Кеше Мәжілісте палата төрағасының орынбасары Альберт Раудың төрағалығымен «Жаңа өнеркәсіптік саясат – өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп, ел экономикасының одан әрі даму мәселелері мен бағыттары талқыланды.
Кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау мемлекет тарапынан жаңа бағдарламалар іске қосылып, үкімет пен мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шараларына қарамастан, елдің жалпы ішкі өніміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі әлі де өте төмен деңгейде қалып отырғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңдағы ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу, сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет екенін атап өтті. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша тоқталды. Осыған орай соңғы жылдары бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске асырылып, 2023 жылдың наурыз айында 2023-2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Алға жылжу бар, көрсеткіштер жақсарып келеді. Алайда өңдеу саласының деңгейі әлі де біз күткен межеде емес. Біз бүгін осы толғақты мәселені талқылайтын боламыз, – деді ол.
Үкімет сағатында негізгі баяндаманы жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде бәсекеге қабілетті, өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін құруды мақсат тұтқан индустрияландыру саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, ол аталған саясатты іске асырудың құқықтық негізін, саланың басымдықтары мен іске асыру құралдарын айқындаған. Осы орайда ел экономикасында тіркеліп жатқан оң нәтижелерге тоқталған министр депутаттар назарына бірқатар нақты санды ұсынды.
– Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің үлесі ағаш өңдеу секторында – 38%-ға; машина жасау саласында – 25,4%-ға; жеңіл өнеркәсіпте – 12,2%-ға және құрылыс индустриясында 6,1%-ға артып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылға қарағанда 11,2%-ға көбейіп, 1,7 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуіне өзге көлік құралдарын өндірудегі инвестициялардың 7 есеге (теміржол машиналарын жасау: локомотивтер, вагондар, жартылай вагондар, платформа); киім өндіруде 5,6 есеге; жиһаз өндіруде 4 есеге; автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінде 3,5 есеге ұлғаюының арқасында қол жеткізілді. Өткен жылдың 12 айындағы көрсеткіш бойынша өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты 25,3 млрд долларды құрады, – деді Қ.Шарлапаев.
Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту екенін айтқан ол бұл мақсатқа инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шараларды іске асыру есебінен жоспарлы түрде қол жеткізілетінін мәлімдеді. Жоғарыда аталған әр сала бойынша жеткен жетістіктерге жекелей тоқталған Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде өсім деңгейі қандай болатынын айтты. Оның сөзінше, алдағы алты жыл ішінде өндіріс көлемі екі есеге (21,6 трлн тг); өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны 2,8 есеге, яғни 31,5 трлн теңгеге дейін, еңбек өнімділігі 82,1 мың долларға дейін, негізгі капиталға инвестициялар жыл сайын 3,5 трлн теңгеге дейін өсетініне сенім білдірді.
Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов қосымша баяндама жасап, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды тиімді іске асыру, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі мәселелеріне тоқталды. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер көптен күткен заң қабылданғанымен, оның тиімді іске асырылуында проблемалар барын айтқан депутат: «Жұмыс істеп тұрған 13-ке жуық салалық бағыттың барына қарамастан, жоғары технологиялық салаларды дамыту машина жасау, химия және фармацевтика төңірегінде жүргізіліп жатыр. Заңмен мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін оңайлату үшін «бір терезе» қағидаты енгізілді. Бірақ бұл қағидат толыққанды жүзеге асырылмады. Мәселен «бір терезе» қағидаты бойынша функцияларды негізінен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақинвест» АҚ ішінара орындап жатыр. Бірақ оның барлық мемлекеттік қызметтерді ұсынуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл уәкілетті органның, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің заңнамалық нормаларды жүзеге асырудағы үлкен кемшілігі болып отыр. Сондықтан ол Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеуді жеделдетіп, беріліп жатқан қызметтердің, қаржыландырудың, өнеркәсіптік сектордағы жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуі қажет», деді.
Нұртай Сабильянов елімізде 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 587 млрд теңге сомасына 163 жаңа жоба іске асырылғаны туралы министрлік дерегін келтіріп, алайда олардың әлі толық шамада жұмыс істемегенін сынға алды.
– Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаражат алған көптеген компаниялар тек көлік пен техниканы (780 жоба немесе 49,5%) сатып алған. Бұл өнеркәсіп саласының дамуымен тікелей байланысты емес. Осыған байланысты жаңа жобалар мен бастамаларға жыл сайын қаражат бөлудің орындылығы туралы мәселе туындап отыр. Алдымен, бар жобаларды іске қосып, нақты нәтижелерін, тиімділігін көрейік. Содан кейін ғана жаңа жобаларды қаржыландыруды жалғастыру керек деп санаймын, – деді Мәжіліс депутаты.