. Облыс орталығында жаппай сенбілік өткізіліп, жүздеген түп ағаш егілді. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығын одан әрі көгалдандыру жоспары басталып кеткенін хабарлады. Биыл Павлодар қаласының аумағында 20 мыңға жуық көшет салынады. Оның тең жартысы «Жасыл белдеуге» егіледі. Сондай-ақ негізгі көшелердегі шіріген ағаштар кезең-кезеңімен ауыстырылады.
Былтыр автоматтандырылған суару кешендері ғашықтар гүлбағында, орталық гүлбақта орнатылды. Биыл осындай жүйелер орталық жағалауда, Конституция гүлбағында, Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің ауласында, «Қазқонақ» табиғи ескерткіші аумағында пайда болады.
Өңірлік ақпарат және азаматтық даму басқармасының дерегінше, экологиялық акцияға бұл күні 50 мың адам үн қосқан. Тазалық жұмысына 1 200 техника жұмылдырылып, 10 мың тонна қоқыс шығарылды. Елді мекендерде 8 мың ағаш көшеті, 5 мың бұта егілген.
Акцияны облыс орталығындағы №36 экологиялық бағыттағы мектеп түлектері де қолдады. Олар мектептің түлектер аллеясына жүздеген түп ағаш көшетін екті.
«Ағаш егу біздің мектепті дамытуға беріліп отырған мүмкіндік деп қабылдаған дұрыс. Бұл көшеттер жақын жылдарда соңымыздан өкшелеп келе жатқан бауырларымыз бен сіңлілерімізге аманат болып, бірге жетіле түспек. Ал бұл дәстүрді өзге де түлектер жалғастыра береді», дейді мектеп түлегі, қазіргі күні аталған білім шаңырағының көркем еңбек мұғалімі Алена Корионова.
Бұл мектептің ауласында қайың, үйеңкі, қарағай мен шырша, боз арша және басқа ағаш түрлері өсіп тұр.
Павлодар облысы