Соңғы күндері еліміздегі елеулі өндірістік жаңалықтың бірі – «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бірінші өлшеу станциясын төмен қысымға ауыстыру арқылы тиісті қысымды көтеру жүйесін (ҚКЖ) пайдалануға бере отырып, Теңіз мұнай кен орнында Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару (ҰЕҚБЖ) жобасының нысандарын қауіпсіз түрде эксплуатациялауды бастады.
Бұл – жалпы Теңізде өндірісті кеңейтудің жобасындағы айтулы кезең. ҰЕҚБЖ – ұңғымалардың ернеуіндегі қысымды төмендету және кейіннен қолданыстағы зауыттарға қысымды арттыру есебінен Теңіздегі көмірсутектерді өңдеу зауыттарының жұмысын толық қуатта (жылына шамамен 28 млн тоннаға дейін) ұстап тұруға арналған. Қосымша ҚКЖ компрессорлары іске қосылып, қалған өлшеу станциялары осы жылдың соңына дейін қайта жабдықталмақ.
Сонымен қатар ТШО-ның «Келешек өндірісті кеңейту жобасының (ККЖ) соңғы кезеңі 2025 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл ТШО-ға Теңізде шикі мұнай өндіру көлемін жылына тағы 12 миллион тоннаға (күніне 260 000 баррель) ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Бұл біздің Келешек кеңею жобамызды қауіпсіз аяқтаудағы маңызды қадам, сондай-ақ біздің негізгі өндірісіміздің Теңізде сенімді жұмыс істеуіне көмектеседі. Бұл межеге қол жеткізу ҚР Үкіметінің және басқа да көптеген маңызды мүдделі тараптардың, соның ішінде серіктестеріміздің, мердігерлік ұйымдардың, бізбен жұмыс істейтін қауымдастықтардың, дарынды мен жұмыстарына адал қызметкерлеріміздің тұрақты қолдауынсыз жүзеге аспайтын еді», деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
Бүгінгі таңға дейін ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы аясында ТШО отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 18 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Сонымен қатар 4 000-ға жуық жергілікті жұмысшы ҚКЖ жобасына өз үлесін қосу үшін арнайы дайындықтан өтті.
«Мен халықаралық компаниялармен әріптестік пен технологиялар алмасуының нәтижесінде құнды тәжірибе жинақтаған отандық компаниялардың жетістіктерімен мақтанамын», деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов.
«Теңізшевройл» ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын қауіпсіз аяқтауға жәрдемдесу үшін өз серіктестері мен ҚР Үкіметімен ынтымақтастықты жалғастырады.
АЛМАТЫ