«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шығысқазақстандықтар белсенділік танытып, 20 мың көшет отырғызды. Бұл күні өскемендіктер Қазақстан тауына өрлейтін соқпақтың бойына қайың мен шырша екті.
Қазірде облыс көлемінде көгалдандыру жұмысы қарқын алып келеді. Жалпы, биылдың өзінде 123 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Әлбетте көшетті отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптау жұмыстары да жоспардан тыс қалған жоқ.
Қазақстан тауы – жаздың күні көпшіліктің серуендейтін бірден-бір жері. Мұнда ел жаяулатып шығып, тау биігінен қаланы тамашалайды. Ұшар басында желбіреп тұрған көк туымыз және бар. Иә, бұл биіктен қаланың барлық бөлігі көрінеді. Осындай көрікті жерді көгалдандыру мақсатында көшет егілгені өте құптарлық іс болған. Айта кетерлігі, көшет екпес бұрын таудың маңайына сенбілік жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында игі шаруа атқарылды. Оған облыс әкімі Ермек Көшербаев та атсалысып, шырша мен қайың отырғызды.
– Отанға, еліне деген махаббат тазалықтан және еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан бүгінгі бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Ермек Беделбайұлы.
Бүгінгі шарада үлкен жұмыс атқарған еріктілер мен Өскемен орман шаруашылығы қызметкерлері екенін де атап айтқан жөн. Тіпті мектеп оқушыларына дейін келіп, ерікті түрде тал еккен.
– Табиғатты аялауға бағытталған шараға бәріміз бір кісідей қатыстық. Шырша егілді. Бұл кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге деп білемін. Жыл сайын тал егуді дәстүрге айналдырсақ, айналамыз жасыл желекке оранып тұрады. Балаларымызбен, немерелерімізбен келіп демаламыз, – дейді орманшы Мұрат Раисов.
Шығысқазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысуда белсенділік танытты. Мұндай шара облыстың әр ауданында өтіп жатты. Акцияның бірінші апталығы «Таза өлке» аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды.
«Киелі мекен» апталығында 161 қоғамдық орын, сквер және 136 ескерткіш тазаланды. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасында облыстағы ардагерлер мен қарттардың ауласы тазаланып, сенбіліктер өтті. Ендігі кезекте «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазалаудан өтпек.
Өскемен