АТЫРАУ. 9 қаңтар. Атырау облысының құрметті азаматы атағына ие болғандар қатары заңгерлермен толықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мұндай құрметті атаққа бұған дейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан белгілі тұлғалар ие болған еді. Облыстық мәслихаттың өткен жылғы желтоқсандағы шешімімен сот саласын дамытуға елеулі еңбек сіңірген қос заңгер – Ирак Елекеев пен Қалидолла Шаухаровқа Атырау облысының құрметті азаматы атағы берілді. Өйткені, қос заңгер Атырауда да ұзақ жыл қызмет атқарған. Мәселен, бірнеше жыл облыстық әділет басқармасын абыройлы басқарған Ирак Елекеев Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланып, заң шығару ісіне белсене араласты. Ал бұрын облыстық сотқа төрағалық еткен тәжірибелі заңгер Қалидолла Шаухаров Жоғарғы соттың судьясы ретінде әділ сот үкімін шығаруға лайықты үлесін қосып келеді.
Абыройлы қызметімен елге танылған заңгерлерге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құрметті атақтың куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: egemen.kz.