Он жеті жастағы Жұмажан Балапанов халықаралық Мюнхен мектебінде оқиды. Онда ол Германиядан келген студент Джанни Самвермен танысып, «AGROTECH-ASTYK-Market» стартапын іске қосқан. Бұл – фермерлер мен өңдеуші кәсіпорындарға өнімді делдалсыз сатуға көмектесетін «B2B» маркетплейсі.
Әуелі ауыл шаруашылығындағы маркетплейс ұғымын талдап көрейік. Ауыл шаруашылығы өнімін өткізудегі онлайн-маркетплейсін елімізде биыл іске қосу ұсынылды. Яғни тауарларды ауыл шаруашылығы өндірісінен өткізу пункттеріне дейін қадағалаудың цифрлық жүйелері мен сервистері әлі толық іске қосылмаған. Егер бұл жүйеленсе, бірыңғай автоматтандырылған есепке алу базасы тауарлардың қозғалысын, өңірлік баланстарды бақылап, логистика мен сатуға дейінгі өнім қорларын қадағалайды. Бұл тізбеге 19 тауар кіреді.
Міне, экономиканың негізгі бағанының цифрландыру мен жеңілдету жүйесі енді бір жолға түспек. Ал Жұмажан мен Самвер әлдеқайда алға озып кеткен. Стартап нарық әлеміндегі сапарын енді бастаса да, үлкен сұранысқа ие. Ынтымағы жарасқан талапшыл жастардың мақсаты айқын. Жыл соңына дейін платформаны 1 млн теңгеге сату көлеміне шығаруды жоспарлап отыр. Болашақта Орталық Азия нарығын бағындырмақ ойлары бар.
– Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінен басқа салаларда маркетплейс жүйесі көп екенін, ең қажетті осы бағытта аз екенін ұқтық. Дастарқандағы өнімнің барлығын дерлік отандастарымыз өздері өсіреді. Бұл өнім қандай жолдан өтеді деген ой бәрімізге де келген шығар. Фермер егін өсіреді, содан кейін сатушыға белгілі бір бағада сатады, ол шикізатты өңдеу кәсіпорнына қайта сатады, ал олар дайын өнімді сауда орындарына жеткізеді. Осының бәрін жүйелеу, бақылау көп уақыт пен күшті талап етеді. Бағаның шектен тыс өсу қаупі де бар. Дамыған мемлекеттегі секілді неге цифрландырмаймыз деген ой келді, – дейді Жұмажан.
Жұмажан бұл ойын неміс досы Джанни Самверге айтып, ақылдасқан. Ол да – мектеп оқушысы. Дегенмен оның «Global Founders Capital-да» тағылымдамадан өткен, «Amazon Web Services-те» AI маманы ретінде тәжірибесі бар. Ал Жұмажанның «Alasko-да» тағылымдамадан өткенде жинаған қаржысы біршама еді. Соны салып, фермерлік өнімдердің маркетплейсін іске қосамын деген ниеті де болған.
«ASTYK-Market» маркетплейсі делдалдарды сату тізбегінен шығарып тастап, бағаны төмендетеді. Фермерлер өз өнімдерін тікелей сатқанда, барлық үдеріс ашық жүреді. Мысалы, сатып алушылар өздеріне оңтайлы бағаны таңдап, қолайлы шарттармен астық немесе жем сатып ала алады. Ірі астық өңдеу және ұн өндіру компаниясы бұрын фермаларды аралап, серіктес іздеп, олармен мәміле жасасуға мәжбүр болса, енді олар уақыт пен ақшасын үнемдеп, шикізатты платформадан тікелей алады.
– Бізде 100 мың долларға тауар сатып алуға дайын 7 клиент бар. Олар – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындар. Келешекте Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан компанияларды тартпақпыз. Ал ақшаны комиссиялардан табамыз. Әр мәміледен 5 пайыз аламыз. Ең жоғары комиссия – бар болғаны 50 доллар. Әлемде ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған базарлар табысты жұмыс істейді. Мысалы, Португалияда құрылған – «Agri Marketplace». Соны үлгі етеміз, – деді Ж. Балапанов.
Фермерлерге өңдеуші компаниялармен тікелей байланысу қиын. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлік бөлімдеріне, әлеуметтік желілерге, сондай-ақ Қазақстанда, Ресейде, Өзбекстанда өткізілетін тоқсан сайынғы форумдарда сұрау салады. Бірақ көбіне делдалдар арқылы сатады. Жасампаз жастар нарықтағы хаосты жойып, қалыпты өзгерткісі келеді. Құба-құп!