Маңғыстауда «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны қарқынды жүріп жатыр. Науқан аясындағы «Жасыл аймақ» аптасында облыс бойынша 2 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 49 саябақта жасыл желекті көбейту және күтіп ұстау, қорын молайту бойынша жұмыстар атқарылды.
Нақтырақ айтсақ, 20-27 сәуір аралығында Ақтау қаласында – 250, Жаңаөзен қаласында – 480, Мұнайлы ауданында – 600, Маңғыстау ауданына – 150, Бейнеу ауданында – 150, Түпқараған ауданында – 150, Қарақия ауданына 150 ағаш отырғызу жоспарланған еді.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов 2022 жылдан 2027 жылға дейін 5 жыл мерзімге жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын Ақтау қаласын көгалдандыру бойынша мемлекет-жекешелік әріптестігі қағидатына көшу туралы шешім қабылданып, «Green City Aktau» ЖШС-мен келісімшарт жасақталғанын айтты.
– Жоба аясында жапырақты ағаштардан – 20 905, қылқан жапырақты ағаштардан – 11 750, сәндік бұталардан – 1 460, бұталардан – 24 мың, гүлзарлардан – 652 500, раушан гүлдерінен – 18 мың дана көшет, 5 мың шаршы метр көгал егу жоспарланған. 2024 жылы жасыл желектер аумағын көбейту мақсатында қала аумағына 7 231 ағаш, 4 мың шаршы метр бұта, 300 дана сәндік бұта, 900 шаршы метр раушан гүлдер, мың шаршы метр көгал, 3 182 шаршы метр біржылдық гүлдер егу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, 800 жапырақты ағаш, 900 қылқан жапырақты ағаш, 1 300 раушан гүл, 5 700 дана бұта отырғызылды, – деді ол.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша ағаштарды есепке алу мақсатында құны 107 млн теңге тұратын дендрологиялық жоспар жасақталып жатыр. Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағы директоры Ақжүніс Иманбаева еліміздің бірінші рет өсімдіктердің көгалдандыруына мониторинг жүргізу енгізіліп, үш жылдан бері Ақтау қаласы бойынша мониторинг жүргізіп келе жатқанын жеткізді.
– Былтыр наурыз айынан бастап жасыл желектердің жағдайын, олардың биологиялық ерекшеліктерін, жалпы урбанизацияланған аумақта өсетін өсімдіктердің биологиясына сипаттама бітіріп, жай күйін көрсететін дендрологиялық жоспар жасақталсын деген пункт енгізілді. Қала бойынша кейінгі екі жылда қылқанжапырақты ағаштар 4 600-ден 10 мыңға дейін өсті. Ағаш тектес өсімдіктер де 30%-ға дейін өсті. Дендра бойынша 5 жылға жоспар жасақтадық. Дендрологиялық карта жоспарлы түрде жұмыс істеу үшін қажет. Ағаштардың, гүлдердің нақты қай жерге егілу керектігі жөніндегі факторлар ескеріліп, экологиялық картада көрсетіледі. Оны кез келген уақытта, кез келген жерде қарауға болады. Біздің мақсатымыз – жалпы жасыл желектің жағдайы дұрыс болып, халықтың игілігіне қолданылуына жағдай жасау, – деді А.Иманбаева.
Экологиялық науқанға облыстағы барлық аудан, қалалар, ірілі-ұсақты ұжымдар, жастар, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым мүшелері өз үлестерін қосып жүр. Мысалы, мұнай-газ саласы ардагерлері мен студенттер Ақтаудағы геологтер аллеясына 125 түп ағаш отырғызып, бұл құрметті ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнады.
Ағаш отырғызудан басқа қоқыс жинау, сырлау, әктеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Әр ұжым өздеріне бөлініп берілген теңіз жағалауы аумағындағы қоқыстарды жинаумен бірге су тартылуы себепті қурап қалған қамыстарды шауып, көліктерге тиеп, арнайы полигонға жеткізді. Сондай-ақ Қараман ата, Еспембет ата, Бердібек ата сынды әулиелер қорымы маңайлары мен Маңғыстау аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер, туристер көп баратын көрікті орындарға сенбілік жұмыстары жүрді.
Маңғыстау облысы