Қазақстан мен АҚШ азаматтарға виза беру рәсімін жеделдетуге ниетті. Вашингтонда екі елдің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Мемлекеттік департаменті арасында консулдық консультациялар өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан делегациясы СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросы Орталық Азия бойынша басқармасының директоры Брайан Стиммлер басқарды. Келіссөздер барысында тараптар көптеген мәселені, соның ішінде азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету, екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, Қазақстаннан асырап алынған балаларға бақылауды күшейту бойынша іс-қимылды талқылады. Көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтарының АҚШ-қа заңсыз көші-қонының жолын кесу бойынша бірлескен шаралар белгіленді.
Консультацияларға қатысушылар туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететін екі елдің азаматтары үшін виза беру рәсімдерін оңайлату мен жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.
Келіссөздер қорытындысында тараптар тұрақты негізде консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және арттыруға дайындығын растады.
Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан делегациясы америкалық «Winrock International» ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізіп, оның барысында заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл келешегі талқыланды.